Пікір • 09 Қаңтар, 2023

Іштен шыққан жау жаман

690 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстанның саяси тарихында қара дақ болып қалған қаңтар қасіретін Мәжілісте екінші рет кең ауқымда талқыладық. Бұл ешқашан өшпейтін, қазақ жастарының жадында жаңғырып тұратын, бәлкім мәңгі сақталатын ауыр оқиға.

Іштен шыққан жау жаман

Сол бір сұрапыл күндерде көшеге шыққан жастардың сауатты бөлігі елді қиратамыз деп емес, керісінше, надандық пен әділетсіздікке, тамыры тереңге кеткен сыбайлас жемқорлық пен қызмет бөлістегі жөнсіз қамқорлыққа, бір қолға шоғырланған байлыққа, жұмыссыздыққа, баспанасыздыққа, жастар саясатындағы салғырттыққа қарсы күрес үшін деп шықты. Қоғамда әділеттік орнатамыз, отбасылық кландарды жоямыз, ашық саясатқа жол ашамыз деп сенді. Өкініштісі, өрімдей жастарымыздың басым бөлігі содырлардың алдауына, мемлекетті күшпен басып алу арқылы төңкеріс жасауды көксеген теріспиғылды опасыздардың арбауына ілікті.

«Іштен шыққан жау жаман» дегенді бабалар тегін айтпаған. Ай-күннің аманында ниетіне қасқыр шапқан бүлікші-содырлардың арбауының кесірінен қаншама жас азаматтар қаза болды. Бұл – шыққан күндей шындық!

Опасыздықтың шегі сол, мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылғандардың арасында саяси қызметтегі адамдардың болғаны. Ұлттың қауіпсіздігін сеніп тапсырған адам Тәуелсіздіктің іргесін шайқап, мемлекетке қауіп төндірген соң басқадан не үміт, не қайыр?! Бұдан шығатын қорытынды – жоғары лауазым иелері елдің болашағына сенген жастардың сеніміне сатқындық жасады. Олар жылдар бойғы заңсыз әрекеттерін одан әрі жалғастыра беру үшін, жастарға қару ұстатып, оларды террорлық әрекет етуге итермеледі. Естен тандыратын синтетикалық есірткі мен ащы суды оңды-солды таратқанын тергеу изоляторларын аралағанда өз құлағымызбен естідік.

Қаңтарда алданған, арбалған жастар қолшоқпарға, құралға айналуы – салдар ғана, ал мұның себебі тым тереңде еді. Мысалы, қоғамның басты індетіне айналған барлық саладағы: денсаулық, білім беру, сот жүйесі, ауылшаруашылық, мұнай-газ секторы, жер қатынасы, кеден жүйесіндегі жолға қойылған жүйелі жем­қорлық, бай баласы мен кедей бала­сы­ның арасындағы мүмкіндіктер алшақ­тығы, тамыр-таныстыққа құрылған сыбайлас­тық, әділетсіз келген байлық сияқты тізіп кете беруге болады. Бұл – Қазақстанның саяси-әлеуметтік, экономикалық кеңіс­тігіне жылдар бойы батпандап кірген «аурулардың» бір парасы ғана еді.

Бұған қоса, жастар арасында адал еңбектің, білімнің лайықты бағаланбауы, олардың ортасында қылмыстық топтармен байланысы бар азаматтардың көлең­келі лидерге айналуына әкеліп соқтыр­ды. «Авторитет» ағаларды жағалаған жастардың көбейгені сонша, қоғамда «Бөкеңнің жігіттері», «Төкеңнің балалары» деген топтардың атынан ат үркетін жағдайға жетті. Мұндай топтар әлеуметтік желілер арқылы өздерінің патша өмірлерін көрсетіп, талай жастарымыздың санасын бұзды. Тіпті заңды белден басу, құзырлы орындардың басынан аттап өту беделге айналды. Ал мұндай топтардың көксегені – әділетсіз байлық пен қуыршақ билік.

Олар үшін қару ұстап, әлсізге әлімжеттік көрсету батырлықпен теңес­тірілді. Соның салдарынан бір топ жас­тар қаңтар оқиғасында қылмескерлер арасын­да «Дикий Арман» лақап атымен та­нымал Арман Жұмагелдиевтің қыл­мыс­тық іс-әрекеттерінің құрбаны болды. Сонда жастардың логикасы бойынша елді осындай опасыз-қылмыскердің қолына беруге болатынына сенгені ме?

Ал Маңғыстау өңіріндегі «бізге ұры Әблязовты алдырыңдар, әйтпесе бардак жасаймыз, бұл өңірді Қазақстаннан бөлеміз» деп үй ішінен үй тігуді көздеген көлденең көкаттылардың үндеуін қалай түсінеміз?! Сәл болғанда, өздерінің арам ойларын іске асыру үшін қызуқанды жастарды «танк астына» салуға дайын болды емес пе?

Расында қаңтардағы қайғылы оқиға­лар жастардың әлеуметтік-эконо­­ми­­калық бейімделуінде үлкен олқылық­тардың бар екенін айқын көрсетті. Сол күндері қылмыскер болуға, елін опа­сыз­дардың қолына беруге дайын жас аза­мат­тарымыздың бар екенін шық­қыр көзіміз көрді. Бұл аса қауіпті үрдіс. Алайда бұл құбылыс аспаннан құлап түскен жоқ, бұған жылдар бойы мадақ пен мақтаннан арыла алмаған, жалған ұрандарға алданған идеологиялық кеңістіктегі кемшілік пен мемлекеттік басқару жүйесіндегі жастарға деген қалдықты принциппен қараудың нәтижесі деп білемін.

Әрине, еліміздегі жастардың мәселесіне байланысты қағаз жүзіндегі даярланатын ақпараттар мен оның қазіргі шынайы жағдайының арасындағы алшақтық сын көтермейтінін білеміз. Дегенмен, біздің өзге Отанымыз жоқ.

Сондықтан адал еңбек пен озық білім бағаланатын қоғам құру үшін жа­стар көп еңбектену керек. Арам пиғыл­ды бандиттерді ағалайтын заман емес, білімді паналайтын заман екенін түсінетін уақыт жетті. Жаңа білім алуға, өз кәсібіміздің шебері болуға ұмтылатын, істің тек мәнісін білетін емес, әдісін қатар қолданатын кезең келді. Ал ол үшін елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен түбегейлі саяси реформалар жүзеге аса бастады. Оның жалғасы терең экономикалық, әрі әлеуметтік реформалармен көмкерілуге тиіс. Ол үшін отаншыл менің замандастарым қамдануы қажет. Сондықтан еліміздің алған беттен бұрылмауы, адал міндеттен таймауы әрқайсымызға қасиетті парыз.

 

Жанарбек ӘШІМЖАН,

Мәжіліс депутаты