Аймақтар • 09 Қаңтар, 2023

Ат құлағы көрінбес ақтүтек

342 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шығыста неше күннен бері ат құлағы көрінбес боран соқты. 28 желтоқсаннан бастап күре жолдардағы қозғалыстарға шектеу қойылды. Барлық бағытқа кешкі сағат 18:30-дан соң шығуға тыйым салынды. Қарлы боран үдеп, қозғалыс қиындап кеткен соң облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде жедел штаб құрылып, тығырықтан шығу жолдары талқыланды. Қолға алынған шаралардың бәрі жолаушылар қауіпсіздігі үшін еді.

Ат құлағы көрінбес ақтүтек

Соңғы төрт-бес күннен бері Шығыс Қазақ­станда ақ түтек боран соғып, елдің мазасын қашыр­ды. Күре жолдарды қойып, қала ішіндегі көліктер қаңтарылып қалған. Жалпы, облыста 12 мың шақырымға жуық автокөлік жолы болса, оның 3 414 шақырымы республикалық маңызға ие. Ал осыншама жолды бар-жоғы 156 техника тазалайды.

– Қар еріп, жылбырап жатыр. Техника тоқтай қалса, бір жағына сырғып кетеді. Одан соң орнынан қозғалуы қиын. Өрге қарай қарды итеріп шығару да оңай емес. Қиындыққа қарамастан, күндіз-түні тоқтамай жұмыс істеп жатырмыз, – дейді тракторшы Алексей Бортников. 

Техника тізгіндеп, жолды қардан аршып жүрген азаматтардың үй бетін көрмегендеріне төрт-бес тәулік болған. Дамылсыз жол үстінде жүр. Мәселен, Өскемен – Риддер бағытындағы 105 шақырым жол жиегіндегі қардың қалыңдығы үш метрге жуықтайды. Күреп жүрген он шақты техника үлгермей жатыр. Қаланың шыға берісінде керуен болып, көліктер тізіліп тұр. Алтай – Өскемен бағытындағы күре жолда кө­ліктер екі тәулік тұрған. Бұл жақта 20 шақы­рымға жуық жолды тұтас қар алып қалыпты. 

– Қазіргі күнде жолда 84 техника жұмыс істеп жатыр. Техника болғаннан кейін сынатыны да бар. Оларды жедел жөндейді. Меха­низаторлар екі ауысымда жұмыс істеп жүр. Жолдарды ашу үшін барынша күш салып жатырмыз, – дейді Нұржан Мұстафин.

Күн райының қолайсыздығына қарамастан, жолға шығып кетіп, оқыс оқиғаларға тап болған жолаушылар да жоқ емес. Боранды күндері Привольное ауылынан Семей қаласына бағыт алған автокөлік жол жиегіне шығып кетіп, бес жолаушы салонда қамалып отырған. Өздері шарасыз болған соң жедел желіге хабарласып, көмек сұраған. Қоңырау түскен соң апаттық медицина орталығының дәрігерлері оқиға орнына жеткен. Жете сала, қарға көмілген көліктің есігін ашып, бес жолаушыны қауіпсіз жерге шы­ғарған. Оларға алғашқы медициналық көмек көрсе­тілген соң жергілікті мешітке орналастырып­ты. «Жолаушы – мүсәпір» демекші, мешітте оларға ыстық шай беріліп, жылы көрпеге оранды.

Мұндай қамқорлықты Абай облысына қарасты Жарма ауданының тұрғындары да көрсетті. Әдетте қыстың күні боран соқса, жо­лаушылардың біразы Омбы – Майқапшағай тас жолы бойындағы Қалбатау ауылына жетіп тоқтайды. Тоқтамасқа амал жоқ. Жуықта жолда қалған жолаушыларға жармалық «Шарапат» үкіметтік емес ұйы­мының еріктілері және төтенше жағдайлар бөлімі ыстық шай таратып, барынша көмек көрсетті. Қалбатаудан 20 шақырым асып барып, қар құрсауына қамалған төрт жолаушыны құтқарушылар ауылдың қонақүйіне жеткізді. Сонымен қатар Алматы – Өскемен, Семей – Көкпекті, Зайсан бағытта­рындағы көлік қозғалысын шектеуге байланысты жолда қалған 86 жолаушы арнайы жылыту пунктіне орналастырылды. Шалабай ауылының тұрғыны түтеп тұрған күні кешкілік жұмыстан шығып, адасып кетіп, табылды. Айта берсек, боранды күндері Шығыс Қазақстан аумағында жүздеген адам құтқарылды. Тіпті Ресей азаматтары да шекараға таяу Шемонаиха ауданында қарға қамалып қалған. Құтқарылған ресейлік 12 адамның ішінде екі бала да бар. Олар Шемонаиха қаласындағы қонақүйлердің біріне жайғастырылған.   

1

Иә, биылғы қыс қытымыр мінез көрсетіп тұр. Бұрында боран бір күн, бір түн, әрі кетсе екі күн соғып тыныштала қалар еді. Бұл жолы аптаға таяды. Боран басылғанымен, облыстың таулы аймақтарында көшкін түсу қаупі және төніп тұр. Жалпы, осы күндері шұғыл шаруа болмаса, жолға шықпаған жөн. Саяхаттап, тауға шығуды да кейінге қалдыру керек. Егер шұғыл жолға шығу қажет болса, күрек, жанармай, жылы жамылғы, телефон қуаттағыш, қол шам секілді дүниелерді мін­детті түрде алып алыңыз. Ішіп-жем, ыстық шай құйылған термос та жаныңызда болсын. Ал телефоныңызға немесе «Дәрмен» қосымшасына «жол жабық» деген хабарламалар келсе, жолға шығудан бірден бас тартыңыз. Еске сала кетсек, құқық қорғау органдарының шектеуіне бағынбай, жолға шығып кеткен азаматтарға айыппұл бар. Айыппұлдан бұрын, боранды күні өзіңіздің, жолаушылардың өміріне қауіп төнеді. Құтқарушылар да кез келген уақытта оқиға орнына жете бермеуі мүмкін. Алда-жалда жолға шығып кетіп, қар құрсауында қалып қойсаңыз, 112 телефон нөміріне хабарлауға тырысыңыз. Айтқандай, «Қазгидромет» орталығының болжамына сүйенсек, аймақта қарлы дауылдың соңында жауын-шашын түсіп, көктайғақ болуы мүмкін.

 

Шығыс Қазақстан облысы