Экономика • 09 Қаңтар, 2023

Дайындықтың дер шағы

229 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Отандық шаруалар алғаш рет көктемгі егіске дайындық қаражатын ерте алып отыр. 2023 жылдың егін егу жұмыстарын жүргізуге Аграрлық несие корпорациясы 23 млрд теңге бөлді. Енді шаруашылықтар көктемге ерте қамданатын болады.

Дайындықтың дер шағы

«Кең дала» бағдарламасын іске асыруға негізінен несие серік­тес­тіктері белсенді қаты­сады. Солардың бірі – «Целиноград» не­сие серіктестігі. Серіктестік Ақ­мола облысының шаруаларын 940 млн теңгеге қаржыландырды. Қар­жы ұйымының басшысы бұл қаражат 2023 жылғы егіс нау­қанын тиімді жүргізуге мүм­кін­дік беретінін жеткізді.

– Шаруалар жыл сайын «Кең дала» бағдарламасы бойынша дайындық қаражатын көктемде алатын. Бұл тиімсіз еді. Биыл, біріншіден, қаржыландыру кө­ле­мі ұлғайды, екіншіден, егін салу­шылардың мүддесін ескере отырып, корпорация несие шартына өзгеріс енгізді. Енді шаруа қожалықтары егін егу жұ­­мыс­тарына қажетті ақшаны жел­тоқсан айында алып, тұқым, жанар-жағармай, тыңайтқышты биылғы бағамен сатып ала алады. Тәжірибе көрсеткендей, көктемге қарай баға 10-15 пайызға көте­ріледі, – дейді «Целиноград» не­сие серіктестігінің басқарма төрағасы Сағадат Әшебеков.

Былтырғы  макро­эко­но­ми­калық жағдайды, егіс және егін жинау науқа­нын­да­ғы шы­ғын­дардың артуын, осы саладағы несие қара­жатына сұраныстың жоғары екенін ескере отырып, мемлекеттен қо­сым­ша 70 млрд теңге бөлінген бо­латын

– Аграрлық несие корпора­ция­сының қолдауымен былтырғы 5,2 млн гектар егістік жер өңдел­ді. Қаражаттың бір бөлігі – 23 млрд теңге 2023 жылғы егіс жұ­­мыс­тарын қаржыландыруға бағытталған. Аграрлық несие корпорациясы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржы­лан­дыру үшін өз қызметін жетіл­діруді жалғастырады, – деді «Аг­рар­лық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Алмат Әшірбеков.

Қаржының ерте бөлінгенінің нәти­жесінде Түркістан облы­сындағы «Ай» шаруа қожалығы көктемде егетін тұқымды сатып ала бастады. Шаруашылық өкілі Бағдат Айбосыновтың айтуынша, бұл шаруаларға ақша үнемдеуге мүмкіндік береді.

– Күздік дақылды егіп қой­дық. Көктемде 800 гектар жерге бидай, арпа, мақсары және жо­ңыш­қа егуді жоспарлап отырмыз. Тұқымын қазір сатып алып жатырмыз, көктемде әлдеқайда қымбатқа түседі. Сондықтан не­сие­нің қазір берілгені жақсы. Көк­тем­ге ауыл шаруашылығы техникасын, 25 тонна жанар-жағармай дайындадық. Наурыз айында егін егуді бастаймыз, – деді «Ай» шаруа қожалығының өкілі Бағдат Айбосынов.

Биыл көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге бөлінетін қаржы көлемі 140 млрд теңге болады деп жоспарланып отыр.