Қоғам • 09 Қаңтар, 2023

Басты міндет – қоғамның сенімі

220 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір мемлекеттік орган ашық жұмыс істеп, тұрғындармен байланысты нығайту керектігін тапсырған болатын. Мұны қаперіне алған Ішкі істер министрлігіне қарасты құрылымдар халықпен ашық диалог орнатуға көшкен. Байқайсыз ба, бұрынғыдай полиция ғимараты табалдырығын тоздырып, ішке ене алмай жүрген тұрғындар жоқтың қасы. Тіпті әлеуметтік желіде құқық қорғау органдарына қатысты мәселе туындаса, шағымға жедел жауап беріліп жүр.

Басты міндет – қоғамның сенімі

Сервистік модель серпін бере ме?

Әлеуметтік желі демекші, бүгінде Ішкі істер министрлігіне қарасты құры­лымдардың жеке парақшалары бар. Тұрғындар үйде отырып-ақ өтінішіне жауап ала алады. Ескертулерден де уақтылы хабардар болады. Әлеуметтік желіден бөлек, тұрғындармен байланыс орнатудың түрлі тетіктері қолға алынған. Атап айтсақ, полицияның сервистік модельге көшуіне баса мән беріліп отыр. Оның ішінде проблемалық-бағдарланған тәсілді қолдану, тұрғындарға бағдарлану сияқты шаралар бар. Басты мақсат – қоғамның полицияға деген сенім деңгейін арттыру. Бұған халыққа белсенді, сапалы қызмет көрсету, азаматтарға сыпайылық таныту, қоғаммен серіктестікте қауіпсіздік мәселелерін шешу арқылы ғана қол жеткізуге болады. Сонымен қатар жүйе ішінде де өзгерістер жүргізіліп жатқанын атап өткен жөн. Атап айтқанда, дебюрократизация (ерекше және қайталанатын функцияларды алып тастау), жұмыс процестерін автоматтандыру және цифрландыру (қажетсіз есептердің күшін жою, қызметкерлерді қоғамның сұраныстарына бағдарлана отырып, нақты профилактикалық жұмысқа босату); кадрлармен жұмыс істеу тәсілдерін қайта қарау (кәсіби ядроны нығайту, демалысқа шығу кестесі, цифрлық атақтар және т.б.); толыққанды материалдық-техникалық қамтамасыз ету. Қанатқақты жоба ішкі процестерді қайта қарауды, мүдделі органдармен және жергілікті қоғамдастықпен өзара әрекеттесуді қарас­тырады. Қылмыстық сот ісін жүргізудің жаңа моделі де сол жерде сынақтан өтіп жатыр. Модельдің мәні – тергеу проце­сін оңтайландыру және оның ке­зең­дерін нақтылау. Процессуалдық шешім 3 күн мерзімде қабылданады. Осылайша, азаматтарды қылмыстық процеске негізсіз тарту алынып тас­талады. Бұл – тергеу бөлімшелеріне жүктемені айтарлықтай азайтады, күш-жігерді нақты қылмыстарды тергеуге жұмылдыруға мүмкіндік береді.

Ішкі істер министрі Марат Ахмет­жановтың айтуынша, құзырлы органның басты міндеті – ашық, кәсіби білікті және құзыретті қазақстандық полиция құру.

– Соңғы жылдары Мемлекет басшы­сының тапсырмасы бойынша министрлік ауқымды және терең сапалы өзгерістерді бастады. Негізгі мақсат – халықтың сенімін арттыру, бюрократиядан арылу, адамның қажеттіліктеріне бағытталған жұмыс үлгісіне көшу. Бұл бағытта жұмыс процестерін автоматтандыру, цифрландыру және оңтайландыру бойынша шаралар қабылданып жатыр. Негізгі назар бұзушылықтардың салдарымен күресуге емес, олардың алдын алуға аударылды. Сервистік модельге көшу шеңберінде полиция қызметі жаңа форматқа көшеді. Біз қызметтің барлық салаларында аналитиканы қолдана отырып, «проблемаларды шешуге бағытталған» тәсілді енгіземіз, – дейді министр.

 

Жұртқа жақын полиция

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жұртқа жақын полиция» қағидаты іске асырылып жатқаны белгілі. Оның нәтижесінде тұрғын үйлердің аулаларында, саябақтар мен алаңдарда жаяу жасақтардың саны артып келеді. Ең криминогендік учаскелерде стационарлық бекеттер орнатылып жатыр. Қоғамдық орындарда, мектептерде, сауда ойын-сауық орталықтарында шұғыл шақыру жүйелері – «SOS түймелері» орнатылды. Белгі дереу жедел басқару орталықтарына немесе полицияның жақын маңдағы кезекші бөліміне түседі. Құқықтық тәр­тіп­ті қамтамасыз етуде бейнебақылау жүйелері белсенді қолданылады. Бұл – әлемдік тәжірибе. Жалпы, еліміз бойынша көшелер мен қиылыстарда, тұрғын үйлердің аулалары мен кіреберістерінде, сауда объектілерінде, ойын-сауық мекемелерінде 1 миллионға жуық бейнекамера жұмыс істейді.

Жалпы, Ішкі істер министрлігінің жұ­мысын статистикаға сүйеніп, бірнеше бағыт бойынша анықтауға болады. Әлемде қоғамның криминогендік дәрежесін сипаттайтын негізгі критерийлердің бірі – кісі өлтіру саны. Елімізде Тәуелсіздік алған жылдардан бері бұл көрсеткіш 3,5 есеге азайған (2625-тен 764-ке дейін). Сондай-ақ денсаулыққа ауыр зиян келтіру 2 есеге (3 667-ден 1 815-ке дейін); зорлау 3 есеге (1 654-тен 531-ге дейін); қарақшылық 6,5 есе­ге (1 422-ден 219-ға дейін); тонау 4 есе­ге (9 828 идо 2 551-ден); бұзақылық 3,5 есе­ге (8 277-ден 2 311-ге дейін) азайғаны тіркеліп отыр.

– Қылмыстық саясаттың екі векторлы­ғы түрме «тұрғындарының» санын үштен екіге азайтқанын атап өткен жөн. Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстан сот төрелігінің қатал жүйесін мұра етті. «Түрме индексі» бойынша әлемде үшінші орынға тұрақтады. Қазақстан түрмелерінде 100 мыңнан астам тұтқын жазасын өтеген. Бұл мәселе жүйелік шешімдерді қажет етті. Негізгі тұжырымдама қылмыстық саясаттың «екі векторлығы» болды. Бір жағынан, адамның өмірі мен денсаулығына қол сұғатын аса ауыр қылмыстар үшін жауапкершілік күшейтілді. Екінші жағынан, қауіпті емес әрекеттерді алғаш жасаған адамдарға Заңның репрессивтілігі төмендеді. Баламалы жазалау шараларын қолдану қарастырылып отыр. Нәтижесінде, бүгінде қылмыскерлердің тек 25%-ы ғана бас бостандығынан айырылады, ал 2000 жылдары 50%-дан астамы қамалатын. Қабылданған шаралардың нәтижесінде тұтқындар саны 70 мыңға қысқарды. Қазір темір тордың ар жағында 34 мың сотталушы жазасын өтеп жатыр. Түрме «тұрғындарының» Халықаралық индексінде Қазақстан бүгінде 77-ші орында, – дейді Марат Ахметжанов.

 

Жолдағы жүгенсіздік

Жол қауіпсіздігі – полиция жұмысының басты басымдықтарының бірі. Жол-көлік оқиғаларының басым көпшілігінің себебі – жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерін қасақана бұзуы. Әрбір бесінші жол-көлік оқиғасы маневр жасау ережелерін сақтамау салдарынан туындайды. Тағы бір себеп – жол қиылысынан өту ережесінің сақталмауы.

Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиевтің мәліметінше, жыл сайын елімізде 13 мың жол-көлік оқиғасы тіркеледі.

– Жалпы, соңғы 5 жылда апаттылықтың төмендеу динамикасы байқалады. Қазіргі көлік түрлерінің үлкен жылдамдықпен жүруге техникалық мүмкіндігі жеткілікті. Әйтсе де, автокөлік бірден тоқтай алмайтынын ұмытпау керек. Жол-көлік оқиға­ларында қаза тапқандар мен жара­лан­ғандардың төрттен бір бөлігін жаяу жүргіншілер құрайды. Жолдағы қауіп­сіздік жаяу жүргіншілерге де, жүргі­зушілерге де байланысты. Жол-көлік оқиғасының туындауына көшені рұқсат етілмеген жерден кесіп өтетін немесе бағдаршамның қызыл жарығына өтетін жаяу жүргіншілер де кінәлі болып жатады.

Тағы бір назар аудартатын мәселе – кәмелетке толмағандардың қатысуымен тіркелетін жол-көлік оқиғалары. Балалар – жол жүрісіне қатысушылардың ең осал санаттарының бірі. Көбіне жол жүрісі қағидаларын білмеу немесе оларға немқұрайды қарау салдарынан жолдың бойында ойнап жүрген, белгіленбеген жерлерден көшені кесіп өткен балалар жол апатына себепші болады. Елдегі жол-көлік оқиғалары мен жарақат алғандар бойынша статистиканың негізгі динамикасын көшелерді қажетті жол инфрақұрылыммен және жол жүрісін реттеудің техникалық құралдарымен жабдықталған, қауіпсіз елді мекендер айқындайды. Жолдарды және көше-жол желісін тексеру тұрақты түрде жүргізіледі. Олардың нәтижелері бо­йынша апатты учаскелерді жою, сондай-ақ жол жүрісін ұйымдастырудың қазіргі заманғы техникалық құралдарын енгізу бойынша олардың иелеріне қатысты ұсыныстар енгізіледі. Жол жүрісін интеллектуалды бақылау жүйелері белсенді дамып жатқанын атап өткен жөн. Жолдарда жол ережелерін бұзуды тіркейтін 17 мыңнан астам автоматты камера орнатылды. Мұндай жүйелерді енгізу жол жүрісіне қатысушылардың тәртібін арттырып қана қоймайды, сонымен қатар апаттылық деңгейінің төмендеуіне айтарлықтай әсер етеді, – дейді Ж.Мұратәлиев.

Былтыр 11 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзу­шы­лық туралы Кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы» заңға қол қойған болатын. Оған сәйкес, түзетулермен көлік құралын мемлекеттік нөмірсіз қайта басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершіліктің жаңа құрамы енгізілді (590-бап 2-1 Б.), онда 20 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде өндіріп алу немесе көлік құралдарын басқару құқығынан 1 жыл мерзімге айыру көзделген. Бұрын мұндай норма болмаған еді. Бұдан басқа, көрінеу жалған немесе жалған мемлекеттік нөмірлері бар көлік құралын басқару үшін жауапкершілік күшейтілді. Айыппұл түріндегі жаза алынып тасталды, енді атал­ған құқық бұзушылық үшін тек 1 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құ­қы­ғынан айыру және 5 тәулікке дейін әкім­шілік қамауға алу қолданылмақ. Бұған дейін 20 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 1 жыл мерзімге басқару құқығынан айыру қарастырылған болатын.

Қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігі қала сыртындағы күре жолдарда «орташа жылдамдықты» арттырғаны үшін көлік құралдарының жүргізушілерін жауапкершілікке тарту мүмкіндігін көздейтін түзетулерді пысықтап жатыр.

 

Нашақорлық – болашаққа балта шабу

Мемлекет басшысының былтыр қыркүйектегі Жолдауында құ­қық саласын­дағы проблемалар аз айтыл­ған жоқ. Жалпы, бұған дейінгі Жолдауларда да құқық бұзушылықты алдын алудың тың тетіктерін қарастыру тапсырылған еді. Соның негізінде 2019 жылы ұрлық, мал ұрлығы және зорлау ауыр қылмыстар санатына ауысты. Бұл – жеңіл жазамен құтыламын деген «құтырған» қылмыскерлерді қамаққа алып, қоғамнан оқшаулауға мүмкіндік берді. Қылмысты қайталауына тосқауыл болды. Нәтижесінде, екі жылдың ішінде ұрлық саны 2 есеге азайды (2019 жылы – 108 мың; 2022 жылы – 46 мың). Ал мал ұрлығы арнайы қылмыс құрамына енгізілді. Бас бостандығынан айыру жазасы 12 жылға дейін көзделді. Қабылданған шаралар мал ұрлығын 2,5 есеге азайтты (2019 жылы – 3 292; 2022 жылы – 1 271). Зорлау қылмысы да ауыр санатқа жатқызылды. Татуласуға тыйым салынды. Осылайша, күдіктінің жауапкершіліктен қашуына тосқауыл қойылды. Бұл қылмыс саны да 2 есеге қысқарғанын атап өткен жөн.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіруде. Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тəркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе артқан. Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан əрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны əлеуметтік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып жатыр. Есірткіні, тіпті үйге əкеліп беретіндер бар. Бұл – аса қауіпті əрі ауқымды əлеуметтік кесел.

Синтетикалық есірткіні өндіруге жəне таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуге тиіс. Сондықтан, Нашақорлықпен жəне есірткі саудасымен күресудің кешенді жоспарын əзірлеу қажет», деген еді.

– Нашақор доза үшін бәріне да­йын. Тіпті өз туысына қарсы қылмысқа жасауға кет әрі емес. Сондықтан да мұны тек қылмыстық қудалау тәсілімен шешу мүмкін емес. Барлық уәкілетті органдар бірлесіп, алдын алудың тиімді жүйесін енгізу қажет. Мемлекет басшысының Жолдауы аясында министрлік кешенді жоспарды әзірлеуге кірісті. Атап айтқанда, есірткіге қарсы уәкілетті орган ретінде Ішкі істер министрлігінің үйлестіру құзыретін күшейту, жаңадан шығып жатқан «синтетиканы» жедел түрде есірткі тобына қосу, медициналық есепке алуды жетілдіру шараларын қабылдау жоспарланып отыр, – дейді Марат Ахметжанов.

2019-2020 жылдары есірткіні интернет арқылы жарнамалау, сату ауыр және аса ауыр қылмыс санатына жатқызылғаны белгілі. Тіркелген ауыр қылмыстың үштен бірі есірткі қылмысына қатысты екен. Ала жіпті аттағандардың басым бөлігі интернет арқылы жымысқы әрекетін жүзеге асырғысы келген. Осы ретте, былтыр 1800-ге жуық есірткі сайттары анықталған. Олардың барлығы «Кибернадзор» жүйесі арқылы бұғатталған. Былтыр тәртіп сақшылары 40-қа жуық есірткі дайындайтын цехтың көзін жойып, 100 келіден астам синтетикалық есірткіні тәркілеген.

Әрине, кеселдің алдын алу үшін заңды күшейту маңызды. Осы ретте, соңғы бірнеше жылда ұлттық заңнама айтарлықтай пысықталған. Атап айтсақ, 2019 жылы нарықта пайда болып жатқан есірткілер тізімі заңмен емес, қаулымен бекітілетін болды. Жалпы тізімге есірткінің 117 түрі енді. Бұрын интернет ресурстар арқылы сату тармағы болмаған. Осыған орай, Қылмыстық кодекстің 297-баптың 3-тармағының 5-бөлігіне өзгеріс енгізілді. Есірткіні жарнамалап, насихаттағаны үшін де жаза тағайындалған.

2021 жылдың қыркүйек айында Үкімет қаулысымен аса қауіпті заттардың «криминалдық» мөлшері азайтылды. Оған сәйкес, мефедрон, пировалерон және сол сияқты заттар 3 грамнан 1 грамға дейін, синтетикалық каннабиноидтар 50 грамнан 1 грамға дейін төмендетілді. Яғни ендігі жерде 1 грамм зиянды затты алып жүрудің өзі ауыр қылмыс. Тиісінше, оларды өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтағаны үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Енді сату мақсатынсыз сақтағаны үшін мұндай заттардың 1 грамынан бастап қылмыстық жауапкершілік туындайды.

Айта кету керек, Қазақстан БҰҰ-ның есірткіге қарсы барлық үш конвен­циясының қатысушысы бола отырып, осы саладағы өзінің халықаралық міндет­темелерін практикалық және заңнамалық деңгейде жүзеге асырады. 2019 жылы жаңа психобелсенді заттарды бақылауға енгізу механизмін айтарлықтай жеңілдеткен нормалар енгізілді. Есірткіні интернет арқылы таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтіліп, есірткіні жарнамалау мен насихаттағаны үшін, оның ішінде графити-суреттер мен QR кодтар арқылы жауапкершілік көзделетін қылмыстың жаңа құрамы енгізілді.