10 Маусым, 2014

Шолоховтың шабытын шалқытқан Шалқар

505 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

көлі туризм орталығы бола ала ма?

001-01

Бүгінгі күні елімізде туризмді дамыту мәселелеріне баса көңіл бөлініп отыр. Тіпті, керек десеңіз, биылғы 29 мамыр күні елордамыз Астанада қол қойылған Еуразиялық экономикалық одақ шартында да оған мүше мемлекеттер арасында туризмді дамытуға да назар аударылған. Туризм елдер мен халықтарды бір-бірімен жақындастыра алатын, сонымен бірге, адамдардың тынығуы мен демалуына, рухани ой-өрісін өсіруіне баға жетпес көмегі мен пайдасын тигізе алатын игілік. Қалай дегенде де, ұлан-байтақ еліміздің кез келген түкпірінде туризмді дамытуға ыңғайлы, соған  сұранып тұрған табиғаты тамаша өңірлер жеткілікті. Соның бірі – Батыс Қазақстан облысы аумағындағы Шалқар көлі. Бұл – кезінде атақты жазушы М.Шолохов келіп демалған, шығармаларын жазған жер. Айтайын дегеніміз, бұл аймақты жабайылықтан арылтып, өркениетті демалыс орталығына айналдыру жөнінде әртүрлі әңгімелер ұзақ жылдардан бері айтылып келеді. Осындай сөздердің толастамай келе жатқанына жиырма жылға жақындапты. Алайда амал не, соның бәрі бос сөз күйінде қалып қоя беретіні өкінішті. Сөйтіп, осы кезең аралығында бұл іске ниет қойғандар көл жағалауына киіз үйлер тігіп, вагон-будкалар орнатудан әріге аса алмады. «Шалқар табиғаты» деген мемлекеттік-қазынашылық құрылым үлгісіндегі кәсіпорын құрылып еді. Оның да ғұмыры ұзаққа бара алмады. Мұның басты себебі, қаржыландыру көздерінің қарастырылмағаны. Рас, бұдан бес-алты жыл бұрын Аңқаты ауылы мен Шалқар көлін жалғастыратын жол құрылысы басталды. Араға бірер жыл салып бұл автожол Шалқар көлінің жағасында орналасқан Сарыөмір ауылына тұмсық тіреді. Сондай-ақ, аталған ауылға инфрақұрылымдық жүйелер – газ және су құбырлары, интернет желісі жеткізілді. Әйтсе де халықаралық Самара – Шымкент трассасы бойынан Аңқаты ауылы тұсына қарай оңға бұрылатын автожолдың жай-күйі төмендеп, ирек-ирек күйге түсті. Бұл демалушылар үшін қосымша қиындықтар туғызып келеді. Суы тұзды, денсаулыққа шипалы Шалқар көлінің құдыретін Батыс Қазақстан облысымен шекаралас Ресей губернияларының тұрғындары аса жоғары бағалайтынына да куә бола аламыз. Өйткені, мұнда жаз айларында Самара мен Саратовтан, Орынбордан және Татарстан мен Башқұртстаннан қарапайым тұрғындар өз көліктерімен үздіксіз келіп тұрады. Мұнда олар отбасылармен бірге апта­лап, айлап жатуға да аса ықыласты. Алай­да, амал не, абаттандырылмаған жабайы көл жағасында таяу шетелдіктерге жер­гілікті тұрғындар жамап, жасқап ұсынған киіз үйлерден басқа ешқандай жағдай туғызылмаған. Демалатын орынның сықпыты осындай болғанда, қолжетімді дәмхана, кафе мен мейрамхана бизнесі жөнінде сөз қозғаудың өзі артық. Көл жағалауында көршілес Атырау облысының кәсіпкерлері де киіз үйлер тігіп жүр. Салыстырмалы түрде алғанда, мұндағы жағдай сәл жоғары деуге болады. Міне, біздің жоғарыда Шалқар көлі туризмді дамытуға сұранып тұрған қолтық деуіміздің басты мәнісі осында. Бүгінгі материалымыздың қосымша тақырыбында көрсетілгендей, мұнда туристік кластерді дамытуға да қолайлы табиғи алғышарттар бар. Мұндай жағдайда тек жаз айларында ғана емес, сонымен бірге, қысқы кезеңде де ресейліктер мен өз отандастарымызға туристік бизнес қызметі түрлерін ұсынуға болады. Бұлай дейтін себебіміз, Шалқар көлі іргесінде Ақжайық аймағындағы ең биік нүктелер орналасқан. Орал өңірінің аумағы негізінен ұшы-қиырсыз кең жазық дала екені белгілі. Сондықтан да тау көрмеген өңір тұрғындары әлгінде айтылған биіктіктер – Сантас пен Сасайды «тау» деп атап кетіпті. Әрине, «тау» делінгенімен, аса биік төбенің рөлін атқаратын Сантас пен Сасай альпинизммен шұғылданушылар үшін тым төмен жатқаны талассыз. Алайда, бұл мүйіс шаңғы тебушілер мен шанамен сырғанаушыларға іздесең таптырмайтыны тағы да анық. Республикамызда балалар туризмін дамыту ісінің іргетасын қалаушылардың бірі – Батыс Қазақстан облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры Виктор Фоминнің пікірінше, мұнда үздіксіз жыл бойы жүргізілетін курорттық демалысты ересектер үшін де, балалар үшін де ұйымдастыруға болады. Ал облыстық «Ақжайық» туризм қауымдастығы қоғамдық бірлестігінің төрайымы Нина Пустобаева қазақстан­дықтар мен таяу шетелдіктерді ең біріншіден Шалқар көлі суының емдік-шипалық қасиеттері мен құрамы қызықтыратынын айтып берді. Әсіресе, судың табиғи түрде булануы тыныс алу мүшелері қызметінің жақсаруына жағымды әсер етеді. Денеге түскен жаралар мен жарақаттар көлге шомылғаннан кейін бір күннің ішінде қарақотырланып жазылып кетеді. Осы арадан он бес шақырым қашықтықтағы Әлжан сорының денсаулықты жақсартуға тигізетін қасиеттері өз алдына бір бөлек әңгіме. Бұл жер де қол тимеген жабайы күйінде жатыр дейді ол. Иә, Шалқар көлі аумағын тұтастай абаттандыру мен оны туристік кластер орталығына айналдырудың қажеттілігі дәл осында деп білеміз. Ең бастысы, мұнда жоғарыда айтып өткеніміздей, бұған толық табиғи факторлар бар. Яғни, көл маңында суға жүзушілерге, шаңғы мен коньки тебушілерге және шанамен сырғанаушыларға, емдік балшықты қабылдаушыларға қажетті жағдайлар қалыптасқан. Әрі Шалқар көлінің төңірегінде өсімдіктердің 530-дан астам түрлерінің болуы туристік орталық ретіндегі тартым­дылықты көтере түспек. Мамандардың мәлімдеуіне қарағанда, оның жиырмаға жуығы Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Шалқар көліндегі құс әлемі – шағалалардың шарқ ұрғаны, аққулардың айдын бетінде ақырын жылжып, жүзіп бара жатқаны кім-кімді де тәнті етері, қызықтырары хақ. Біз бүгінгі әңгімеміздің басында Шалқар көлінің маңайын абаттандыру мәселесі ұзақ жылдардан бері өз шешімін таба алмай келе жатқаны жөнінде жазған едік. Мұндай жобалар жөнінде өңір басшылары биыл да көпшіліктің көкейінде жүрген мәселені қозғады. Бұл бүгінгі күні қос тұжырымдама түрінде көрініс тауып отыр. Соған сәйкес, алдағы 2014-2020 жылдар аралығында Шалқар көлі жағалауын абаттандыру жұмыстары атқарылмақ. Тұжырымдаманы ұсынушылардың деректері мен дәйектеріне сүйенсек, 2020-2030 жылдары Шалқар бүгінгі Бурабай курорты секілді республикалық маңызы бар туристік аймаққа айналдырылмақ. Тіпті, олар дәл бүгінгі күні мүлдем орындалмайтындай көрінетін перспективалық әрі стратегиялық жоспарларды да ортаға тастады. Яғни, 2035-2050 жылдарда Орал өңірінде халықаралық маңызы бар курорттық аймақ құрылмақ. Сөз жоқ, кез келген жоба мен тұжырымдама өзінің іске асуымен және орындалуымен құнды. Бұл үшін бірінші кезекте қаржыландыру мәселелері өз шешімін табуы қажет. Айталық, жоғарыда айтылған тұжырымдама талаптары мен туристік сауықтыру кешені құрылыстарын тұрғызу жөніндегі бизнес-жоспарларға сәйкес, миллиардтаған теңге қаражат қажет екен. Талас жоқ, мұны облыстық бюджеттің мүмкіндігі көтере алмайды. Сондықтан да қазіргі күні бұл мәселені инвесторлар тарту жолымен шешу жолдары қарастырылған. Инвестициялық тартымдылықтың қажет жері де осында. Шалқар көлі секілді аймақ мұндай тартым­дылыққа ие екені де мәлім. Мұн­дай табиғи факторлар келісімі орныққан өңірге құйылған қаражат кейін өзін артығымен өтейтініне, қайтарымы арты­ғы­­мен болатынына да күмән келтіру қиын. Тұжырымдаманың биылғы жылы атқарылатын шарттарына сай Шалқар көліндегі демалысты ұтымды ұйымдас­тыруға бірінші кезекте «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бастамашы болып отыр. Олар бұл істі жеке инвес­торлармен біріге отырып, іске асыруды ұйғарыпты. Шалқар көлінің туристік кластер орталығы бола алуы жөніндегі перспек­ти­валық жайттарды қозғаған кезде ұмыт қалдыруға мүлдем болмайтын, әрі бүгінгі күні барша жұртшылықты толғандырып отырған басты бір проблема бар. Бұл – көл деңгейінің жылдан-жылға тартылып бара жатқаны. Байқауымызша, бұл жайт мемлекеттік құрылымдар мен сала мамандарын онша алаңдата бермейтін секілді. Өйткені, олардың осыған байланысты мәселе көтергенін немесе тиісті ой-пікірлер мен ұсыныстар айтқандарын естімеппіз. Бұл жағымсыз үдеріс ғылыми тілмен айтқанда, флора мен фаунаның немесе көпшілікке түсінікті тілмен айтқанда, көл маңындағы өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің біртіндеп жойылуына әкелмек. Мұндай жағдайда бұлардың қаншасы «Қызыл кітапқа» кіретінін ешкім тап басып айта алмайды. Сәл шегініс жасар болсақ, сонау сексенінші жылдары белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, елімізде мелиорация мен су шаруашылығының өркендеуіне сүбелі үлесін қоса білген майталман маман, марқұм Мұстахим Ықсанов облысты басқарған кезеңде көл деңгейі арнасынан асып төгіліп, төбедей толқындары жағаға шапшып жататынына да куә болып едік. Бұлай болатын себебі, сол жылдарда облыс басшысы гидроинженерлік шешімдер алу арқылы көл деңгейін қалыпты ұстап тұруға баса көңіл бөлген еді. Рас, көнекөз жергілікті тұрғындар көл деңгейінің он бес-жиырма жыл уақыт аралығында бірде толысып, бірде тартылу құбылысын жоққа шығармайды. Айқын ғылыми тұжырымдарға негізделмеген кейбір деректер бойынша Шалқар көлінің Каспий теңізімен жерасты байланысы бар делінеді. Бұлай болатын себебі, бақылаулар бойынша теңіз суы деңгейі төмендесе, яки көбейсе мұндай құбылыс Шалқар көлінде де байқалған екен. Үшінші жорамал – Жайық өзеніндегі бүгінгі күрделі ахуалдың көлдің тартылуына кері әсері деуге болады. Қалай дегенде де көл деңгейінің тартылу үдерісі осылай жыл сайын жалғаса беретін болса туристік кластер құру жөніндегі жобалар әншейін бос сөз болып қалмақ. Сондықтан алдағы уақытта бұл қауіптің алдын алу және оның себебі мен салдарларын анықтау үшін тиісті ғылыми-зерттеу жұмыстары қолға алынуы әрі оның қорытындысы бойынша гидроинженерлік шешімдер іске асуы қажет деп білеміз. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы. Суреттерді түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ.