Руханият • 05 Қаңтар, 2023

Қадыр ақынға барельеф орнатылды

421 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орал қаласындағы №47 орта мектепке өткен жылы қараша айында Үкімет қаулысымен Қазақстан Республикасының Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, белгілі ақын Қадыр Мырза Әлінің есімі берілген болатын. Ақынның туған күні – 5 қаңтар күні мектеп ғимаратында салтанатты жиын өтті.

Қадыр ақынға барельеф орнатылды

Іс-шараға Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының жетекшісі, ақын Бауыржан Халиолла, Қадыр Мырза Әлі атындағы қордың директоры, әнші-сазгер Донеділ Қажымов, ардагер-ұстаз Үзілдік Елеубаева, Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов, Орал қалалық білім бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірхановалар қатысты.

Мектеп директоры Нұрлан Саттықовтың айтуынша, білім ордасының шәкірттері ақын есімін мақтаныш тұтып, өлеңдерін жатқа айтады. Мектепте Қадыртану факультативтік сабағы сынақтан өтуде. Болашақта ол сабақ бүкіл қала мектептеріне таратылмақ.

По

Қадыр ақын – шын мәнінде еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін танымал болған қаламгер. Әбіш Кекілбай айтқандай, «Қадырдың өзін білмесе де, сөзін білмейтін қазақ жоқ». Әдебиеттің әр саласында жемісті еңбек еткен Қадыр балалар әдебиетіне де өлшеусіз үлес қосты. Мектеп оқушылары оның талай жырын жатқа айтатыны сондықтан.

Ерекше оқиға – мектеп ғимаратында Қадыр ақынның барельеф бейнемүсіні орнатылғаны болды. Енді мектеп табалдырығын аттаған әр шәкіртті, әрбір жанды Қадыр ақынның ойлы жүзі қарсы алатын болады.

Бүгінде Батыс Қазақстан облысының өзінде үш мектепке Қадыр Мырза Әлінің есімі берілген. Одан бөлек, Астана қаласында екі мектеп, Атырау облысында бір білім ордасы ақын атын иеленгені белгілі болды. Нұрлан Саттықов болашақта Қадыр атын иеленген мектептер өзара байланыс орнатып, ортақ бастамаларды қолға алу мүмкіндігін айтты.

 

Батыс Қазақстан