Теннис • 10 Қаңтар, 2023

Қарсыласымыз – Чили

113 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

4-5 ақпан күндері теннистен 2023 жылғы Дэвис кубогінің іріктеу кезеңдері басталады. Әдеттегідей бұл сында Қазақстанның ерлер құрамасы да өнер көрсетеді. Александр Бублик бастаған біздің жігіттер бейресми әлем чемпионатының финалдық кезеңіне шығу үшін Оңтүстік Америка құрлығының өкілі Чили теннисшілерімен шеберлік байқасады. Аталған матч Тынық мұхитының жағалауында орын тепкен Чилидің тарихи әрі курортты қаласы Ла-Серена корттарында өтеді.

Қарсыласымыз – Чили

Күні кеше теннистен Қазақстан ерлер құрамасының капитаны Юрий Щукин Чилиге баратын теннисшілердің тізімін жариялады. Мұхиттың арғы бетінде өтетін бәсекеде ел намысын жекелей сында Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик, әлемдік рейтингте 143-ші және 195-орындарда орналасқан Тимофей Скатов пен Михаил Кукушкин қорғайды. Ал жұптық сында әлемнің 49-ракеткасы Андрей Голубев пен Александр Недовесов (55-орын) кортқа шығады. Ойындар Ла-Серена қаласының құмдауыт корттарында өтеді.

Чилимен өтетін ойынға шақырылған теннисшілердің барлығы да жекелей сында тәуір нәтиже көрсетіп, жанкүйерлерді жарқын жеңістерімен қуантып жүр деп айта алмаймыз. Тек Александр Бублик қана жетістігімен біршама мақтана алады. Әлемдік рейтингте 36-орында тұрған жерлесіміз былтыр ATP санатындағы бес бірдей ірі турнирдің финалында өнер көрсеткенімен, соның тек біреуінде ғана жеңіс тұғырынан көріне білді. Францияның Монпелье қаласында жалауы желбіреген турнирдің финалында жерлесіміз Токио Олимпиадасының чемпионы, сол кездегі әлемнің 3-ракеткасы германиялық Александр Зверевті екі сетте – 6:4, 6:2 есебімен оп-оңай тізе бүктіріп, бас жүлдені олжалаған еді. Бұл – қазақстандық теннисшінің манса­бындағы ATP 250 сериясындағы жарыс­та иеленген алғашқы жүлдесі болатын.

Сондай-ақ 2022 жылды әлемнің 142-ракеткасы ретінде қорытындылаған Тимофей Скатов та Челленджер турни­рінің чемпионы атанды. Солтүстік Қазақ­стан облысының тумасы Италияның Парма қаласындағы дүбірлі додада үздік шығып, жанкүйерлерін осы бір тамаша жеңісімен қуантты. Тимофей финалда дүниежүзілік рейтингте 156-орында тұрған словакиялық Йозеф Коваликпен бас жүлдені сарапқа салды. Аса тартыс­ты өткен ойында Скатов 7:5, 6:7, 6:4 есебімен екі сетті өз пайдасына аяқтап, жа­рыс жеңімпазы атанды. Осылайша, Т.Скатов та өз мансабында тұңғыш рет Чел­ленджер санатындағы жекелей жа­рыс­тың чемпионы деген атағына қол же­ткізді.

Ла-Серена қаласында өтетін Чили – Қазақстан матчы әдеттегідей төрт жеке­лей кездесуден және бір жұптық бәсекеден тұрады. Әр ойын үш сетке жалғасады. Жеңіске жеткен құрама қараша айында Испанияның Малага қаласында ұйымдастырылатын Дэвис кубогінің финалдық кезеңінде бақ сынау мүмкіндігіне ие болады. Сондай-ақ Чили мен Қазақстан құрамасынан бөлек, әлем чемпионатының финалына шығу үшін Хорватия – Аустрия, Франция – Мажарстан, АҚШ – Өзбекстан, Германия – Швейцария, Ұлыбритания – Колумбия, Сербия – Норвегия, Бельгия – Корея, Швеция – Босния және Герцеговина, Нидер­ланд – Словакия, Аргентина – Финляндия және Чехия – Португалия теннисшілері іріктеу матчтарында күш сынасады.

Сөйтіп 12 жұптың жеңімпаздары былтырғы Дэвис кубогінің жеңімпазы Канада мен екінші орын иегері Аустралия, сонымен қатар ұйымдастырушылардан арнайы шақырту алған (wild card) Италия және Испания құрамаларының қатарын толықтырып, 2023 жылғы чем­пиондықты сарапқа салады.

Былтырғы маусымда Қазақстан құра­масының теннисшілері іріктеу кезеңінде Кас­пер Рууд бастаған Норвегия құра­масын өз елінде жеңіп, фи­­­­нал­дық кезеңге жолда­ма алған-ды. Алайда қыр­күйекте Глазгода өт­кен фи­налдық бәсекеде D то­бында Нидерланд, АҚШ, Ұлыбритания құ­ра­­ма­ларымен бір топта ойнап, барлық матч­та жеңіліп, тағы да жүл­деден құр қалды.

Айта кетейік, Дэвис кубогі (Davis Cup) – Ха­лықаралық теннис федерациясы жыл сайын өткізетін ерлер арасындағы ең ірі халықаралық коман­далық жарыс. Жүз жылдан асатын тарихы бар турнир ұлттық құрамалардың бейресми чемпионаты саналады. Ең алғаш 1899 жылы Гарвард университетінің төрт студентіне ұлттық құрамалар ойнайтын теннис турнирін ұйымдастыру туралы ой келеді. Студенттердің бірі – Дуайт Дэвис жарыстың кестесін құрып, өз қаржысына жеңімпазға берілетін күміс кубокті сатып алады. Алғашқы турнир 1900 жылы Бруклинде өтіп, оған АҚШ және Ұлыбритания құрамалары қатысқан.

Дэвис кубогінің ең алғашқы жүлде қорын 1981 жылы НЕК компаниясы тағайындап, турнирдің бас демеушісі атанған. Ал 2002 жылдан бүгінгі күнге дейін «BNP Paribas» банкі ұлттық бас демеуші болып келеді. Дэвис кубогінің қазіргі жүлде қоры 21 420 000 миллион АҚШ долларын құрайды.

Бір ғасырдан аса тарихы бар турнирге Қазақстан құрамасы сонау 1995 жылдан бастап қатысып келеді. Дегенмен, отандас­тарымыз әлемдік топқа алғаш рет 2010 жылы Швейцарияны жеңгеннен кейін ғана шықты. Содан бері Қазақстан құрамасы Дэвис кубогінің тұрақты қа­тысушысына айналды. 2011, 2013-2015 жылдары ширек финалға дейін жетті. Бұл – құрамамыздың бүгінгі күнге дейінгі ең үлкен жетістігі. 2019 жылдан бастап жаңа форматта өткізіле бастаған турнирдің финалына жерлестеріміз тұрақты қатысып келеді. 2021 жылғы мау­сымда отандастарымыз ширек фи­налға дейін жетіп, ¼ финалда Сербия құрамасына 2:1 есебімен жол берген еді.

Дэвис кубогіне ең көп қатысқан (102 рет) АҚШ құрамасы 61 рет финалға шыққан екен. Соның 32-сінде кубок жеңім­­пазы атанса, 29 ойын­да фи­налда сүрініп, күміс жүл­деге қол жеткізген. Екінші орынға Аустралия құрамасы ор­налас­қан. «Жасыл құрлық» елінің теннис­шілері финалға 47 мәрте шығып, 28-інде чемпион атанған. Үздік үштікті Ұлыбритания теннис­­шілері қорытындылап тұр. Олар 18 рет финалға шығып, 10 ойында жеңіске жетсе, 8 рет финалда жеңілген. Сонымен қатар Франция теннисшілері де 10 рет жеңіс тұғырынан көрінген.