Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Мына әлемді жайлап тұрған алмағайып кезеңдерде бейбіт өмірден, еліміздің біртұтастығынан артық бақыт жоқ екен. Ата-бабаларымыздың аңсаған сол арманына біз осыдан тура 30 жыл бұрын қол жеткізіп, тәуелсіз ел болдық. Біле білгенге бұл – ешқандай байлыққа баланбайтын ұлы бақыт. Иә, біз – бақытты ұрпақпыз! Тәуелсіздік алу бір бақыт, ал оны баянды ету әрқайсымызға одан да зор жауапкершілік жүктейді. Жер- жаһанды жайлаған түрлі жайсыз оқиғалар ұлтымыздан айналып өтіп, халқымыздың маңдайына мәңгілік мызғымас біртұтастықты нәсіп еткей деп тілеймін. Жаңа жылда қазағымның көсегесі көгеріп, ұлттық өнеріміздің өрісі кеңейіп, қанатын кеңге жая берсін деген тілегім бар.
Себебі ұлттық өнердің басында ұлттық идеология, қазақтың барлық болмысы жатыр. Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ халқының басына түскен неше түрлі қайғы-қасірет, қилы-қилы кезең, ауыр сындар болды. Қалмақтармен күрес 200 жылға созылыпты. Соның ең апогейі – «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» трагедиясы тудырған «Елім-ай» әні. Міне, «Елім-ай» әні қазір қазақтың ұлттық гимніне айналды. Бұл ән – болашақ ұрпақтың киелі бір тірегі іспетті. Ел болудың, тұтастығымызды сақтаудың, ұлт болып өмір сүрудің жарқын үлгісі осы – Әлкей Марғұлан тапқан «Елім-ай» нұсқасында керемет сақталған. Қайда қырылмадық, қайда жосылмадық біз?! Ол жай ғана ән емес, мұқым халықтың діті мен ділі, жүрегі, бүкіл қайғы-қасіреті, бүгінгі өмірі, келешегі қамтылған үлкен толғау жыр.
Қазақтығымызды сақтап, елдігімізді мәңгілік етеміз десек, ұрпақ бойына барынша ұлттық өнерді сіңіру жолдарын қарастырғанымыз жөн. Бұл бағытта өткен жылы да бірқатар жақсы, жемісті жұмыс атқарылды. Жас дарындарды қолдап, өнердің ардагер тұлғаларына да лайықты деңгейде қолдау көрсетіліп жатыр. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан мұндай жарқын бастамалар әлбетте қазақ руханиятының кемелденуіне қызмет етіп, келешекке тұғырлы да даңғыл жол салары сөзсіз. Әр халық болмысын, өзінің ұлттық музыкалық діті мен ділін сақтаса, қазақтың көсегесі көгереді.
Мойындауымыз керек, осы күнге дейін біз небір ауыр жылдарды бастан кешірдік. Батыстан ағылып жеткен жағымсыз әсерлер жастарымыздың санасын улады, әлі де улап келеді. Телевидение, ғаламтор, компьютер арқылы беріліп жатқан сұмдықтардың барлығы қазақылықтың қайнарын лайлап бітті. Жастардың қиялын ұрлап жатыр. Кешегі кеңестік кезеңдегі керемет музыка тудырған Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаев, ұлты басқа болса да Латиф Хамиди, Евгений Григорьевич Брусиловскийлер, сондай-ақ Бақытжан Байқадамов, Қапан Мусиндер, олардың бергі жағында романстан бастап, операға дейін толғаған Сыдық Мұхамеджанов, солардан кейінгі Мәкәлім Қойшыбай, Нағым Меңдіғалиев, Кенжебек Күмісбеков, Теміржан Базарбаев, Мыңжасар Маңғытаев, Мансұр Сағатовтар ұлттық өнерге үлкен олжа салған болатын. Сонау ықылым заманнан келе жатқан дәстүрді Ахмет Жұбанов рухымен жалғаған композиторлар қай жанрда жазса да ұлттық колоритпен, ұлттық нақышпен жазды. Біз – Шәмші Қалдаяқов, Ілия Жақанов, Әсет Бейсеуов, «Махаббат вальсімен» шыққан Бекен Жамақаев сәл ертерек шығып, 60-жылдардың композиторы болып, өзіміздің алдымыздағы аттарын атап өткен Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловскийлер жасаған, Латиф Хамидилер тудырған вальстерден ауытқығанымыз жоқ. Сол үлгіде ән жаздық, әлі де жазып келе жатырмыз. Сол үшін де өзімді бақытты адам санаймын.
Егер шын ұғына білсеңіз, қазақ өз болмысын, жаратылысын, тарихын әнде қалдырған. Ал бүгінгі әндердегі қазақтың келбетін елестетуге бола ма? Әрине, жоқ! Осыны болдырмау керек. Тәуелсіздіктің төл перзенті – жастарымыздың бойына нағыз ұлтжандылық дәнін сеуіп, сол рухта тәрбиелесек, ұлт ретінде көп нәрседе ұтамыз. Осыны ұмытпайық. Ендігі үміт – Тәуелсіздіктің ұландарында! Ұлы Мағжан айтпақшы, мен жастарға сенемін!
Шүкір Аллаға, Қазақстан бүгінде дамудың барлық саласында ілгерілеп, жақсы күндерге кетіп бара жатыр. Соған тәубе дейік! Қай салада болсын қазақ халқының, Қазақстанның беделі артып, абыройы асқақтап келеді. Соған шүкір дейік. Ұлтымыз аман, елімізді бастайтын марғасқа азаматтар аман болсын деймін. Лайым Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз баянды болғай. Сол ұлы мұраттарды жүзеге асыру жолында Алла Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа абырой мен қайыспас қажыр берсін. Бастысы, Тәуелсіздігіміз мәңгілік, ұлттық өнеріміз өрісті, келешегіміз келісті болғай. Келген жылға менің бар тілегім – осы.
Ілия ЖАҚАНОВ,
Қазақстанның Еңбек Ері,
композитор, өнер зерттеуші