Қоғам • 06 Қаңтар, 2023

Ақау себебін комиссия анықтайды

279 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жаңа жылдың алғашқы күндері жауынды болып, облыс орталығының кейбір аумағы мен бірқатар ауылдық елді мекенде электр жарығы өшті, тоқтаусыз жауған нөсерден тұрғын үйлер ауласы суға толды. Сөнген жарық салдарынан жылу, ауыз сумен қамту қызметтері де тоқтап қалды.

Ақау себебін комиссия анықтайды

 

Әйтеуір жедел қимылдаған сала мамандарының арқасында әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерге жарық беріліп, арнайы техникалар қала көшесін көлкіген судан тазартты.

Жылдың алғашқы жұмыс күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев шұғыл жиын өткізіп, мереке күндері тұрғындарға қолайсыздық тудырған коммуналдық қызметке жауаптылар жұмысын сынға алып, нақты тапсырмалар берді.

Жиында облыс басшысының орынбасары Мархабат Жайымбетов, қала әкімі Асылбек Шәменов, энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Нұрмағанбетов нақты жағдайды баян­­­дады.

Облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов ақауға 70-85 пайызы тозығы жеткен электр желісі себеп болғанын айтты. Ал энергетика және коммуналдық шаруа­шылық басқармасының басшысы трансформаторлық қосалқы станцияларды жаңалау жұмыстарына қаржы қажеттігін сөз етті.

Бұл жауапқа қанағаттанбаған облыс әкімі жауапты сала басшылары коммуналдық мекемелердің қысқа толық дайындығы туралы есеп бергенімен, табиғат құбылысы жағдайды нақты көрсеткенін айтып өтті.

– Қысқа жасаған дайындықтың деңгейін бір-ақ күн жауған жауын көрсетіп кетті. Бұл – барлығымызға сын! Осыған дейін де тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің тұрақты жұмыс істеу қажеттігін үнемі ескертіп келемін. Электр жүйелерінің тозғаны белгілі. Тозу көрсеткішін 68-ден 30 пайызға дейін төмендету үшін 153 млрд теңге қажет. Үкімет басшысының өңірге жұмыс сапары барысында да осы мәселені көтеріп, қаражат сұрадық. Оның ішінде мамандардың қаржы мәселесі де қамтылған. Бұл бір күнде шешілетін мәселе емес. Сондықтан қол қусырып отырмай, қолдағы барды ұқсатып, кез келген жағдайға дайын болуымыз қажет еді. Кезінде қаладағы үлкен трансформаторлардың күрделі жөндеу жұмыстарына республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген 4 млрд теңге уақтылы игерілмей, кері қайтарылды. Осыдан 2 жыл бұрын дұрыс жасалмаған жұмыстың зар­дабын қазір тартып отырмыз. Мәселенің өткір екенін ескеріп, шұғыл жөндеу жұмыстарына 500 млн теңге бөлгенімізбен, одан да қайтарым болмады. Қала әкімі, басқарма басшысы немқұрайдылық танытпағанда бюджет қаражатын бекіткен уақытта қосалқы станциялардың жағдайын ретке келтіруге қаржы қарастырар едік, – деді облыс басшысы.

Шұғыл жиында әрбір қосалқы стан­цияның жағдайына талдау жасалып, мамандар күшімен ретке келтіру қажеттігі айтылды. Тіпті бұл жұмыстарды демеушілерді жұмыл­ды­ру арқылы да үйлестіруге болады.

Облыс әкімі елді әбігерге салған ақауға жол берген басшылардың жұмысы көңіл көншітпейтінін айтып, орынбасары Мархабат Жайымбетов пен қала әкімі Асылбек Шәменовке ауызша қатаң ескерту, энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысына, Қы­зылорда электр желілерін тарату ком­паниясының жетекшісіне, қала әкімінің орынбасары мен жауапты бөлім басшысына қатаң сөгіс жария­лады.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязовтың төраға­лы­ғымен арнайы комиссия құрылып, ақау себептері мен оны жою үшін ұсыныс берілетін болды. Комиссия құрамына білікті мамандардан бөлек жағдайды жете білетін сала ардагерлері де енді.

 

Қызылорда