Ауыр күндерде алғы шепте қызмет көрсеткендердің бірі – медицина қызметкерлері, дәрігерлер. Біздің №7 ауруханамыздың қабылдау бөлімшесіне түскендердің бәрі ауыр жағдайда еді. Бұл оқиға төбемізден су құйып жібергендей, жан түршігерлік жағдайға айналған болатын.
Аурухана белгісіз адамдардың қоршауында қалды. Әрине, қорқыныш, үрей болды. Ауруханадағы әріптестеріміз бен емделушілердің тағдырына алаңдадық. Санамыздың түкпірінде, жүрегіміздің төрінде орын алған қорқыныш өмірімізден айырылып қалардай үрей қалдырды. Алайда осынау қиын-қыстау кезеңде бізді қоршап алған содырлардың үркіткеніне, әйнектер мен құрал жабдықтарды сындырғанына қарамай, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» өз міндетімізді орындадық.
Түрлі жарақаттармен түскен науқастардың кім екеніне, қандай салада жұмыс істейтініне қарамастан пациент ретінде қабылдадық. Ол адамдардың бәрі өте ауыр жағдайда келді, өйткені көпшілігіне оқ тиген, ашық жаралары болды. Дәрігерлер мен науқастардың өмірі қыл үстінде тұрды. Он бестен астам ота жасадық. Екі тәулік бойы көз ілмей, күшейтілген режімде қызмет көрсеттік. Әрине, осындай жағдайда анестезиолог, хирург дәрігерлердің адами факторға жол беріп, шатасып кету қаупінен сескендік.
Өкінішке қарай, қаншама азаматымыз қаза тапты. Халқымыз «Тас түскен жеріне ауыр» дейді. «Осындай күрделі шақта қалай жұмыс істеп, қызмет көрсетуге болады?» деген сұрақ туындайды. Ақ халатты абзал жандар қиындықтарға қарамастан жұмыс істеп, батыр мінез көрсетіп, антқа адалдық танытты. Әріптестеріме көп рахмет айтқым келеді. Қаңтардың ызғарлы күндері біз үшін ең ауыр кезең болды. Осылай бір ұжым болып бүкіл жұмысты қолдан келгенше атқарып шықтық.
Біз де қайғылы, ауыр сынаққа толы күндердің қайталанбауын тілейміз. Бұл – баршаның көкейіндегі ортақ тілек. Қазір бәріне әділ баға беріп, сол басбұзарлардың бәрін бандит деп өз атымен атауымыз керек. Өйткені осындай оңбағандық келешекте қайталанбауға тиіс. Осыған бүкіл қоғам болып жұмыс істеуіміз керек. Бұзақылардан батыр жасаудың қажеті жоқ.
Есенай ЕСПЕНБЕТОВ,
Алматы қаласы №7 ауруханасы реанимация бөлімшесінің меңгерушісі