Руханият • 30 Желтоқсан, 2022

Міржақып эпопеясы

991 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Міржақып десе – «Оян, қазақ!», «Оян, Қазақ!» десе – Міржақып еске түседі. Соны санаға орнықтырып, бекіте түсер сериал дүниеге биыл келді десек, артық айтқандық емес шығар. «Қазақстан» ұлттық арнасының тапсырысымен түсірілген «Міржақып. Оян, Қазақ!» сериалы жарыққа шыққалы елдің ықыласына бөленді. Жақсы пікірлер айтылды. Біз туынды басталған бетте «ойбуй, «Ахмет. Ұлт ұстазы» сериалында ойнаған Міржақыптың өзі дұ­рыс еді-ау» деп қылп ете қалғанбыз. Сөйтсек, шығармашылық топ қате­лес­пепті. Ең бастысы, Жақаң (Міржақып Дулатұлы) рөлін сомдайтын әртіс­ті о баста, Ахмет Байтұрсынұлын түсіргенде жаңылмай дәл тапқан. Бас­ты рөлді сомдаған Бақыт Қажыбаев бұл жолы да алып шыға алған Жақаңды.

Міржақып эпопеясы

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Тағы сол орайда, өзін Міржақып атап, мал тауып жүрген Базарбек Бә­дел көпшілікке қарата Жақаңның мақала­сының тілімен сөйлеп кететін тұсы бар. Сонда ойлағанбыз: «заманауи дүниеге ол заманның тілін де байқап әкелу керек-ау, көзі қарақты оқығандар болмаса, көпшілік «мынасы несі?» деп жаба салуы әбден кәдік», деп. Сөйтсек, ниеті арам әлгі Базарбегіңіз Міржақыпты түгелімен жаттап алған қу екен ғой. Демек, кино басында шығармашылық топтың олай еткені ұтымды шыққанға ұқсайды. Оқиғалар легін шиеленістіре түсу үшін. Себебі, «бұл қалай болды?» деп отырғанда, бір шеттен Жақаңның асыл бейнесі жарқ ете қалады. Тура сол тұста шын Міржақыптың сабақ беріп жатқанының өзі жалт қа­ратады. «Оқығандар қазақтың тұрмысы мен өмірінен ажырамау керек» деген Міржақыптың өз сөзі болса керек. Бұл – бүгінде мәнін жоймаған сөз. Ұлттық таным мен ойлау содан бас құ­раса керек. Тек қана білімнен емес. Жоға­рыдағыдай оқиғаны ойнатып бас­тап, бұрылыс жасау режиссер Мұрат Ес­жан бастаған шығармашылық топтың ұт­қырлығы десек, Жақаңның жазып кеткен өз сөзін орнымен қолданып, ак­тер­дің аузына салу – бұл енді сөз жоқ, сценаристердің еңбегі. Жақаңның сөзін тірілту, оның жазғандарының те­реңіне шому – сериалдың әр тұсынан ұш­қын атады. Әсіресе Алаш арысының бойындағы тазалық пен өжеттікті, ақыл мен қайратты қапысыз танытатын тұстар Жақаңның өз сөздерін аузына салғанда немесе ол кісінің ойынан бас құраған лепестерді жеткізгенде туындының түпкі мұраты айқындала түседі. Бұл ретте туындының сценариін жа­зу­шы Ұларбек Нұрғалымұлы мен Мұ­рат Есжан және Ұшқын Сәйдірахман ең­бектерін атаған жөн шығар.

Қызылжардан Омбыға аттанған Жа­қаң­ның көп жылқы арасынан жүйрігін (Алагөз) тануы әдемі емеурін. Емеурін ғана емес, бұл тұтас сериалдың өзегі іспеттес. Жылқы – қазақтың жаны. Мір­жақып айдалар алдында жүйріктің сіле­кейін өзімен ала кетуін сонымен түсін­діруге болады. Жақаң қайтқанда жануары қо­раны бұзып шығып, бостандыққа жө­неледі... Алагөз мұнда қастерлі мәнге ие.

Омбыда Жақаң Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлымен кездесудегі әрбір диалогтің астында алапат мән бар. Әлихан Бөкейханға Мұхамедияр мыстан «сонда... қазақ жеке жұрт болып кетудің орайы туып тұрғаны ғой, ә?» деп қойып қалатыны бар ғой. Ал Әлекеңнің оған «қазақ өз алдына ел болып қана қой­май, қандай ел болудың үлгісін тарихта әлденеше көрсеткен жұрт емес пе?!» дейді. Ақаң қостап басын шұлғиды. Сатқын Мұхамедияр біртүрлі пұшайман боп үндемей қалмай ма? Әлекеңнің бұл сөзі Мұхамедияр бастаған сол кездегі барлық сатқынға ғана емес, тарихи, ұлт­тық санадан жұрдай осы күнгілерге де қарата айтылған жауап. Ендігі ұрпақ Әлекең айтқан әлгіндей санамен өсуі тиіс. Бұдан бөлек, бұл отырыста Барлыбек Сырттанұлы жасаған «Қазақ елінің уставы», Жақаңның «Оян, Қазақ» кітабын кеңірек тарату жайы, Омбыдағы қазақ жастарын дұрыстыққа (елдік мүдде) бағыттауға қатысты тағы басқа көптеген сөздерден Алаш мұраты мен азаттық идеясы айқындалып, сериалдың түпкі мақсаты бой көрсетеді. Айтпақшы, дәл осы тұста Міржақыптың соңына шам алып түскен НКВД жендеттері оның жаз­баларын ақтарыстырып, түпкі ойын тануға кірісіп кеткен. Туынды осылай бір­ден ширыға бастағанда, мына заманда Жақаңнан қалған жалғыз қыз – Гүлнар апай­дың әкесі ақталады деген үміті көк­ке ұшып, қайғысы қалыңдай түседі. Көптеген арыстар ақталғанда, жалғыз Жақаңның ақталмай қалуы – соңындағы баласының ғана емес, тұтас ұлттың қасіреті дер едік. Гүлнар апай бұған дейін қалай күйзеліп келсе, әкесі ақталмай қалған күні тірідей тағы бір өлген болады. Ақырында тура туған күнін атап өтіп жатқанда, бас прокурор Дулатұлын ақтау туралы жарлықты әкелгенде, не жыларын, не күлерін білмей, «әке, біз жеңдік!» деп жарлықты кеудесіне қысқанда, кейіпкермен қоса қыстығасың. Ұлтының бақыты жолында ақ-адал тер төккен арысты ақтатып, ұрпақты жынды ғып қойған жүйеге лағынет!

Гүлнар апайға болысқан жалғыз қазақ жасы Ізбасар – жаңа ұрпақ бейнесі, олар болмағанда ұлт та, азаттық та жоқ еді. Соны­­мен қатар әлгі прокурор мырза да бір тип, жиынтық бейне. Демек, күрес әлі тынбаған. Айтпақшы, се­риал­дың тағы бір олжасы – Ізбасар ел ішінен тауып алған, Міржақып атамыз «Бақытсыз Жамалдың» кіріспесінде жазатын жырының ескі аудио­жазбасы. Ойлы тыңдарманның арқасын шымырлатса керек.

Осылайша сериал үш тарапта шиелені­седі. Алашордашылардың күрес жолы, оларға қарсы НКВД жендеттері және Гүл­­нар апай заманындағы күрес, бәрі жан-жақтан шиеленіскенде көрерменді байлап қояды. Және бірнеше деталь, түбі терең емеурін бар. Мәселен, Ақжолтай Ағыбай батырдың қылышы, Кенесары хан жорықтарының аталуы, бұлар себеп­сіз кірікпеген. Алаш идеясы да ақырып теңдігін талап еткен Кенесары хан күре­сінің жалғасы.

Жақаң мен Ғайнижамалдың махаббаты туындыны жоғары кульминацияға кө­тер­гендей әсер қалдырды. Әсіресе Ғай­ни­­жа­малға атастырылып қойған Мұ­қанмен дуэль. Үрейі ұшып кеткен Мұқан НКВД жен­­­­деттері түсіне алмай дал боп жүрген Мір­­­­жа­қып өлеңдерінің мағы­насын дуэль­ден соң та­маша «тәпсірлеп» бермеуші ме еді?

Көпшілік біле бермейтін Сейдазым Кәдірбаев, Ахметсапа Юсупов, Дінше Әділ­­дердің көрінуі де Алаш тақыры­бы­ның аясын аша түседі.

Тоғыз ай қапаста жападан-жалғыз жынданып кетпеу үшін қамырдан шахмат тастарын жасап, соны ермек қылғаны да сәтті шыққан. Әлем әдебиетінде бар сюжеттер шығарма кеңістігін кеңейтпесе, тарылтпайды. Ұлттың танымына жұмыс істеп тұр мұнда. Осы тұста, Жүсіпбек Ай­­мауытұлы мен Ахметсапаны атып, Жа­қаңды жалғыз жауып қойғанда, күн­дердің күні қарадай қиналып, темір тордан бірнеше рет айқайлайтыны бар. «Ей, мені атуды ұмытып кеттіңдер» деп. Жақаңның осы сөзі кеудеңді тіліп түседі. Сонымен қоса Жақаң өлгенін естіп, Гаяны жұбатуға келген Ахмет Байтұрсынұлының сөзі көзге еріксіз жас іркеді. Осы кезде қайран Алагөз қораның есігін тарпып ашып, кең далаға шұрқырап кетеді. Тірі жылқының қоң етін кесіп алу сынды ұлт ұмытуға айналған этнографиялық мәліметтері өз алдына бөлек әңгіме. Біз аңдап-білмеген не аңдасақ та жазу барысында еске түс­пеген тұстары бұлардан да көп-ау. Сон­дықтан кинотуын­дыны әр қазақ көру керек. Биылғы ұлт руханиятының бір табысы қайсы десе, сөз жоқ, біз осы дүниені атар едік.