Сенатор Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында алға қойылған міндеттерді іске асыру барысын ауыл тұрғындарымен бірге талқылады. Кездесуге қатысушылар Президенттің бастамасы бойынша әділетті Қазақстанды құруды көздейтін саяси және экономикалық реформаларды қолдау жөніндегі Сенат жүргізіп жатқан заң шығару жұмысына жан-жақты тоқталды.
«2022 жылы біздің елімізде жаңа кезең басталды. Президент бастамасы бойынша жүзеге асқан реформалар аясында Парламенттің рөлі мен ықпалы арта түсті. Бұл қадамдар Қазақстанды одан әрі демократияландыруға бағытталған деп санаймыз», деді Әли Бектаев.
Кездесуге қатысушылар сонымен қатар ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын жаңғыртудың, ауыл халқының өмір сүру сапасын жақсартудың және білім беру саласын дамытудың өзекті мәселелерін де талқылады.
Ал сенаторлар Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қаласындағы «Энергоорталық-3» АҚ жұмысымен танысты. Биыл мұнда электр стансасының негізгі және қосалқы жабдықтарына жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Компания өкілдерінің айтуынша, кәсіпорын 1981 жылы салынған. Оның негізгі жабдықтары 61,5 пайызға дейін тозып кеткен. Сенаторлар Мемлекет басшысының тапсырмаларын ескере отырып, еліміздің бірқатар жылу электр стансаларында орын алған ауыр апаттарды және жылу беру маусымында авариялық жағдайлар мен техникалық ақауларды алдын алудың маңыздылығына ЖЭО басшылығының ерекше назарын аударды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша энергия өндіруші компанияларға ауқымды технологиялық сараптама жүргізілді және шаралар жоспары белгіленді. Алдағы уақытта электр стансалары басшыларының жауапкершілігін арттыру мәселелері бойынша қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу қарастырылатын болады», деді Айгүл Қапбарова.
Сенаторлар «Конгресс холл» көпсалалы кешенінің құрылыс барысымен және мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында іске қосылған «Атамекен» медициналық орталығының жұмысымен де танысты.