10 Маусым, 2014

Қарым-қатынас қайырымы

330 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

интеграцияИНТЕГРАЦИЯ – ИГІЛІК

Тәуелсіздік алғаннан бергі кезең ішінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген сая­сатының нәтижесінде еліміз әлем жұртшы­лығымен тығыз қарым-қатынас жасап келеді. Соның ішінде Жібек жолы бойында орналасқан елдермен серпінді серіктестік ерекше жетістіктерге қол жеткізуде. Соның бір айқын дәйегі, келешектегі Қазақстан мен Қытай мемлекеттерінің қарқынды дамуына ерекше мүмкіндік туғызатын келелі оқиға деп Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың таяудағы көрші мемлекетке жасаған ресми сапарын айтуға болады. Сол түсіністік, риясыз достық жағдайында өтіп, мемлекет басшыларының екіжақты маңызды құжаттарға қол қоюын айтуға болады. Қазақстан мен Қытайдың Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи көршілестігі ұзақ мерзімді бағдарламаларға сай, мықты мүмкіндіктер туғызуда. Қарымды мемлекетпен біздің Отанымыз арасындағы екіжақты уағдаластық жылдарында қауіпсіздік кепілдігін қабылдау, шекаралық-аумақтық мәселелерді нақты реттеу, трансшекаралық өзендерді пайдалану бойынша келелі келісімдерге қол жеткізілді. Мемлекетаралық қатынастарды дамыту ісінде сауда-экономикалық байланыстармен қатар, ғылыми-техникалық, білім және мәдени-гуманитарлық салалар бойынша да барыс-келіс аясы кеңейіп келеді. Жибек жолы-1 Иә, бүгінгі таңда Қазақстан мен Қытай серіктестігі стратегиялық сипатқа ие бола бастады. Халықаралық қызметте, экономикада, білім және ғылымның басым бағыттарында түсіністікпен атқаратын іс-шаралар да қолға алынуда. Атап айтқанда, жоғарыдағы ресми сапар барысында екіжақты келісімдер мен меморандумдар бекітіліп, енді академиялық, ғылыми-зерттеу, инновациялық-техникалық өзара іс-қимылын тереңдету бойынша нақты шаралар іске асырылады. Әлемнің дамыған көптеген мемлекеттері сияқты Қазақстан Қытайдың білім жүйесін зерделей отырып, осы саладағы оң нәтижелі өзгерістерден үйрену қажеттігі туындап отыр. Көрші ел бүгінгі күні технологиялық прогресс және экономикалық өсу қарқыны­мен дүние жүзіндегі үлкен инвестиция құятын державаға айналды. Британдық кеңес өткізген «Халықаралық білім алу үшін студенттерге демеушілік көрсету негіздері: ұлттық студенттік ұтқыр­лық стипендия бағдарламаларын бағалау» зерттеу қорытындыларына қарасаңыз Қытай төрткүл дүниедегі өз азаматтарын шетелде оқыту бойынша алдыңғылардың қатарынан көрініп отыр. Ал студенттерді қабылдау бойынша үшінші орынды иеленеді. Шетелдік студенттерді Қытай жоғары оқу орындары несімен тартады, деген сұрақ­қа жауап берер болсақ, ең алдымен, ғылым­ға, оның ішінде қолданбалы зерттеу­лерге, мәдениеттің ілгерілеуіне, әсіресе, іскерлікке ерекше мән беруінде жатыр деп ойлаймыз. Көптеген шетелдік компаниялар өздерінің тұрақты өкілдерін сол елдің зауыттарымен, ірі корпорацияларымен, ғылы­ми және қаржылық институттарымен тікелей байланыстыру үшін толассыз ашып жатады. Қазіргі уақытта Қытайда әлем­нің 175 елінен жүздеген студент оқуда. Олардың ішінде «Болашақ» халықаралық бағдарламасының стипендиаттарын қоса алғанда, 7500-ден астам қазақстандық жастар техникалық бағыттағы, инженерлік ғылымдар мен ақпараттық жүйеде, мұнай және газ, мемлекеттік, әкімшілік басқару, аграрлық, қаржы, экономика секторларын­да, сауда-өнеркәсіп, менеджмент, т.б. салалардағы басым мамандықтар бойынша көрші елдің жетекші университеттерінде білім алуда. Халықаралық рейтингке сәйкес көрші мемлекеттің көптеген жоғары оқу орындары, атап айтқанда, Пекин, Цзинхуа, Фудан, Шанхай Жиатон, Гонконг ғылым және технология, Нанцзин университеті білімде дәстүрлі жетекші орындағы еуропалық және америкалық айтулы оқу орындарын басып озып, әлемнің 100 үздік білім ордаларының қатарына енген. Айталық, ғасырлық тарихы мен дәстүрлері бар елдің мықты жоғары білім беру мекемелерінің басым бөлігі «Болашақ» бағдарламасының талабына толық жауап беретін әлемнің 200 үздік оқу орнының тізіміне енгізілген. Олардың қатарында жоғарыда айтқан оқу орындарынан өзге мысалы, Шығыс Қытай ғылым және технология, Фудан, Тонгжи, Қытай мұнай университеттерін атап өтуге болады. Сол жақта оқитын қазақстандық студент­тер­дің басым болуы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайын 3000 қазақстандықты әлемнің жетекші универ­ситетінде оқыту бойынша тапсырмасын іске асыру аясында жүзеге асып жатқанын айта кетейік. Қазіргі «Болашақ» бағдарламасы бойынша 112 қазақстандық оқуын ая­қ­тап, қалған 21 адам бакалавр, магистр дә­ре­­же­лерін алу мақсатында білімдерін жал­ғас­тыруда. Ел жастарының Қытайдың жетекші университеттерінде оқуы үшін тағы да 136 стипендия тағайындалғанын еске саламыз. Ол жақтағы оқу орындарында бака­лав­риат, магистратура және докторан­тура бағдарлама талабына сай, сол елдің тілінде өтеді. Стипендиаттарға қытай тілін меңгеру үшін 1 жылдан 2 жылға дейін уақыт беріледі. Іргелес мемлекеттің жетекші жоғары оқу орындары, оның ішінде «Болашақ» стипендиясының серіктестері осы күнгі заман үрдісін есепке алып, академиялық бағдарламалар бойынша кадрларды ағылшын тілінде даярлауға баса назар аударуда. Оларға дәріс оқитындар әлемдік университеттердің үздік профессорлары мен мамандары. Осыған байланысты «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде Қытай университеттерімен алдағы уақытта да ынтымақтастықты нығайта беруді жан-жақты ойластырудамыз. Соның ішінде, Гонконгтың жоғары оқу орындарымен академиялық бағдарламалар бойынша ынтымақтастықты кеңейту уақыт талабынан туындап отыр. Гонконг еуропалық және шығыстық ерекшеліктерді халықаралық білім жүйесіне жүйелі енгізу үстінде. Әлемдік рейтингке сәйкес Гонконгтың жетекші жоғары оқу орындары әлемнің 100 үздік университеттері қатарына енген. Ал Азияда мықты делінетін оқу орындарының он топтығының басында тұр. Олардың қатарынан QS әлемдік университеттердің рейтингінде 26-шы орынды иеленген Гонкон, сондай-ақ, 34-ші орында тұрған Гонконг ғылым және технология университетін атап өтуге болады. Бұл білім ордалары «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқитындардың тізіміне кіреді. 66 Қазақстан экономикасындағы шикізат­тық емес секторларға қажет мұнай химиясы, машина жасау өндірісі, сол секілді денсаулық сақтау, білім саласына кадр әзірлеу бойынша ағымдағы жылғы наурызда «Болашақ» халықаралық стипендиясы әкімшілігі Қытайдың жоғары оқу орындарының, атап айтқанда, Гонконг ғылым және технология, Гонкон, Цзинхуа, Фудан, Шанхай Жиатон университеттері өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді. Мұнымен бірге, магистратура және докторантура бойынша ағылшын тілінде оқудың академиялық бағдарламаларын кеңейту қарастырылып, педагогика, медицина қызметкерлері мен агро секторы, энергияның балама көздері, химия және мұнай-газ инжинирингі, биомедицина, авиа­ция, көлік салаларындағы инженерлік-техникалық мамандар үшін ағылшын тіліндегі тағылымдаманың арнайы бағдарламаларын әзірлеу туралы уағда­ластыққа қол жеткізілді. Мысалы, ме­к­­тепке дейінгі оқу орындарының тәр­бие­леушілері үшін «Мектепке дейінгі білім» жеке тағылымдама бағдарламасы әзір­ленуде. Бұл ізденістер мультимедиялық және интерактивтік технологияларды пайда­лану­дың жаңа әдістеріне бағытталған. Бұған қоса, Шанхай Жиатон университетінің элек­троника, информатика және электр инжи­нерия мектебі базасында «Назарбаев зият­керлік мектептерінің» информатика оқыту­шылары үшін ғылыми тағылымдама түзілуде. Қазақстандағы медицина саласында мамандар даярлаудағы мүддені есепке алып, ҚХР үздік жоғары орындарының ұлттық рейтингісінде үшінші орында тұрған Шанхай Жиатон университетінің медицина мектебімен бірлесе отырып, ағзаларды ауыстыру, фармацевтика, хирургия, гинекология, нейрохирургия бағыттары бойынша бірлескен зерделеу бағдарламаларын жасау жұмысы қарқын алуда. «Болашақ» халықаралық бағдарламасы әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіру бойынша Президент Нұрсұл­тан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стра­тегиясының басым міндеттерін іске асыру шеңберінде нарық қажеттіліктеріне уақтылы ден қойып, шетелде жоғары білікті отандық кадрларды дайындау жөнін­дегі жұмыстарды талапқа сай ат­қару үстінде. Осы жұмыстарымыздың нәтижесінде бакалаврлар, магистрлар, PhD докторлары бойынша ең қажетті мамандар әзірлеу өз нәтижесін беруде. 2016-2019 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың екінші бес жылдығына және одан кейін­гі кезеңдерде іске асатын келелі жұмыс­тарға қажет білікті кадрлар дайындау «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-та жоспарлануда. Ол еліміздің ұзақ мерзімді жобалар аясында ойластырылып, ғылым, білім, өнеркәсіп, өзге де салаларға ауадай қажет мамандық түрлерінің тізбесі түзілуде. Халық санына қарай сапалы кадр­ды көбейту жөніндегі Қытай мемлекетінің бастамаларынан алар тағылым аз болмаса керек. Қазір ол елде ғылыми пәндерді толықтай қамтыған және оқыту сапасы жоғары білім жүйесі қалыптастырылған. Бір сөзбен айтқанда, жаһандану дәуірін­де дамудың бекем жолына түскен Қытай елінің білім мен ғылым және технология салаларындағы мол жетістіктерін орнық­тырып келе жатқандармен серіктес бола отырып үйренсек, Отанымыздың эконо­ми­касын бүгінгіден де биік дәрежеге көтереріміз сөзсіз. Мұндай игілікті істі жан-жақты дайындықтан өткен білім білі­гі мықты, бәсекеге төтеп беретін кадр­лар жүзеге асырады. Осы кадр дайындау ісін­дегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көре­ген саясатының нәтижесінде «Болашақ» бағ­дарламасы жиырма жыл бойы дүние жүзінің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында мыңдаған жасты оқытып, тағылымдамадан өткізді. Бұл игілікті іс алдағы уақытта да жалғасын таба береді. Осы жұмыс барысында ынтымақтастығымыз жарасқан Қытай мемлекетінде кадр дайындау жұмысы тереңдей бермек. Осы арада мына бір жағымды жайды да айта кетсем деймін. Ол қазіргі уақытта Халықаралық бағдарламалар орталығы АҚ үміткерлерге стипендия таға­йындау конкурсына қатысу және кейіннен шетелдік университеттерде, атап айтқанда, Қытай жоғары оқу орындарында оқуға құжаттар қабылдануда. Ол туралы толық мәліметті бағдарламалар орталығының ресми сайтынан алуға болады. Ғани НЫҒЫМЕТОВ, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті.

Бірігу берекеге бастайды

IMG_9319Еуразиялық экономикалық одақтың жарқын болашағы бар екеніне Елбасы Н.Назарбаев о бастан-ақ тұрақты назар аударып келеді. Іргелес жатқан елдермен интеграциялық үрдісті үдетуге үлкен жол ашылды. Бұл экономикамыздың дамуына бұрынғыдан гөрі серпін беретінін, экспорттық мүмкіндігіміздің кеңеюіне жол ашылатынын қазірдің өзінде аңғарып отырмыз. Елдер арасында еркін ықпалдастықтың берері мол. Ғаламдық жаһанданудың қазіргідей қарқынды дамуы кезінде іргеңді бекітіп алып отыра алмайтының хақ. Бұл, әсіресе, экономика саласына қатысты. Біз бұған дейін Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық ке­ңіс­тіктің қаншалықты қай­тарымды болғанын көріп отырмыз. Сондықтан, Еуразиялық эко­номикалық одақтан күтері­­­­­міз көп. Ең бастысы, одақ­қа қатысушы елдердің эко­но­микалық ықпалдасуы мүлде жаңа деңгейге көтері­летінін ғалымдарымыз айтып та, жазып та жүр. Сондай-ақ, бірлескен кәсіпорындар құрылып, жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Кәсіпорындар жаңа өткізу рыноктарына шығады, яғни кәсіпкерліктің тынысы ашылып, көкжиегі кеңейеді. Осы­ның барлығы мүдделері ортақ елдердің экономикалық мүмкіндігін көтеру арқылы тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға алғышарт жасайтыны Еуразиялық экономикалық одақ шартында басты назарда ұсталғаны көрініп-ақ тұр. Одаққа қатысушы ел­дердің егемендігі мен саяси құрылы­м­дарына аралас­пайтын бірыңғай экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған ашық қағидаттарға негізделген құрылым екені сөзсіз. Сон­дықтан, интеграциялық даму­дың басты тетігі ретінде де бағалы. Беларусь, Ресей және Қаза­қ­стан басшылары жүзеге асыр­ған бұл аса маңызды тарихи шараның келешегі кемел екеніне дау жоқ. Бұл бізді жаңа бірегей біріккен экономикалық іс-қимылдарға бастайды. Ол өз кезегінде табысымызды молайтып, мүмкіндігімізді арттырады. Бейбітшілік пен бірлікті, эко­номикалық тұрақтылықты ұстанып отырған көршілес елдерге де, оның халқына да керегі осы. Біздің кәсіпорынның өнімі экспортқа шығарылады. Зама­науи жаңа технологиямен жарақ­­тандырылған жаңа зауыт құрылысы аяқталып келеді. Еуразиялық экономикалық одақ алдағы уақытта да биіктерден көріне беруімізге деген сенімді нығайта түседі. Серік ӘБЕНОВ, «Қазхром» ТҰК» АҚ  филиалы Ақтөбе қорытпа  зауыты №2 цехы  бастығының орынбасары. Ақтөбе облысы.

Білім кеңістігіне берері мол

Еліміздің Ресей және Бело­рус­сиямен бірге Еуразиялық экономикалық одаққа бірігуі жаңа бетбұрыстың бастауы болып отыр. Айтулы оқиғаны сараптаған шығысқазақстандық ғалымдар осылай дейді. Д.Серік­баев атындағы ШҚМТУ-да атал­ған бірлестіктегі Қа­зақстан­ның дамуы туралы мәсе­лелер талқыланды. Оған универ­си­тет­тің профессор-оқытушылар құрамы мен докторанттар, магис­транттар қатысты. Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ректоры, физика-матема­тика ғылымдарының докторы Нұрлан Темірбеков одаққа қатысушы үш мемлекеттің әріптестік тарихында жаңа кезең басталғанын атап өтті. Ректордың айтуынша, осыдан жиырма жыл бұрын Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде оқыған дәрі­сін­де қоғамға ұсын­ған Еура­зия­лық одақ құру туралы жобасы бүгінде іс жүзінде шындыққа айналды. Қазақстан, Ресей және Белоруссия елдері арасындағы интеграция экономика, ғылым мен білім, денсаулық, мәдениет және туризм сынды көптеген бағытта өзінің өнімді нәтижесін беретін болады. – Біз жаһандық өзгерістер қарсаңында тұрмыз. Жалпы, еуразиялық кеңістік бізге жаңа мүмкіндіктер мен тың тыныс береді. Оның ішінде бірыңғай еуразиялық білім беру кеңістігін құруға болады. Бұл жаңа технология мен шет тілін жетік меңгерген, бәсекеге қабілетті, жоғары білікті мамандардан тұратын жаңа буынның қалыптасуына жол ашады. Интеграция орайындағы үдерістер ғылымда да орын алады. Өздеріңізге белгілі, ғылымда шекара болмай­ды. Үш елдің ғалымдары Еура­зиялық экономикалық одақ шеңберіндегі ғажап идеялар мен бірегей тәжірибелерді, ғы­лыми байланыстарды одан әрі ұштастырып, нығайта түседі. Сон­дай-ақ, инновациялық ғы­лым­ды дамытуда айтарлықтай алға жылжуға болады, – деді Нұрлан Темірбеков. Университеттің эконо­ми­ка­лық теория және нарық кафедрасының профессоры Сағаладин Жұманазардың айтуынша, интеграцияланған елдердің экономикасында пайда болатын құрылымның нәтижесінде территориялық-экономикалық және әлеуметтік шаруашылықта тепе-теңдікті сақтау, өндірісте төменгі шығын және жоғары кірісті жүзеге асыру, еңбек өнімділігін арттыру мәселелері туады. Құрылымдық өзгерістер сәтінде интеграция есебінен өндірістік ресурсты кеңейтуге, дамудың теңсіздігін түзеуге, халықтың әл-ауқатын арттыруға соны мүмкіндіктер болады. Осы сәтті тиімді пайдалана білу қажет. С.Жұманазар әлем елдерінің түрлі одақ пен қоғамдастықтағы тарихи интеграцияларына жасаған сараптамасымен бөлісті. Аталған бірлестіктердің тәжірибесі мен нәтижесі бойынша қорытынды шығарған ғалым Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер әлеуеттерін бірік­тіру жолы арқылы өз экономикаларын қазіргіден де қуатты қылып құруына болады. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН.