Сенаторлар қараған заң жобасының бірі – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы». Заң жобасындағы нормалар көптеген саладағы мәселелерді шешуге бағытталған. Атап айқанда, өңірлердің қаржылық дербестігін одан әрі арттыру үшін салық түсімдерінің жекелеген түрлерін жергілікті бюджетке беру көзделіп отыр. Түзетулер мемлекеттік сатып алудағы бәсекелестік ортаны кеңейтеді және осы саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады. Заң жобасы монополия операторларын реттеу механизмін қайта қарауды және мемлекет-жекеменшік серіктестікті іске асыру тәсілдерін жетілдіруді де қамтиды.
«Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға енгізілетін түзетулер бір көзден мемлекеттік сатып алудың негіздерін қысқартуды көздейді. Мәселен, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту және бәсекелестікті дамыту мақсатында кейбір нысандарды бір көзден сатып алу құқығы алып тасталады.
Заң жобасында «Самұрық-Қазына» қорының сатып алу қағидаларын Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен келісудің міндеттілігі көрсетілген. Өнім берушілердің сатып алу тәсіліне қарамастан сатып алуға шағым жасау құқығы да қарастырылған. Қордың холдингішілік кооперациясы шеңберінде сатып алу тәсілін алып тастау нормасы көзделген.
Бұдан басқа заң жобасында Қордың жалғыз акционерінің Директорлар кеңесінің құрамын айқындауы бойынша және Қор қызметіне ашықтықты енгізуге бағытталған түзетулер бар», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.
Сала басшысы реформаның негізгі мақсаты өңірлердің қаржылық дербестігін күшейту екенін атап өтті. Осы орайда, салық түсімдерінің кейбір түрлерін, олардың тұрақтылығы мен жинақталу қағидаттарын ескере отырып, жергілікті деңгейге беру ұсынылады.
«Бұдан басқа заң жобасында жалпы сипаттағы трансферттердің есептеулеріне берілетін ақпараттың негізділігі, анықтығы үшін бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жауапкершілігі көрсетіледі. Орталық мемлекеттік органдардың трансферттерді есептеуі кезінде қабылданған көрсеткіштерге бюджеттік мониторингті қамтамасыз ету және тиісті бюджеттік бағдарламаның орындалуы туралы талдамалық есепті қалыптастыру үшін Қаржы министрлігіне бюджеттік мониторинг нәтижелерін ұсыну көзделеді.
Мемлекеттің экономикалық функцияларын жеке монополиялық операторлардың жүзеге асыруына заң жүзінде тыйым салу жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін мемлекет 100 пайыз қатысатын заңды тұлғалардың ғана монополиялық функцияларды жүзеге асыруын көздейтін түзетулер ұсынылады», деді Ә.Қуантыров.
Мемлекеттік сатып алу рәсімдерін айналып өтуді болдырмау мақсатында мемлекет-жекеменшік әріптестік жобаларының айрықша критерийін енгізу ұсынылып отыр. Сондай-ақ нысан жекеменшікте қалатын жобалардың қатарында болса, сонымен қатар жеке серіктеске сенімгерлік басқаруға берілсе және ол коммерциялық кіріс әкелсе, онда мұндай жобалар бойынша инвестициялық шығындардың өтемақысын төлеу алып тасталады.
Бірлесіп қаржыландыру бойынша шектеу 1,5 млн айлық есептік көрсеткіштен асатын жобалар үшін енгізіледі. Бұл ретте бірлесіп қаржыландыру инвестициялардың 30 пайызынан аспауға тиіс. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жеке әріптестер ретінде қатысуына кедергілер белгіленеді.
Сенаторлар талқылау барысында заң жобасын қолдады. Алайда құжатты қарау барысында депутаттар оған бірқатар өзгерту енгізуді ұсынды. Соған байланысты сенаторлар ұсынған түзетулер енгізіліп, заң жобасын Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылданды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елге 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген рулі оң жақта орналасқан автокөліктер бойынша бастапқы тіркеу мүмкіндігін беру ұсынылды. Бұл 20 мыңға жуық азаматымызға өз көліктерін заңдастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ сенаторлар азаматтардың банктік, салықтық құпиясына қол жеткізу мәселелеріне қатысты уәкілетті органдарға негізсіз кең өкілеттік беретін жекелеген ережелерді алып тастады. Осы заң қабылданғаннан кейін халықтың әл-ауқатын жақсартуға оң әсерін тигізеді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар отырыс барысында «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Сенаторлар бұл құжатқа сот жүйесінің және «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметіне байланысты өзгертулер енгізуді ұсынды. Нәтижесінде, Сенаттың түзетулері енгізіліп, заң жобасы Мәжіліске қайтарылды.
Палата отырысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады. Ольга Булавкина өңірлердегі энергетикалық жабдықтар мен тазарту нысандарының әбден тозғанын айтып, алаңдаушылық білдірді. Сенатордың айтуынша, Көкшетау, Екібастұз, Семей және Риддер қалаларындағы кәріз құбырының 90 пайызы тозған. Ольга Булавкина Үкіметті экологиялық қауіпсіздік мәселесін шешуге шақырды.
«Еліміздегі кәріздерді тазарту қондырғылары өткен ғасырдың 50-жылдарында салынып, пайдалануға берілген болатын. Олар содан бері жаңартылған жоқ. Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауылындағы тазарту құрылысының жұмыс істемегеніне 10 жылдан асып кетті. Қазіргі кезде тазарту құрылысының орнында қирандысы ғана қалды. Аудан орталығының шайынды суы тікелей Күршім өзеніне, одан әрі ерекше мемлекеттік маңызы бар трансшекаралық Ертіс өзеніне құйылады», деді Ольга Булавкина.
Сенатор мұндай жағдай еліміздің шығысында ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша қалыптасып отырғанын атап өтті. Мысалы, Таразда кәріз тазарту қондырғысы мүлдем салынбаған. Онда уақытша тұндырғыштар арқылы қалалық ағынды су бірден сүзгі алаңына төгіледі, ал тұндырғышқа толған ағын су іргелес Костөбе және Жамбыл ауылдарындағы арнаға құйылады. Сөйтіп, қоршаған орта зиянды шығарындымен ластанып жатыр. Бұл мәселе Сенатта бұрын да көтерілген болатын.
«Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және эпидемиялар мен жұқпалы аурулардың туындау қаупін болдырмау мақсатында қалалар мен аудандардың кәріз тазарту құрылысының нысандарын жағдайы өте ауыр инфрақұрылым нысандарының аудиті тізбесіне енгізу қажет. Тазарту құрылыстарын салу, жаңғырту және реконструкциялау мәселелерін шешу үшін кәріз тазарту құрылыстарын жобалау кезінде сарқынды суды тазартуға арналған жоғары технологиялық заманауи жабдықты пайдалануды ескере отырып бірыңғай жүйелі тәсілді әзірлеудің маңызы зор», деді депутат.
Сенатор Ғалиасқар Сарыбаев еліміздің Премьер-министріне жолдаған депутаттық сауалында ауыл тұрғындарының проблемалары туралы айтып берді. Биыл Алматы және Жетісу облыстарының шекаралары белгіленді. Алдын ала есептеулер бойынша жер учаскелерін қайта тіркеуге және тиісті құжаттарды қайта ресімдеуге шамамен 3,5 млрд теңге қажет болады. Мұндай шығындар кәсіпкерлер мен ферма басшыларына қаржылық ауыртпалық түсіреді.
Сенатордың айтуынша, қазір Жетісу облысында қайта тіркеуге жататын 238 мыңнан астам нысан бар. Жер телімдеріне қайта ресімдеу жасалмаған жағдайда ауыл тұрғындары мемлекеттен өңірлерді дамытуға бағытталған субсидия алу мүмкіндігінен айырылуы мүмкін.
«Мемлекеттік органдардың шешімімен елді мекендердің әкімшілік-аумақтық құрылысы немесе шекаралары өзгерген жағдайда, жер учаскелері елді мекендер шегіне қосылған кезде жер учаскелерінің сәйкестендіру құжаттарын ауыстыру бюджет қаражаты есебінен жүзеге асады. Осыған орай, Сізден Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 46-бабы 2-тармағының 1-тармақшасына сәйкес 2023-2025 жылдарға арналған жалпы трансферттер шеңберінде республикалық бюджеттен кезең-кезеңімен қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруыңызды сұраймыз», деді сенатор.