Шынында, елорда тарихынан мағлұмат беретін еңбектер ғылыми айналымға әлі енбеген. Осы мақсатта қалалық архив қордағы деректерді қазақ әрпіне көшіріп қана қоймай, зерделемек ниетте. Жұмыс барысында 241-қор, «Ақмола округтік атқарушы комитеті Кеңестерінің жұмысшы, шаруа және Қызыл әскер депутаттары» 1927-1930 ж.ж, 244-қор, «Ақмола уездік атқарушы Кеңестерінің жұмысшы, шаруа және Қызыл әскер депутаттары комитеті» 1920-1928 ж.ж, 250-қор, «Ақмола уездік революциялық комитеті» 1919-1920 ж.ж материалдары қаралды.
Нәтижесінде, аталған құжаттардың өлкетанушылар мен зерттеушілер үшін аса маңыздылығы ескеріліп, «Қарақойын болысына қатысты кейбір архив деректері» атты жинақ жарыққа шыққан. Бұл кітап бұрынғы Қарақойын болысының тарихынан сыр шертеді. Құжаттарды қазақ әрпіне көшіру барысында қысқартылған сөздер сол қалпында беріліп, түпнұсқадағы жазу стилі сақталған. Сонымен қатар Қарақойын жеріндегі тарихи ескерткіштерді түсірген Д.Тілеуғабыловтың фотоларымен толықтырылған.
Жинақтағы құжаттар хронологиялық және тақырыптық ретте жүйеленіп, бір бөлігі ғылыми айналымға алғаш енгізіліп отыр. Атап айтсақ, кеңестік дәуірдегі Ақмола, Атбасар өңірінің Қарақойын болысына қатысты мәселелер қамтылған жиналыс хаттамалары, ашыққан халыққа көмек жіберу, ауылдардың атауларын өзгерту, мектеп пен дүкен ашу және басқа мәселелер көтерілген жазба деректер анықталған. Олардың арасында 1922-1923 жылдардағы Қарақойын болысына қарасты ауылдар мен тұрғындардың реттік саны көрсетілген.
Сондай-ақ жинаққа 1924-1929 жылдардағы Қарақойын болысындағы сауатсыздықпен күрес, ауыл мектептерінің ашылуы, күштеп ұжымдастыру, алғашқы ұжымдық шаруашылық, мал шаруашылығының дамуы туралы құжаттар да еніп отыр. Қордағы деректерден болыстың әкімшілік аумағының өзгеріске ұшырағанын байқауға болады. 1923-1924 жылдары аумағында Майлыкөл, Керей, Қарабұлақ, Жаңа Теңіз, Қарақойын фельдшері, Сарыкөл ауылдары болса, 1928 жылы бізге таныс Жалманқұлақ ауылын ғана көре аламыз.
Жалпы, оқырман үшін бұл басылым ел тарихының кейбір көлеңкелі тұстарымен танысуға, ал құрастырушыларға архив қорындағы мәліметтер мен деректерді ғылыми айналымға енгізуге мүмкіндік береді.