Өнер • 28 Желтоқсан, 2022

«UMAI» ұлттық сыйлығының жеңімпаздары

253 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ел астанасында биыл тұңғыш рет ұйымдас­тырылған өнер саласындағы үздіктерді іріктейтін «UMAI» ұлттық сыйлығының иегерлері анықталды.

«UMAI» ұлттық сыйлығының жеңімпаздары

Бес айға созылған додаға рес­публиканың түкпір-түкпірінен 400-ден астам өтінім келіп түскен. Ауқымды сыйлықтың иегерлерін марапаттау рәсімі «Астана Опера» театрының Үлкен сахнасында «Оскар» форматында өтті.

Салтанатты жиынға қатысқан Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев ұлттық байқаудың барлық қатысушысын құттықтап, өнер саласының өкілдеріне үлкен шығармашылық жолда жаңа жетістіктер тіледі. Көптің арасынан үздік шыққан он тоғыз лауреат «UMAI» мүсіншесі мен қаржылай сыйлыққа ие болды.

 «Елімізде тұңғыш тағайындалып отырған UMAI ұлттық сыйлығының жеңімпаздарын, өнер саласындағы жыл үздіктерін анықтауға арнайы жиналып отырмыз. UMAI ұлттық сыйлығы – сахна арқылы санаға төңке­ріс жасайтын, жүректерден ізгілік іздейтін нағыз өнер майталмандарына арналған. Өздеріңіз білесіздер, кез келген адам күнделікті күйбеңнен өзін тек театр, би, сурет, музыка, әдебиет арқылы ғана құт­қа­ра­ды. Сондықтан бұл сыйлықтың маңызы біз ойлаған­нан әлдеқайда тереңде деп санаймын. Барша жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймын!» деді Дәурен Абаев.

Айта кетейік, жеңімпаздарды комиссия мүшелері анықтады. Барынша әділ төрелік жасау мақсатында қазылар алқасының есімдері соңғы сәтке дейін құпия болып қалды.

Сонымен аталған сыйлықтың «Театр өнері» аталымы бойынша «Опера өнері» – ерлер партиясының үздік орындаушысы – «Астана Опера» театрының жетекші солисі Медет Шотабаев (Каварадосси партия­сы, «Тоска», Дж. Пуччини), Әйелдер партиясының үздік орындаушысы – «Астана Опера» театрының жетекші солисі Жұпар Ғабдуллина (Аида партиясы, «Аида», Дж. Верди) жеңімпаз атанды. «Актерлік шеберлік» – Үздік ер адам рөлі үшін сыйлықты Ғалымбек Оспанов алды (Генри Хиггинстің рөлі, Б.Шоудың «Менің сүйікті періштем» пьесасы бойын­ша, режиссері – А.Оразбеков, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театры). Ал Үздік әйел рөлі үшін сыйлық Ольга Коржеваға бұйырды (Марина Цветаеваның рөлі, «ARS Amandi. Махаббат өнері». Режиссері – Г.Ефимова, Н.Сац атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік академиялық орыс театры).

«Үздік режиссура» – У.Шекспирдің «Король Лир» қойылымы үшін Фархат Молдағали (Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған Қазақ мемлекеттік академиялық театры) марапатталды. Сондай-ақ «Спектакльдің үздік көркемдік безендірілуі» – Софья Тасмағамбетова (Павел Драгунов. Е. Рахмадиевтің «Алпамыс» операсы, «Астана Опера»мемлекеттік опера және балет театры), «Үздік музыкалық-драмалық спектакль» – «Бөрте» (Д.Исабеков. Түркістан музыкалық-драма театры) үздік деп танылды.

Одан бөлек бес сыйлық «Хореография өнері» аталымы бойынша табысталды. «Үздік би ұжымы» – «Аққу» би ансамблі (жетекшісі – Гүлнара Мәмбетова, «Ене тәрбиесі» биімен. Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясы), «Балеттегі үздік орындаушы» – Үздік солист – Айнұр Әбілғазина (Астана Балет» театры), Үздік солист – Азамат Асқаров (Абай атындағы Қазақ ұлттық академиялық опера және балет театры) атанды. «Үздік хореограф» – Мұқарам Әбубахриева («Сұлтан Бейбарыс» балеті, «Астана Балет» театры), «Үздік балет қойылымы» – «Дала қоңырауы» (2 бөлімнен тұратын балет, композиторлар – Қ.Шілдебаев, Р.Гайсин, Т.Момбеков, К.Пино-Кинтана, көркемдік жетекшісі – Алтынай Асылмұратова, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры) үздік шықты.

Сонымен қатар «Музыкалы-орындаушылық өнер» аталымының жеңімпаздары үш марапатқа ие болды. Атап айтсақ, «Үздік дәстүрлі орындаушы» (ән айту) – Диас Мұратхан («Алатау» дәстүрлі өнер театры, Алматы), «Үздік дәстүрлі орындаушы» (аспапшы) – Жанғали Жүзбай (Қазақ ұлттық өнер университеті, Астана), «Үздік музыкалық ансамбль» – DUET CLASSIC Ермек Құрманаев /
Анара Камельинова (Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы, Алматы, Қазақ ұлттық өнер университеті, Астана) оза шапты.

Ал «Бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер» аталымында үш сыйлық табысталды. «Үздік сәндік-қолданбалы өнер туындысы» үшін – Сәуле Бапанова (киізден жасалған коллекция. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академия­сы), «Суретшінің / графиктің үздік жұмысы» – суретші Вячеслав Лю-Ко «Ұмайдың оралуы» (графика), «Заманауи өнердегі үздік жоба» үшін – Сәкен Нарынов («Алтын жүрек» жобасы, Сәулетшілер одағы) жеңімпаз атанды.

«Үздік балалар спектаклі үшін» арнайы жүлдесін жариялау үшін жеңімпаздардың есімі жазылған конвертті символдық түрде Балалар жылында балалар сахнаға алып шығып, ашты. Бұл марапатқа Қазақ ұлттық хореография академиясы Рикардо Дригоның «Раушан бүршігі мен көбелектің романы» балеті үшін және Маңғыстау облыстық қуыршақ театры «Айжан әжесінің ертегісі» (Айжан әжесінің ертегілері), «Қайта жаңғырған өрнек» (ою-өрнекті жандандырған), «Дастарқан» трилогиясы үшін ие болды.

«Биыл біз мәдениет және өнер саласындағы көптеген жобаны іске асырдық. Umai-дан басқа, Dala Dauysy шығармашылық байқауы, «Шертпе күй» дәстүрлі музыка фестивалі, Роза Бағланова атындағы вокалистер байқауы, Astana Piano Passion жас пианистер байқауы, «Алтын домбыра» республикалық айтысы, «Еуразия» кинофестивалі, «Айбоз» әдеби сыйлығы және басқа да жобалар. Біз сөзбен айтқанда, ұлтымыздың ат үстіндегі айбынды рухын көтерген, қаламгерлеріміздің, өнер өкілдерінің шабыттарына шамшырақ болған жүйелі жұмыстар бір жыл ішінде ғана атқарылды.

Министрліктің басқа да салаларына, яғни спорт пен туризмге қатысты қолға алынған іс-шаралары да жетерлік. Өз кезегінде, осы іргелі істерді бірлесіп атқарған барлық әріптеске айрықша алғыс білдіргім келеді. Келесі жылы мұндай жобалар одан да көп болады», деп түйіндеді Дәурен Абаев.

Айта кетейік, үлкен шоу-бағдарламаға дейін театр фойесіне сурет және эскиздер көрмесі қойылды, ал өнер майталмандары қызыл кілем үстінен жүріп өтті.