Аймақтар • 27 Желтоқсан, 2022

Семей күнбағыс майын экспортқа шығарады

387 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Абай облысының орталығы – Семей қаласында өндіріс орындары ашылып, өңір экономикасын дамытудың жаңаша бағыты айқындала бастады. Соның бір дәлелі – қаланың шет аймағынан іске қосылған күнбағыс майын өңдейтін «Qazaq Astyk Group» зауы­ты. Кәсіпорынды «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ қаржы­ландырып, ісінің өрге басуына кеңінен қолдау көрсетіп отыр.

Семей күнбағыс майын экспортқа шығарады

Республикадағы ең ірі май зауыты саналатын өндіріс орнында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, «Бәйтерек» холдингі басқарма төрағасының орынбасары Нұрболат Айдап­келов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Алмат Әшірбеков болып, нысан жұмысымен танысты.

Күнбағыс майы зауыты былтыр шілде айында ашылған. Тәулігіне 1 мың тонна күнбағыс дақылын өңдейтін мүмкіндігі бар. Өндіріс көлемі күннен күн­ге артып келеді. Былтыр мұн­да 160 мың тонна дақыл өң­делсе, биыл жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 240 мың тон­на­ға жеткізу жоспарланған. Ал өң­делген дақылдан биыл 9 айдың ішінде 55 мың тонна тазар­тыл­маған май және 45 мың тонна шрот алынды.

Зауыт жобасының жалпы құны – 7,4 млрд теңге. Оның 5,9 млрд теңгесін Аграрлық несие корпорациясы қаржыландырған. «Qazaq Astyk Group» ЖШС несиені «Агро­бизнес» бағдарламасы бо­йынша алып отыр. Әрі бастапқы екі жыл төлемнен босатылған.

– Корпорациядан жеңілде­тіл­ген шарттармен несие ресімдеп, бұл қаржыға қымбат жабдықтар алдық. Жеңіл деп отырғаным, несиенің төлем бойынша каникулы бар. Бұл бізге үлкен көмек болды. Бүгінде соның нәтижесін көріп отырмыз, – дейді «Qazaq Astyk Group» компаниясының коммерциялық істер жөніндегі директоры Александр Буженица.

Кәсіпорында қазір 200 адам еңбек етеді. Тазартылмаған май Абай облысынан бөлек, Пав­ло­дар, Қостанай өңірлеріне, Ал­маты қаласына жөнелтіліп жа­тыр. Сонымен қатар Қытай, Өз­бек­стан, Әзербайжан секілді шетел нарығына да жол ашылды. Бірақ «Qazaq Astyk Group» зауыты бас директорының орынбасары Мақсат Құлтүрікменовтің айтуынша, өнімді ішкі нарыққа таратып, экспортқа шығару жа­йы қиындық туып тұр. Себебі теміржолда бос жүк вагондары жоқ. Мәселе биік мінберлерден бірнеше мәрте көтерілгенімен, әзірге шешімі табылмаған. Зауыт өкілі шикізат жетіспеушілігі проблемасы барын да жасырмады.

– Елде май шығаратын зауыт­тардың жиынтық қуаты – 3 млн тонна күнбағыс дақылын өңдеуге жетсе, өсірілетін дақыл көлемі 1 млн тоннадан аспайды. Әрі күнбағыс өсірушілер шикізатты Қытайға сатуды жөн санайды. Біз қазір шикізатты ел ішінен және Ресейден сатып алып жүрміз, – дейді «Qazaq Astyk Group» зауыты бас директорының орынбасары Мақсат Құлтүрікменов.

Зауыт басшылығы Ұлттық эко­номика министріне бұл мәсе­лелерді ескеріп, шикізатты ел ішін­де өңдеуді, кейін дайын өнім күйінде сыртқы нарыққа шы­ғаруды қалайтынын жеткізді. Әлібек Қуантыров бұл ретте шикі­зат экспорттаушылардың мүддесін де ескеру қажет екенін атап өтті.

– Елде ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу мен өндіруді тиісті мемлекеттік субсидиялар есебінен де дамыту қажет. Ал өнім тасымалына қатысты айтар болсам, бұл бәсекелі нарық, сондықтан кәсіпорын көлік компанияларымен өзі келісуі керек, – дейді Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Күнбағыс майы зауыты Аграр­лық несие корпорациясы қолдап отырған жобалардың бірі ғана.

– Кейінгі жеті жылдың ішінде қаржы ұйымы Абай облысының аудандары бойынша жалпы құны 20 млрд теңге болатын 15 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырған. Бұл – мал бордақылау алаңдарын құру, ет-сүт өңдеу кешендері, тауарлы-сүт фермаларын дамыту, асыл тұқымды шаруашылықтар желісін құру секілді еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің дамуына серпін беретін жобалар, – дейді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Алмат Әшірбеков.

Бұдан бөлек, 9 несие серік­тестігін қаржыландыру арқылы Абай облысында 900-ге жуық шаруа тиімді несиеге қол жеткі­зіп отыр. Жалпы, аймақта «Кең дала», «Агробизнес» және «Іскер» бағдарламалары бойынша биыл 3,3 млрд теңгенің 186 жобасы қаржыландырылды.

Енді өңірде кәсібін дөңгелетіп жүрген кәсіпкерлер үшін тиімді несиеге өтінім беру жеңілдей түс­пек. Жақында Семейде Аграр­лық несие корпорациясының Абай облысындағы филиалы ашыл­ды. Бұл Абай, Бесқарағай, Бородулиха аудандарының шаруалары үшін жолды қысқартып, уақыт үнемдеуге және бизнес процестерін жылдамдатуға мүм­кіндік береді.

Осылайша, бүгінгі таңда кор­порацияның 16 облыстық және 3 қалалық филиалы орталық ап­­паратпен бірлесіп 80 мыңға жуық ауыл шаруашылығы та­уар өндірушіге қызмет көрсе­те­ді. Биыл 15 мыңға жуық қазақ­стандық шаруалар 350 млрд тең­геге қаржыландырылған.

«Аграрлық несие корпора­циясы» АҚ – «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымы. 2001 жылдан бастап агро­бизнесті дамыту үшін тиімді шартпен жеңілдетілген несие беріп келеді. Несиелеу бағдарламалары туралы agrocredit.kz сайтынан оқуға болады.

 

Сәтжан КӘРІПБАЕВ