Абай • 06 Қаңтар, 2023

Абай мұрасы: Дүние бос па, әлде дос па?

1103 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Абайды сәл ғана атүсті оқысаң, өлеңінің де, қара сөзінің де мағынасы ауысып, басқа ой-идеяға жетелеуі мүмкін. Ол Абайдың сөз қолдану ерекшелігінде жатса керек. Ақын жазғанда оқырман түсінбей қалады-ау деп қауіптенбеген, оқырманның өресін өз дәрежесіне тең көріп жазған. Оны Ахмет Байтұрсынұлы «Ол Абайдың кемшілігі емес, оқырмандыкі» дейді. Оның үстіне Абай лексикасының өз ерекшеліктері бар.

Абай мұрасы: Дүние бос па, әлде дос па?

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Содан болар, контекстен жұ­лып алып, белгілі бір сөзге аздаған өзгеше реңк берсе, әркімнің ақын сөзін өз мақсатына пайдалануына мүмкіндік туады. Кеңес дәуірінде Абайдың сақталып қалуы, сол дәуірдің қасаң идеологиясының шеңберіне сыйуы, тіпті сол идеологияның қа­руына айналуы да оның ой­ла­рының әрі кең (масштабты), әрі терең болғандығынан, мәті­ні қысқа болса да салмақты келе­тіндігінен десек, қателесе қоймаспыз.

«Кейде есер көңіл құрғырың» өлеңінің бір жолы жайында, «Махаббатсыз дүние бос» па, әлде «дүние дос» па деген дау жүріп жатқанына біраз жыл болды. Осы талас туралы өз ойы­мызды бөлісуді жөн көрдік. «Кейде есер көңіл құрғырың» өлеңінде жалпы Абайдың өзі «махаббат, дүние, дос» деген ұғымдарға не сыйғызып отыр? Контекст, тақырып не жайында? Жалпы мұндағы «махаббат» адамға тиесілі ме, әлде құдайға ма? «Шын дос» деген ше, адам ба, әлде құдай ма? «Дүние» деп байлықты, қазына-малды айтып отыр ма, әлде өмірді, фәниді айтып отыр ма? Өлеңнің әрбір жолын талдауға талпынып көрейік.

 

Кейде есер көңіл құрғырың,

Махаббат іздеп талпынар.

Ішем деп бейнет сусынын,

Асау жүрек алқынар.

 

Тартқан бейнет, өткен жас,

Жүректің отын сөндірмес.

Махаббат – өмір көркі, рас,

Өлген соң, ол да үндемес.

 

Махаббатсыз – дүние бос,

Хайуанға оны қосыңдар.

Қызықтан өзге қалсаң бос,

Қатының, балаң, досың бар.

 

Жүрегі жұмсақ білген құл,

Шын дос таппай тыншымас.

Пайда, мақтан бәрі – тұл,

Доссыз ауыз тұшымас.

 

Өлеңнің басы

«Кейде есер көңіл құрғырың,

Махаббат іздеп талпынар» – деп басталады. «Есер көңіл», яғни есіріп отырған адамға қандай махаббат керек? Әрине, құдайды қоя тұрып, дүниелік қызық іздейді.

«Ішем деп бейнет сусынын», махаббат – «бейнет сусыны», өйткені махаббат – құрбан­дық. Аз дегенде уақытың, қа­жыр-қайратың соның жолына жұмсалады. «Сейфіл-Мәлік Жамалдай, бейнетіңе көнсем-ай» (Әсет). Ал құдайға деген махаббат биік иманнан, парыздан туындайды сірә, оны Абай бейнет көрмесе керек.

«Асау жүрек алқынар», Асау жүрек адамға ғашықтықтан алқынады, құдайға ғашықтықтан тыныш табады.

«Тартқан бейнет, өткен жас,

Жүректің отын сөндірмес».

Жан бар, ес жоқ жастық шақта, «махаббат-қызық мол жылдарда» сол махаббат деп тартқан бейнет, ішкен шарбат сусын, көңілде қалған жылы естелік, кезіндегі алаулаған сезім жүрегіңе от, жаныңа қуат беріп, ол қуат «есер көңіліңе» дем беріп, егде жүректі елпілдетіп, махаббат отын қайта маздатып жаққысы келетіндей. (Өлең 1890 жылы жазылған, Абай 45 жаста.)

«Махаббат – өмір көркі, рас,

Өлген соң, ол да үндемес».

Махаббат – өмір көркі екен­дігіне дәлел керек емес, сірә.

«Өлген соң үндемейтін махаббат», яғни бұ дүниелік махаббат, адам баласына деген махаббат. Сонда өлмейтін махаббат бар ма? Бар екен. «Көк тұман – алдыңдағы келер заман» деген өлеңінде ақын «Әділеттік, арлылық, махаббат пен –Үш жолдасың қабірден әрі өткенде» – дейді. Бұл құдайға деген махаббат иманның бір бөлігі ретінде рухыңмен бірге «қабірден әрі о дүниеге өтеді».

«Махаббатсыз – дүние бос,

Хайуанға оны қосыңдар».

Жалпы өзі хайуан атаулыға дүние-мүлік керек пе? Оның жей­тін – жем-шөбі, жататын жері болса болды, дүние-мүлік жи­наған хайуан бар ма? Адам тү­сінігінде инстинктімен жүретін «оттаған хайуан», ол қалай дү­ниеге дос болмақшы?

Сондықтан бұл өлеңдегі «дү­ние» деген «ғұмыр» – өмір деген ұғымның синонимі, қазына-мал, ақша емес.

«Қызықтан өзге қалсаң бос,

Қатының, балаң, досың бар».

«Қызық» деген сөз Абайда «махаббатпен» қоса жүрсе, оның күшейткіші, әм синонимі ретінде жүре береді, мысалы «Махаббат-қызық мол жылдар». Біреуге ғашық болмасаң, бола алмасаң да «Қатының, балаң, досың» бар, махаббатыңды соларға арна деп отыр ақын. Өлеңде «Дос» деген ұғым «Қатын, баламен» қатар тұрғандықтан Жаратушы емес екендігі тағы анық.

«Жүрегі жұмсақ білген құл,

Шын дос таппай тыншымас».

«Жүрегі жұмсақ білген құл» деген кім? Жаман мен жақсыны парықтай білетін, әрі мейірімді «есті адам», қоғамның үлгілі мүшесі,

«Пайда, мақтан бәрі – тұл,

Доссыз ауыз тұшымас».

Пайда, мақтан тұл бола­тын себебі олар «жарым адам­ға», надандыққа тиесілі үлес, сырт қана, сымбат қана, есті адам­­ның жан қуаты, рухы кү­шею­ге мүдделі болғандықтан сырласатын, «шын күлетін» өресі биік жақсы дос керек. «Ақыл өссе, ол түпсіз терең жақсылық сүймектікпен өсер», (Кітап-тасдиқ).

 

«Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат.

Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік

Ер табылса жарайды, қылса сұхбат».

...«Жолдастық, сұхбаттастық –

бір үлкен іс»

«...Өсіп-өну жолындағы адам­ның талап қылып ізденер қа­рызды ісінің алды – әуелі дос көбейтпек. Ол досын көбейт­пектің табылмағы өзінің өзге­лерге қолыңнан келгенінше дос­тық мақамында болмақ. Кім­ге достығың болса, достық шақы­рады», (Кітап-тасдиқ).

Ойымызды қорытындылай келе, Абай бұл өлеңінде «махаббат» деген ұғымға досқа, қатын-балаға, отбасыға деген махаббатты сыйғызғанын, ол екіжақты, қайтарымды болатынын, сонымен өміріңе шынайы мағына бітетінін, «дүние бос» болмайтынын, отбасының, достардың маңызын білдіргені деген пікірдеміз.

Адамның негізгі құндылығы – оның отбасы, туыстары мен араласатын ортасы. Отбасындағы махаббат – сол отбасының берекесі мен бақытының, жақсы тәрбиенің кепілі. Мұндай отбасы жасампаз ұрпақ тудырады. Ұрпақ – елдің болашағы.

Ал тілек-ниеті бір, сыйласатын шынайы доссыз есті адам­ның, елдің ертеңін ойлайтын азаматтардың рухани өсіп-өнуі, ой-пікірдің дамуы жоқ. Яғни елдің жақсылыққа өзгеруі, дамуы жоқ.

Ендеше Абайдың сөзде­рі әдеби тартыс, сараптама дең­гейінде қалып қоймай, оның шын мағынасын тауып, оған ойы­мыздан орын беріп, бойы­мызға сіңдіріп, күнделікті өмірде қолдана білу әлдеқайда маңызды.

 

Сұлтан Ыбырай,

абайтанушы