Тыйым ұлттық экономиканы дамытудың тұрақтылығы мен орнықтылығын қамтамасыз ету және ішкі нарықта мұнай өнімдері тапшылығының пайда болуына жол бермеу мақсатында енгізілмек. Бірлескен бұйрықтағы өзгерістер мұнай өнімдерін шекара арқылы әкетуге жол бермеуге ықпал ететін болады.
«ҚазМұнайГаз» басшысы Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, биыл елімізде 17 млн тонна мұнай өнімі өндірілмек. Бұл – рекордты көлем. Сарапшылар сөзіне қарағанда, мұнай өнімдері халықаралық саудадағы үлесі тұрғысынан бүкіл тауарлық топтар ішінде 4-орында тұр. Өйткені мұнай өнімдері көптеген салада, әсіресе, өнеркәсіптің түрлі секторында шикізат ретінде пайдаланылады.
Экономикалық зерттеулер институтының ақпараты бойынша, мұнай өнімдерін экспорттауда талассыз жетекші ел – АҚШ. Олар жаһан экспортының 20 пайыздан астамын беріп отыр. Екінші орында – 10 пайыз үлеспен Ресей мемлекеті. Бұдан бөлек, нарықтағы ірі ойыншылар ретінде Сингапур, БАӘ, Оңтүстік Корея, Қытай, Үндістан, Сауд Арабиясы елдері аталады.
«Әлемдік сұраныстың жартысынан көбі дамушы елдерге тиесілі. Бұл ретте олардың үлесі тұрақты өсіп келе жатыр. Ал дамыған елдер үлесі біртіндеп төмендеуде. Алайда қазір ядролық энергетикадан бас тарту тенденциясына байланысты қайта ұлғаюға көшті. Қазақстан үшін де мұнай өнімдері нарығын дамыту, бұл саладағы бәсекелестікті күшейту маңызды басымдық болып саналады. Бізде үш мұнай өңдеу зауыты бар – Атырауда, Павлодарда және Шымкентте. Сарапшылардың айтуынша, осы үшеуінің бірігіп берген ауқымды көлемінің өзі әлемнің алдыңғы қатарлы кәсіпорындарындағы көрсеткішті тіпті де маңайламайды.
«Қайта өңдеу қуаты тапшылығының негізгі себебі экономикалық өсу және мұнай өнімдерін тұтынудың ұлғаюымен қатар, жаңа қуатты құруға жоғары күрделі шығындар, инвестицияларды өтеудің ұзақ мерзімі және экологиялық талаптарды қатаңдату болып саналады», дейді сарапшылар.
2022 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Қазақстанға 431,8 млн доллар сомасына 326 062 тонна мұнай өнімдері әкелінген. Қазақстанға мұнай өнімдерін экспорттау бойынша Ресей (257 049 тонна – 274,4 млн доллар), Бельгия (7 953 тонна – 21,2 млн доллар), Түркия (6 198 тонна – 20,2 млн доллар), Германия (4 802 тонна – 19,8 млн доллар), Оңтүстік Корея (5 923 тонна – 14,2 млн доллар), Қырғызстан (12 914 тонна – 11,7 млн доллар), Финляндия (3 129 тонна – 11,7 млн доллар), Франция ( 4 302 тонна – 11,2 млн доллар), Нидерланд (2 203 тонна – 6,3 млн доллар), Жапония (1 461 тонна – 5,4 млн доллар) елдері үздік ондыққа кіреді.