Қазақстан • 28 Желтоқсан, 2022

Қазақстандағы тұлғатанудың өзекті мәселелеріне арналған конференция өтті

770 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Орталық мемлекеттік архив» және «Ғылым ордасы»  мамандарының ұйымдастыруымен көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Ыдырыс Көшкіновтің туғанына 125 жыл толуына орай «Қазақстандағы тұлғатанудың өзекті мәселелері және Ыдырыс Көшкінұлы» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, «Ыдырыс Көшкінов: Құжаттары мен материалдар жинағы» таныстырылды.

Қазақстандағы тұлғатанудың өзекті мәселелеріне арналған конференция өтті

Жиын барысында Президенттің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды. «Ыдырыс Көшкінов еліміздің бірнеше облысын басқарып, ел мүддесі үшін күрескен айтулы тұлғалардың бірі. Осындай кезеңде ел үшін еңбек еткен арыстардың есімін есте қалдыру, елге еткен қызметін жан-жақты дәріптеу жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу үшін қажет. Ы.Көшкінов және тұлғатанудың өзекті мәселелеріне арналған жиынның мән-маңызы зор. Күрделі кезеңде ұлт мүддесіне қызмет етіп, басын бәйгеге тігіп, жанкештілікпен еңбек еткен тұлғаларды ұлықтау біздің парызымыз» делінген құттықтау хатта.

Жиын модераторы, Орталық мемлекеттік архив директоры Сәбит Шілдебай атап өткендей, ХХ ғасырдың 20-30 жылдары әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметтерде болып, қазақ халқы үшін ерен еңбек сіңірген Ыдырыс Көшкіновтың қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі бүгінде терең зерттеуді қажет етеді. Осы кезеңде Ы.Көшкінов дәрежесінде еңбек еткен қайраткерлердің, тарихи тұлғалардың көпшілігі бүгінде өз дәрежесінде зерттелмей келеді. Өкінішке қарай олардың ұлт мүддесі жолындағы қызметі зерттеушілердің назарынан тыс қалды. Осы орайда «Ыдырыс Көшкінов: Құжаттары мен материалдар жинағының» жарыққа шығуы «Ыдырыстануға» қосылған сүбелі үлестің бірі саналады.

Айтулы шара барысында Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш, «Ғылым ордасы» директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары Нұрлан Сейдін, Алматы облыстық ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық даму орталығы» КММ басшысы Ерасыл Толымбекұлы, Алматы облысы Кеген ауданы, Ұзынбұлақ ауылындағы Ыдырыс Көшкінов атындағы мектептің директоры Абай Хасенов қатысып, тұлға есімін дәріптеуге байланысты қолға алынған әрі атқарылған істерге байланысты пікірлерін ортаға салды.

«Ыдырыс Көшкінов: Құжаттары мен материалдар жинағы» құрастырушылардың бірі, тарих ғылымдарының кандидаты Рашид Оразов «Ыдырыс Көшкіновтың өмірі мен қызметіне» қатысты баяндама жасап, қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі, қуғындалуы, Қазақ ұлттық автономиясын құру идеясы, Жетісудағы жер-су реформалары, Орта Азия мен Қазақстандағы ұлттық-мемлекеттік межелеу және қазақ жерлерінің бір республика құрамына бірігуі жолындағы еңбектеріне кеңінен тоқталып өтті.

Қайраткердің қызы Рая Ыдырысқызы отбасы ғана емес, ел басына туған сол бір қиын жылдармен байланысты естелігімен бөлісіп, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.

Жиын барысында Ш.Уәлиханов атындағы Тарихы және этнология институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары Шәмек Тілеубаев, тарих ғылымдарының докторы Светлана Смағұлова және  басқа да ғалымдар Ыдырыс Көшкіновтың қудалануына, шығармашылығына, сол кезеңдегі саяси жағдайларға қатысты баяндама жасады. Сонымен бірге   журналист Салтанат Бакееваның «Ұлт үшін туған Ыдырыс»  деректі фильмі көрсетіліп,  Орталық мемлекеттік архиві мен Орталық Ғылыми кітапхана қорларынан түпнұсқа архив құжаттарының, кітап, газет-журналдар көрмесі ұйымдастырылды.

н

 

АЛМАТЫ