Аймақтар • 09 Қаңтар, 2023

Жергілікті мердігерлерге сенім

157 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бірнеше күн бұрын құйындай соққан дүлей дауыл салдарынан Жаңатас, Қаратау қалаларындағы тұрғын үйлер мен нысандардың шатыры ұшып, электр бағаналары құлап, жұрт жарық пен жылусыз қалған болатын. Жергілікті атқарушы биліктің жедел іске кірісуімен аталған қалалардағы жағдай ретімен қалыпқа келді. Қазір жұрт жарықтан тарығып отырған жоқ, ауыз су және жылумен қамтылды.

Жергілікті мердігерлерге сенім

Жағдай өңір басшысы Нұржан Нұржігітовтің толықтай бақылауында. Әйткенмен, моноқаладағы «Көкбұлақ» сумен қамту қоймасындағы электр желілерін жөнге келтіру жұмыстары жедел аяқталуға тиіс. Сонымен қатар «Жаңатас су жылу» кәсіпорнын сапалы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету мәселесі де өзекті.

Бүгінде Жаңатастағы орта­лық қазандық штаттық режімде жұмыс істеп тұр. Қызмет­кер­лер жұртты жылумен қамту үшін жан аямай еңбек етуде. Нәти­жесінде, қала тұрғын­дары жылумен қамтылған. Қазіргі кезде қаладағы 97 көпқабатты тұрғын үй бойынша айналымды ретке келтіру, артық ауаны шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Дүлей дауыл салдарынан Жаңатас қаласында ұзын саны 9 нысан айтарлықтай бүлінген болатын. Аталған ғимараттардың барлығында күрделі жөндеу жұмыстары басталып кетті. Өңір басшысының тапсырмасына сәйкес, жұмысты сапалы атқару үшін жергілікті мердігерлер жұмылдырылған. Олар басталған жұмысты жедел аяқтауы керек.

Сарысу аудандық электр желілерін тарату мекемесі ма­ман­дарының айтуынша, 726 шақырым электр желілерінің 62 шақырымы үзілген. 10,5 мың электр бағанасының 240-ы құлаған. Бүгінге дейін 51 шақырым электр желісі мен 151 бағана қалпына келті­рілген. Аудандағы 25 ауылдың 23-і электр энергиясымен қамта­ма­сыз етілді. Жаңатастағы 97 көпқабатты тұрғын үйдің бар­лы­ғына электр энергиясы қосыл­ған. Қысқасы, жағдайды қа­лыпқа келтіру мақсатында ау­қым­ды жұмыс атқарылып жа­тыр деп айтуға толықтай негіз бар.

«Барлық қалпына келтіру жұмыстары 10 күннің ішінде аяқталуға тиіс. 1-2 күнде Жаңатас қаласы және ауданның елді мекендері толықтай электр энергиясымен қамтылуы керек. Осы мерзімде қалаға су, жылу толығымен берілуі қажет. Қаладағы әр үйге жылудың жетуін тексереміз. Ішінара бүлінген нысандарды аудан басшылары бір күнде ретке келтіруі керек. Әр нысанға бір-бір мердігерден бекітіледі. Уақыт жоғалтуға болмайды. Елді мекендерді тазарту жұмыстарына да барынша көңіл бөлеміз. Біздің ең негізгі міндетіміз – халыққа қызмет көрсету», деді өңір басшысы.

Қатты желден Талас ауданының орталығы Қаратау халқы да айтарлықтай зардап шеккен болатын. Мұнда жалпы саны 11 нысан бүлінген. Бүгінде аталған нысандардың барлығына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өңір басшысы күрделі жөндеуді қажет етпейтін нысандарды асар әдісі арқылы қалыпқа келтіру керектігін айтып отыр.

«Ауа райы қайтадан бұзыл­май тұрып, барлық жөндеу жұмыстарын қысқа мерзімде аяқтауға тиіспіз. Ертең сұрақ туындамас үшін барлық жұмыс­тың сапалы орындалуын қатаң бақылауда ұстау қажет. Ішінара бұзылған нысандарды асар әдісімен ретке келтіру керек. Табиғи төтенше жағдай салдарын жоюға тұрғындарды да жұмылдыру маңызды. Ауылдастардың бір-біріне қол­ұшын беруі қанымызда бар игі дәстүр. «Жұмыла көтерген жүк  жеңіл» деп бекер айтылмаған», деді Н.Нұржігітов.

Қысқасы, дүлей жел салдарынан туын­даған мәселелерді дер кезінде шешу үшін барлық жағдай қарастырылып жатыр. Жергілікті атқарушы билік күн қайта суытпай тұрып, жөндеу жұмыстарын жедел аяқ­тауға ынталы. Сол үшін де барлық жұмысқа жергілікті мердігерлер тартылып отыр.

 

Жамбыл облысы