10 Маусым, 2014

Шат жүзіңді мұң шалмасын, бүлдіршін!

311 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Жуырда Астанадағы Ұлттық кардиохирургиялық орталықта «Сәби жүрегі» атты нұсқаулық-кітаптың тұсаукесері өтті. Бұл кітаптың өзге кітаптардан жөні бөлек болып отыр. Өйткені, жинақ туабітті жүрек ақауына ұшыраған балалардың күтіміне, диагностикасына арналған. Енді қазақ және орыс тілдерінде басылып шыққан кітап еліміздегі кардиохирургиялық орталықтарға тегін таратылмақ. 7-20Қазір туабітті жүрек ақауы­нан ем алушы балалардың 20 пайызының жасы 28 күнге тол­ған­ға дейінгі нәрестелер екен. Елі­мізде балалар кардиохирургиясы дами бастағаннан бері кезекте тұрған балалар саны әжептәуір қысқарған. Жоспарлы ота жасау кезегі 1 айдың ішінде келсе, ауыр жағдайларда санавиация арқылы кардиохирургиялық орталыққа аптасына 1-2 нәресте шұғыл жеткізіліп, ота жасала береді. Жалпы, елімізде дүние есігін ашатын 1000 нәрестенің 7-еуі туабітті жүрек ақауымен өмірге келеді екен. Жылына 2,5 мыңға жуық бала осы ақаумен дүниеге келеді десек, олардың 40 пайызына 1 жасқа толғанға дейін ота жасалу міндетті болса, сол қырық пайыздың жартысы нәрестелік кезеңінде жасалуы тиіс. Егер жүрек ақауына диагностика жасамай, еш шара қолданбаса, туабітті жүрек ақауы бар балалардың 29%-ы өмірінің алғашқы аптасында, 42%-ы бір айға толған соң, ал 87%-ы бір жасқа толар-толмас шағында шетінеп кетеді. 2013 жылы ота жасалуы тиіс бір жасқа дейінгі балалардың 22%-ына, нәрестелердің 84%-ына ота жасалмапты. Көптеген оталардың дер кезінде жасалмау себебі, ата-ананың өз балаларының бойындағы туабітті жүрек ақауының не екенін түсіне алмауы және ол анықталған жағдайда не істеу керегін білмеуі болып отыр. Осы олқылықтың орнын толты­ру мақсатында арнайы медици­налық білімі жоқ адамдар үшін қарапайым тілмен жазылған «Сәби жүрегі» кітабында туабітті жүрек ақауының негізгі түрлері мен емдеу тәсілдері баяндалады. Оның пайда болу себептері және тұқым қуалаушылық арқылы берілу қаупі мәселелері де жазылған. Кітап-нұсқаулық туабітті жүрек ақауы бар балалармен жұмыс істейтін ресейлік кардиологтар мен кардиохирургтардың көп жылдық еңбек тәжірибесі, олардың ата-аналарымен күнделікті әңгіме­лесу нәтижесі болып табылады. «Сәби жүрегі» кітабының авторлары профессор, кардиохирург Георгий Фальковский мен балалар кардиологы, медицина ғылымдарының докторы Софья Крупянко кітаптың тұсаукесеріне жиналған жоба еріктілерімен Ресейден телебайланысқа шықты. Олар кітаптың қазақша нұсқасы жарық көргеніне таңданысын білдіріп, қатты қуанышты екендігін жеткізді. Осы кітаптың қазақшаға аударылуына Ұлттық ғылыми кардио­хирургиялық орталығының балалар кардиохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі, 13 жыл еңбек өтілі бар кардиохирург-дәрігер Дмитрий Горбунов бастамашы болыпты. Ол балаларға жылына 300-ден астам ота жасайды. Дәрігер туабітті ақау­­дың не екенін, қандай шаралар қолданып, ота жасалғаннан кейін балаға қандай күтім жасау қа­­жеттігін көп ата-ананың біл­мей­тініне талай көз жеткізген. Қажет­ті ақпарат пен білімнің аздығы, тіпті, бала өмірін қатерге тігуі мүмкін. Қа­зақстандық кардиохирургтар ел­дің қамын тек операция үстінде емес, басқа кезде де назардан тыс қал­дырмайтындарын көрсетіп отыр. Жалғыз қарынша ақауымен ем алып жатқан Даяна есімді балақайдың анасы тараздық Жанар Нәметқұлова ота жасалғаннан кейін күтімге арналған кітап­тың қажеттілігі зор, дейді. Кардио­хирургтардың түсіндіруінен бөлек, күтімнің қандай болуы керектігі туралы білігімізді жетілдіріп отыруымыз керек. Астаналық Алуа Жолдыбалина «Игі іс болса, ақысыз да әрдайым көмектесуге даярмын. Өйткені, мұндай жағдайдан ешкім де сақтандырылмаған. Ең бірінші кезекте ана мен балаға қатысты болғандықтан өте қажетті дүние» десе, қарағандылық Жанат Манасбайқызы «Осы іске кішкентай болса да үлесім­ді тигізгім келіп, аударма жа­сауға қатыстым. Жоба туралы ғаламтордан естіп-білдім. Баланы күтіп, бағып-қағуда бір жағынан психологиялық көмек құрал ретінде де көремін. Менің ойымша, ата-аналарға біраз көмек болатын секілді», дейді. Енді «Сәби жүрегі» www.kz2050.kz сайтында кітап барлы­ғына қолжетімді болып отыр. Венера ТҮГЕЛБАЙ, «Егемен Қазақстан».