Өнер фестивалінің сахнасында қаншама тілде ән шырқалды десеңізші. Жүзге тарта мемлекеттің өнердегі беткеұстар адамдары Қазақстанға келді. Тіпті, осы фестивальдің Бас жүлдесін жеңіп алған филиппин әншісін әуежайдан өз елінің президенті күтіп алғанын да ұмытқан жоқпыз.
Егер «Азия дауысы» музыкалық фестивалі алғаш өткен 1990 жылы туған сәбилер бүгінде ел азаматтарына айналғанын ескерсек, дарындардың бір дәуірі өткенін бағамдайсыз. Күні кеше ғана тұсауын кескендей көрінетін алғашқы өнер мерекесіне 15 мемлекеттің әншілері қатысқан болатын. Бар болғаны үш жылдан кейін, яғни 1993 жылы «Азия дауысы» халықаралық фестиваль ұйымдастырушылар федерациясының (ФИДОФ) мүшесіне айналды. 1994 жылы фестиваль әлемдік шоу-бизнестегі Канн фестивалінің (Франция) мамандандырылған сыйлығына ие болып, 1998 жылы халықаралық фестиваль ұйымдастырушылар федерациясы «Азия дауысына» «әлемнің үздік фестивалі» деген атақ берді.
Енді, міне, «Медеу» мұз айдынында аты аңызға айналған фестиваль әуендері қайта шырқалады. Фестивальдің жаңа Ұйымдастыру комитетінің мүшелерінің көпшілігі өз мансабын осы фестиваль сахнасынан бастаған жандардан құралып отыр.
Фестивальдің бас продюсері Арманжан Байтасов: «Біздер Мұрат Ерғалиев пен Александр Пономарев қалдырған музыкалық мұраны сақтап, жалғастырумыз керек. Әрине, «Азия дауысының» үздік орындаушылар алаңына айналуына және оның беделді болуына біз де мүдделіміз. Фестиваль шілде айының соңына жоспарланды. Қазіргі міндетіміз – әлемдік музыка қауымдастығын өз жоспарларымыздан хабардар етіп, фестивальге өтінімдер қабылдауды бастап кету. Қазір арнайы қонақтар тізімі анықталған жоқ, бірақ аудитория сөзсіз әлемдік деңгейдегі жұлдыздарды күтетіндіктен, өзімізге жоғары мақсат қойып отырмыз. Бұл әрі елге туристерді де тартады. Баршамызға оңды да жарқын оқиғалар қажет. Алматы қаласы әкімдігінің жобамызға қызығушылық танытып, қолдау көрсетіп отырғанына қуаныштымыз, өйткені фестивальдің өзі – бүкіл индустрияны дамыта алатын маңызды оқиғалардың тұтас сериясы десек те болады. Әрі фестиваль аясында музыкалық продюсерлердің халықаралық форумын өткізуді жоспарлап отырмыз» дейді.
Осылайша, халықаралық өнер додасына дайындық басталып та кетті. Айтқандай, өнерсүйер қауым үшін тағы бір жақсы жаңалық – эстрада әлемінде талай әншінің бағын ашқан «Жас қанат» республикалық байқауы да «Азия дауысымен» бірге оралатынын айта кетейік.
Ендігі «Азия дауысы» ХФ» ҚҚ құрылтайшысы әрі президенті Ирина Ковыряко өнер сайысына 16-27 жас аралығындағы дарынды қазақстандықтар қатыса алатынын айта келе: «Жас қанат» байқауының да өткізілетін мерзімі бекітілді. Ол 29 мамыр мен 4 маусым аралығында өтеді. Сондай-ақ жаңадан қосылған «Жас қанат. Балалар» байқауының жеңімпаздары «Азия дауысы. Балалар» халықаралық байқауына автоматты түрде қатыса алады. Биылғы «Жас қанат» бағдарламасының ерекшелігі сонда, осы байқауға жолдама алғандар live-band және оркестр сүйемелдеуімен өнер көрсетіп, тартымдылығымен көрермендерін баурап алуға тиіс. Өтінімдер қабылдауды 2023 жылдың 15 ақпанына дейін ұзарттық. Шақыртулар еліміздің барлық аймағына жіберіліп, жыл аяғына дейін 40-тан астам өтінім жиналды. Пандемияға дейінгі соңғы байқау 2019 жылы өткенін және 2020 жылы Мұрат Ерғалиев пен Александр Пономарев өтінімдердің бір бөлігін қабылдап үлгергенін айтқым келеді. Сондықтан біз бұрын жиналған жұмыстарды қайта қарау керек деген шешім қабылдадық. Сондай-ақ дәстүрлі аталымдардан бөлек, биыл Мұрат Ерғалиев пен Александр Пономарев атындағы арнайы жүлделер болады», деді.
Сонымен қатар «Азия дауысы» ХФ» ҚҚ құрылтайшысы және вице-президенті, заңгер Темірлан Төлегенов осы фестивальдің негізін қалаған Мұрат Ерғалиев пен Александр Пономарев марқұм болғаннан кейін жобаларды жүргізу құқығына қалай ие болғанына қатысты түсініктеме берді.
«Мәселен, сауда атауына патент 10 жыл мерзімге беріледі. «Азия дауысы» фестивалі шығармашылық-өндірістік бірлестігі 1993 жылы «Азия дауысы» атауы мен логотипіне патент алып, тиісінше патенттің қолданылу мерзімі 2003 жылы аяқталған. Өкінішке қарай, бұл патент одан әрі ұзартылмаған. Өткен жылы «Азия дауысы» ЖШС компаниясына мұрагерлік құқығы туралы мәселе туындаған кезде, патент мұрагерлік массаға түсе алмады, өйткені ол кезде «Азия дауысы» ЖШС-сында ешқандай құқық болған жоқ. Нәтижесінде, Ирина Ковыряко өткен жылы патент алуға өтініш берді. Осы кезде «Азия дауысы» атауы мен логотипі туралы ғана емес, «Жас қанат» атауы туралы да әңгіме қозғалды. «Жас қанатқа» мұндай патент ешқашан берілмеген. Өткен жылдың сәуір айында Ирина Ковыряко барлық үш патенттің де иегері болды. Нәтижесінде, «Азия дауысы» халықаралық фестивалі» қоғамдық қоры құрылып, шарт бойынша ол сауда атауларын пайдалану құқығын иемденді. Сондықтан бүгінгі таңда «Азия дауысы» мен «Жас қанат» атауларының жалғыз құқық иеленушісі, сонымен қатар «Азия дауысы» логотипінің иесі – «Азия дауысы» халықаралық фестивалі» қоғамдық қоры деп саналады. Үшінші тараптан ешқандай шағым болуы мүмкін емес», деді.
Ал енді «Азия дауысы» туралы аздаған ностальгияға берілетін болсақ, ол дүркіреп тұрғанда Сьюзи Кватро, Coolio, «Bomfunk MC’s», Жасмин, Валерия, Николай Носков, «Чай вдвоём», «Eruption», Патрисия Каас, Пупо, Тото Кутуньо, Джимми Саммервиль, Митхун Чакраборти, Сонер Ариджа, Алла Пугачева, Филипп Киркоров, Валерий Леонтьев, Boney M., Haddaway сынды аты әлемге мәшһүр өнер саңлақтарын қолсозым жерден көру бақыты бұйырған екен.
Орайы келіп тұрғанда биыл, 2023 жылы «Жас қанат» байқауының бастау алғанына 32 жыл толатынын айта кету керек. Бұл да уақыт тезінен өткен ұлттық-музыкалық жоба болатын. Ол да еліміздің мәдени өмірінің бір бөлшегіне айналып, осы байқаудан қанат қағып шыққан әншілеріміз «Славян базары» (Беларусь), «Памуккале» (Түркия), Мальта ән байқауы (Мальта), «Дискавери» (Болгария), «Достық көпірлері» (ЭКСПО-2001, Германия), «Азиаттық музыка фестивалі» (Шанхай, Қытай) жарыстарына дейін қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Қазіргі отандық талай танымал орындаушы «Жас қанат» байқауының вокалдық және сахналық мектебінен өткен. Мәселен, Медеу Арынбаев, Нұрлан Абдуллин, Ерлан Көкеев, «Үркер» тобы, Мәдина Сәдуақасова, Жанар Доғалова, Маржан Арапбаева, Димаш Құдайберген сынды әншілеріміз «Азия дауысы» фестивалі өздерінің өнердегі мансап жолдарының баспалдағы болғанын жоққа шығармаса керек.
АЛМАТЫ