Жуырда «Самұрық-Қазына» компаниялар тобын жекешелендіру жөніндегі басқарушы комитет құрылды. 14 адамнан тұратын комитеттің басшысы болып қордың басқарма төрағасының орынбасары Елена Бахмутова тағайындалып, ол баспасөз мәслихатын өткізді.
«Ережені жасау кезінде қор қызметкерлері мен бағдарлама операторы «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС өткен жекешелендірудің тәжірибесін, Қазақстан Республикасының заңнамасы мен озық шетелдік тәжірибені басшылыққа алды. Ереже іс-шаралардың ашықтығын қамтамасыз ететін технологияларды пайдалануға негізделеді. Заңдылық пен экономикалық қажеттілікке келсек, сатылымға шығарылатын активтер ең алдымен тәуелсіз сарапшылардың заңдық сараптамасынан өткізіледі. Екіншіден, қор активтерді тәуелсіз бағалаушылар белгілеген әділетті бағамен ғана сатады. Активтерге тек сату үшін жөнсіз баға қойылмайды. Кейбір активтерге сұраныс болмаса, қор мен оның еншілес компаниялары аталған мүлікке қатысты тиісті шешім қабылдайды», деді Е.Бахмутова.
Ереже барлық мүдделі тараптардың құқы мен міндеттерін анықтау, активтерді сату алдындағы үдерістер мен сату тәсілдерін нақтылау, сонымен бірге аукциондар мен тендерлерді өткізу шараларын белгілейді. Сондай-ақ, құжатта стратегиялық активтер мен нысандарды сатуға шектеу қойылған.
Үкіметтің үстіміздегі жылғы 12 мамырдағы қаулысымен жекешелендіру бағдарламасы аясында бәсекелестік ортаға сатуға шығарылатын «Самұрық-Қазына» АҚ-тың компаниялар тізімі бекітілген. Үкімет шешімі бойынша жеке секторға «Самұрық-Қазынаның» 106 компаниясының түрлі үлесі сатылады. Соның ішінде 5 компанияны ІРО мен SPO-ға шығару көзделген.
Осы жылдың маусым-шілде айларында «Қазақстан темір жолы» АҚ құрамындағы 4 компания, «Қазатомөнеркәсіп» АҚ құрамындағы 2 және «Қазақстан инжиниринг» АҚ құрамындағы 4 компания сатуға шығарылады.
«Егемен-ақпарат».