Саясат • 09 Қаңтар, 2023

Отбасын ойрандағандарға ар мен заң жазасы

783 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде әлеуметтік-тұрмыстық саладағы қылмыстық құқық бұзушылық азайған. Мәселен, былтырғы 11 айдың қорытындысы бойынша 850-ге жуық факт тіркелсе де, 2021 жылмен салыстырғанда бұл 6,9 пайызға аз.

Отбасын ойрандағандарға ар мен заң жазасы

Десек те, елімізде орта есеппен жы­лы­на шаңырақ көтерген 140 мың отбасының 34,4 пайызы ажырасып тынады. Отбасылардың қиюы қашуының себебі көп. Соның бірі әрі бастысы – тұрмыстық құқық бұзушылық. Яғни ашудың соңы әлімжеттікке ұла­сып, ден­сау­лыққа қасақана ауыр зиян келтірудің кесірі көп. Былтыр осын­дай факті Шы­ғыс Қазақстан облысын­да көп тіркелген болса, қара тізім­ді Алматы, Қарағанды, Павлодар, Қостанай өңірі жалғайды.

Жақында әлеуметтік желіде жұрттың жағасын ұстатқан оқиға да Алматы облысында болған. Жаңа жыл кешінде күйеуі 5 баласының көзінше әйелін аяусыз соққыға жыққан. Екі күн бойы таяқ жеген келіншек хат жазып, өз-өзіне қол салмақ болады. Абырой болғанда, жәбірленуші аман қалыпты.

Бұл жыл басталғалы тіркелген бір ғана факті емес. Соңғы бір аптада «Қорғау-Астана» дағдарыс орталығынан 15-ке жуық келіншек көмек сұраған. «Білетінім – бір тоғыз, білмейтінім – тоқсан тоғыз» демекші, әр шаңырақтың есігінің артында қалып жатқан қаншама тұрмыстық құқық бұзушылық дерегі бар. Бұған тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жай-күйін талдау жұмыстарынан-ақ көз жеткізуге болады.

Мұны еліміздегі әрбір екінші қыл­­мысты еркектер мас күйінде жасай­тынын, заңсыз әрекеттердің 70-75%-ы тұрғын үйде тіркелетінінен-ақ түсіну керек. Отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтың 80 пайызы ерлі-зайыпты немесе азаматтық некедегі азаматтар арасында жасалады. Сондықтан бұл мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында көтеріп, «Отбасылық зор­лық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды. Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын. Зардап шеккен жандар елдің сөзінен немесе біреудің қысым жасауынан қорықпауы қажет. Сондықтан, полиция қызметкерлері олармен өте мұқият жұмыс жүргізіп, тиісті шараларды қолдануы керек», деген еді.

Жақында Отбасы институтын зерттеу орталығы шаңырақтағы негізгі проблемаларды анықтау және отбасы саясатын жетілдіру мақсатында «Қазақстандық отбасылар-2022» ұлттық баяндамасын көпшілікке таныстырды. Құжатта мемлекеттік-әлеуметтік қолдау, отбасындағы өзара қарым-қатынас және ата-ана болу мәртебесі жан-жақты сарапталған. Бұған қоса отбасын қолдау орталықтарының қызметі сараланады.

«Баяндамада отбасы саясатын іске асырудағы ағымдағы жағдайдың талдауы мен заңнамадағы проблемалар, мемлекеттік институттардың, сондай-ақ отбасын қолдау орталық­тарының қызметі зерделенді. Сон­дай-ақ аз қамтылған отбасыларды мемлекеттік әлеуметтік қолдау мәселелері қаралып, ата-ана болу мәртебесін қалыптастыру және балаларды тәрбиелеу ерекшеліктеріне талдау жасалды. Сонымен қатар отбасы институтының өзгеруі, отбасы саясатын іске асырудың халықаралық тәжірибесі, бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі, әйелдер мен отбасы институтының сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және оған қарсы іс-қимылға ықпалы зерттелді», деді Отбасы институтын зерттеу орталығының жетекшісі Жұлдыз Батталова.

Ішкі істер министрлігінің дерегіне сүйенсек, жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 100 мыңнан астам өтініш түседі. Бірақ жәбірленушілердің 60 пайызы құқық бұзушыларға қатысты шаралар қабылдаудан бас тартады екен. Ал сарапшылардың пікірінше, көбіне әйелдер мұндай шешімді күйеуінің қаржылай қолдауынан айырылып қаламын деп қабылдайды. Осыған байланысты құқық қорғаушылар тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң қатаңдатылмаса, елдегі әлеуметтік-тұрмыстық саладағы бұл көрсеткіштер өзгермейді деп отыр.

 

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»