Экономика • 04 Қаңтар, 2023

Қай көлікке сұраныс жоғары?

534 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Отандық автонарықтағы 2021 жылғы тенденция былтыр да сақталды. 2022 жылы да сатып алушылар тарапынан Chevrolet, Hyundai, KIA, Toyota және LADA автомобильдеріне сұраныс көп болды. Жалпы, еліміз бойынша сатылған автомобильдердің 76 пайызы осы маркаларға тиесілі. Әсіресе Chevrolet Cobalt, Chevrolet Nexia және Hyundai Tucson модельдеріне сұраныс жоғары. Сондай-ақ былтыр Toyota Camry автомобильдері Қазақстанда көп сатылған 10 модельдің қатарынан шығып қалды.

Қай көлікке сұраныс жоғары?

Автонарықты талдау және мони­т­­орингілеу орталығының 2022 жылдың алдын ала қоры­тын­ды­ла­рына қатысты жүргізген талдауы осыны көрсетіп отыр. Дерекке сүйенсек, 2022 жылдың үшінші тоқ­са­нының қорытындысы бойын­ша елімізде 97 833 бірлік жаңа автомобиль мемлекеттік есепке қойылған. Бұл 2021 жылдың көрсеткішінен 2,1 пайызға артық. 2021 жылы 95 796 бірлік жаңа автомобиль (0-ден 2 жылға дейінгілер) алғашқы тіркеуге қойылған.

Орталық басшысы Артур Мис­ка­рянның айтуынша, 2022 жылғы қаң­тар­да нарықта алғашқы тіркеуге қо­йылған (сауда) көліктердің саны күрт азайып кеткені байқалды. Оған еліміздің негізгі нарықтарының бірі – Алматыда төтенше жағдай режімі енгізілген тұста көлік са­лондарының жұмысын тоқтатуы әсер етті. Бір­қатар аймақтағы кө­лік салон­дары қауіпсіздік тұр­ғы­сынан жұмы­сын тоқтатса, тауарлы техниканы кө­шір­ген жағдайлар да орын алды.

– Ақпанда автомобильдер саудасы қайта жандана бастағанымен, айдың қорытындысы бойынша ал­ғаш­қы тіркеуге қойылғандардың саны 7,6 мыңды құрады. Бұл орташа айлық деңгеймен са­лыс­тыр­ғанда әжеп­тәуір төмен. Қаң­тардан бастап қыр­күйекке дейінгі аралықтағы орташа айлық деңгей 10,8 автомобильді құрады. Ал 2021 жылдың дәл осындай кезеңінде бұл көр­сеткіш 10,6 мың болған, – дейді А.Мискарян.

по

Үшінші тоқсанның қорытын­ды­сы бойынша сұраныс жоғары болған бес модель жаңа автомобиль саудасының 76 пайызын құрады. Сатып алушылар тарапынан Chevrolet, Hyundai, KIA, Toyota және LADA авто­мо­бильдеріне сұраныс көп бол­ды. Сұраныс жоғары бес бренд­тің төртеуі Қазақстанда құрас­ты­­рылады. Мәселен, Chevrolet, Hyundai және KIA Қостанай мен Алма­тының өндірістік орындарында шығарылады.

– 2021 жылы сұраныс жоғары бол­ған модельдердің тізімінде бір­­ша­ма өзгеріс бар. Еліміздің нары­ғына ресейлік зауыттардан жеткізіліп тұрған Toyota Camry және RAV4, сондай-ақ VW Polo алдыңғы ондық­тан шығып қалды. Солтүстік көр­ші­міздегі зауыттар геосаяси шиеленіске байланысты жұмысын тоқтатқан болатын. Hyundai Accent және Creta модельдері де дәл осы себеппен үздіктер арасында 8 және 9-орындарға түсіп қалса (бір жыл бұрын 3 және 6 орындарда болған), ал KIA Rio тіпті ондықтан шығып қалды. Қазақстанда аталған кореялық маркалар бұған дейін ресейлік серіктестер жеткізетін көлік жиынтықтарынан шығарылып келді. NEXIA саудасының құл­дырауына бұл модельді өн­діруді тоқтату себеп болды. Ал RAV4 моделі ондықтан шығып қал­ғанымен, есесіне Tucson және Sportage-дің саудалары қызды, – дейді Автонарықты талдау және мониторингілеу орталығының басшысы.

Айтпақшы, 2022 жылдың үшін­ші тоқсанының қорытындысы бо­йынша жаңа автомобиль сатып алушылардың құрамында әйел­дер­дің үлесі азайды. 2021 жылдың үш тоқсанында олардың саны 29 мың болса, өткен жылғы үш тоқсанда 27,9 мыңды құрады. 2021 жылы Creta және RAV4 модельдері саудасының 50 пайызға жуығын әйелдер құраған. Ал қалған модельдер бойынша 64/36 пайыз деңгейінде қалып отыр. 2022 жылы жалпы алғанда ара қатынас деңгейі 67/33 пайыз болды. Тек Creta моделінің саудасында ғана сатып алушылардың жартысына жуығын әйелдер құраған.

– Әлемдік көлік индустриясы жаһандық деңгейде 2019 жылдың басында індет кезінде құрамдастардың (микрочиптер) жетіспеушілігі мен логистикалық тізбектің ажырап кетуі секілді қиындықтарды бастан кешті. 2019 жылға дейін әлемде 93-97 млн автомобиль шығарылып келсе, 2020 жылдан бастап 80 млн автомобиль деңгейіне түсіп қалды. Осылайша, әлемдік нарықта әлі де автомобиль тапшы болып отыр. 2022 жылы геосая­си шиеленіс әлемдік нарыққа қысым болған тағы бір факторға айналды: Ресейдегі Toyota, VW, Nissan, Renault және басқа да брендтердің зауыттары ТМД елдері нарығының сұранысын қамтамасыз етіп келді. Ресейлік және украиналық шикізат (металл, газ) пен көлік құрамдастарын (электр сымдары, резеңке бұраулар мен коммутаторлар) жеткізушілер әлемдегі көлік зауыттары сұранысының көп бөлігін қамтамасыз етіп отырған болатын. Осындай жағдайларда еліміздің нарығына Ресейден да­йын автомобильдер мен көлік жиын­тық­тарын жеткізу қысқарып кетті. Жеткізу тоқтап қалғандардың орнын елдің ішкі өндірісін арттыру арқылы толтыру жүріп жатыр (9 айдың қорытындысы бойынша 78,5 мың бірлік немесе былтырғы деңгейге +23 пайыз). Сондай-ақ Қы­тайдан автомобильді тікелей жет­кізу жолға қойылуда. 2022 жыл­дың қорытындысы бойынша Қа­зақ­станда жаңа автомо­биль­дердің саудасы сала үшін рет­теу­шілік, мак­ро­экономикалық, ло­гис­тикалық және санитарлық-эпи­демиялық шоктардың әсерін болдырмайтын позитивті сценарийге сәйкес 10 пайыздық өсім көрсетеді, – дейді А.Мискарян.

по