Парламент • 28 Желтоқсан, 2022

Нейрохирургия орталығы: игілікті ізденістер

226 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшім­баев бастаған Палата депутат­тары Ұлттық нейрохирургия орта­лығына барып, меди­ци­налық ны­санның негізгі құры­лым­дарының жұмысымен танысты.

Нейрохирургия орталығы: игілікті ізденістер

Мәулен Әшімбаев қазақстан­дық­тардың денсаулығын жақсартуда, ден­саулық сақтаудың сапасы мен қолже­­тімділігін арттыруда Ұлттық нейро­хи­рургия орталығының рөлі зор екенін айтты. Бұл сала мемлекетіміздің әлеумет­тік саясатының маңызды бөлігі екені белгілі.

Сенат төрағасы алдағы уақытта елімізде осы саланы дамыту жұмыстары одан әрі жалғаса беретінін және медициналық қызметкерлерді қолдау үшін барлық тиісті шара қолға алынатынын атап өтті.

«Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласына үнемі баса мән беріп келеді. Денсаулық сақтауға бөлінетін қаржы көлемі де ұлғая береді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жетілдіріледі. Қазіргі таңда халық тарапынан аталған сақтандыру жүйесіне қатысты түрлі сыни пікір жиі айтылып жүр және олар негізсіз емес. Бүгінде 3 млн-ға жуық азаматымыз медициналық сақтандырудан тыс қалып отыр. Сондай-ақ алдағы уақытта дәрігер мәртебесі заңмен бекітіледі. Ме­дициналық қызметкерлерді қорғау және қолдау шаралары күшейіп, маман­дық­тың мәртебесі арта түседі. Мем­лекет басшысының тапсырмасымен жыл сайын медициналық қызмет­кер­лердің жалақысын ұлғайтуға қатысты шаралар қабылданып жатыр», деді М.Әшімбаев.

Аталған іс-шара барысында сена­торларға радиология және радиохирургия бөлімшесінің жұмысы туралы мәліметтер берілді. Мұнда заманауи «Гамма-пышақ» кешені орнатылған. Ол күрделі нейрохирургиялық ота жасауға арналған.

Орталық төрағасы Серік Ақшо­ла­қов­тың айтуынша, «Гам­ма-пышақ» ісік­терді, қан тамырлары мен функ­цио­налдық ми ауруларын емдеу үшін қолда­нылады. Бұл жағдайда мидың сау тіндері және науқастың бүкіл денесі сәу­леленбейді. Сонымен қатар депутат­тарға госпитальдық фармация бөлім­шесінің қызметі таныстырылды. Онда емдеу­дің тиімділігін және дәрілік заттарды пайдаланудың ұтымдылығын артты­руға мүмкіндік беретін технологиялар бар.

Кездесуге Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшелері Ақмарал Әлназарова және Бақытжан Жұмағұлов, еліміздің Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, сондай-ақ орталықтың қызметкерлері қатысты.