Қоғам • 10 Қаңтар, 2023

Сертке берік, антқа адал

304 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы ең күрделі жыл артта қалды. 2022 жыл құқық тәртібі әскерлері үшін мерейтойлық жыл ғана емес, ел мен Ұлттық ұлан тарихындағы ең қиын кезең болды. Осы тұрғыда қаңтар оқиғасынан қандай сабақ алдық? Қандай тұжырым жасадық? Мемлекет басшысы қойған міндеттер аясында Ұлттық ұланды сандық және сапалық нығайту мақсатында қандай жұмыстар атқарылды?

Сертке берік, антқа адал

30 жылдағы тарихи меже

30 жыл ішінде Ішкі әскерлердің қалыптасуынан Ұлттық ұланның қазіргі деңгейіне дейін жету үшін бірнеше кезең артта қалды. Әскери қалашықтардың инфра­құрылымы жақсарды, жаңа әскери бөлімдер құрылып, көптеген әлеу­меттік мәселе шешімін тапты. Ауқым­ды өзгерістер тәрбие жұмысынан тылдық қамтамасыз етуге, жауынгерлік қызмет пен дайындықтан техника мен қару-жараққа дейінгі барлық сала­ны қамтыды. Қызметтік-жауын­гер­лік міндеттер аясы кеңейіп, әскер­лер­дің барлық қажетті құқықтық негі­зі қаланды. Ұйымдық-штат­тық құры­лым­дарды ұтымды оң­тай­­ландыру са­ты­­лары өтті. Кадрлық проблемалар және әскери бөлімдерді ма­териалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелері шешілді. Төрт өңірлік –
«Оңтүстік», «Орталық», «Батыс»,  «Шы­ғыс» қолбасшылықтары құрылды, тиі­сінше тікелей бағыныстағы әскери бө­лім­дер де ұйымдастырылды.

2014 жылы Ішкі әскер Ұлттық ұланға айналып, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар қаупі туындауы кезінде әскерлердің іс-қи­мыл­дарын үйлестіру және басқару бо­йынша жаңа міндеттер жүктелді. Ал 2015 жылғы 10 қаңтарда «Ұлттық ұлан туралы» заңның қабылдануы мемлекеттік шекараны қорғау кезінде ҰҚК Шекара қызметіне жәрдем көрсету жөніндегі мақсатын айқындап берді. Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, соғыс уақытында елдің аумақтық қор­ғаныс жүйесіндегі жекелеген мін­дет­тер нақтыланды. Бұл – әскерді дамытудың маңызды кезеңі. Құқықтық тәртіп әскерлері дамуының 30 жылында өткен кезеңін қысқаша осылайша сипаттауға болады.

Алайда 2022 жыл халқымыздың бүкіл өмір салтын өзгерткен «Қа­сіретті қаңтармен» есте қалды. Сын сағатында ел егемендігіне қауіп төнді. Қаңтар қырғыны барлық мем­лекеттік органдар мен қоғамдық институттар, соның ішінде Ұлттық ұлан үшін де үлкен сынақ болды.

Парламенттің бірлескен отырысында Президент – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтардағы қайғылы оқиға туралы айта келіп, Ұлттық ұлан жеке құрамының іс-әрекеттерін де жоғары бағалады. Алайда ең өкініштісі – біз екі сарбаз­дан, қатардағы Мадияр Қайсаров пен Айбат Амановтан айырылдық. Жау­жүрек жауынгерлердің есімдері «Оң­түс­тік» өңірлік қолбасшылығы 5514 және 5547 әскери бөлімдерінің тізіміне енгізілді. Қос сарбаздың есімі мен ерлігі жүрегімізде мәңгі қалады.

 

Қаңтар қасіретінің қатал сабағы

Қаңтар қасіреті осал тұсымызды да айқындап берді. Әсіресе дағдарыс жағдайында жеке құрамның іс-әрекет­терін жетілдіруде, басқа күштік құры­лым­дарымен өзара әрекеттесуде, сон­дай-ақ әскерлердің материалдық-техникалық жабдықталуы тайға таңба басқандай көрінді. Жеке құраммен тәрбие және идеологиялық жұмысты күшейту, олардың жауынгерлік рухын нығайту мәселелері де алдыңғы қатарға шықты. Сондықтан ел Үкіметі мен Ішкі істер министрі алға қойған міндеттер аясында Ұлттық ұланды дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітіліп, арнайы және жедел мақсаттағы жаңа бөлімшелер құрыла бастады. Сондай-ақ қолданыстағы құры­лым­дарды нығайтуды да қолға алдық.

Бұл бөлімшелер әр өңірде тиісті инфрақұрылым, көлік және материалдық-техникалық қамтамасыз етіледі. Біз оларды қажетті санға жеткізуді жос­парлап отырмыз. Әскери көліктік және армиялық авиацияны дамыту, автобронетанк техникасының заманауи үлгілерімен жарақтандыру, авиациялық базаны қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар іске асырылып келеді.

Ұлттық ұланның Әскери институтына академия мәртебесін беру және магистратура бағдарламасы бойынша офицерлерді жоғары оқу орнынан кейінгі даярлау үшін факультет ашу – өткен жылдағы маңызды оқиғаның бірі.

Алматы, Ақтөбе, Түркістан, Жезқаз­ған, Павлодар, Қостанай қалала­рында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді шешуге қабі­лет­ті бөлімшелерді қалыптастыру да әскерилердің жауынгерлік әзірлігін қолдауға бағытталып отыр. Өткен жылы полктер базасында Астана, Ал­маты, Ақтөбе қалаларында құра­ма­лар жасақталып, Павлодардағы жедел мақсаттағы батальон полк болып қайта құрылды. Жедел мақсаттағы әс­ке­ри бөлімдерді жасақтау биыл да жалғасады.

Академияның материалдық-техни­ка­лық базасын, Алматы облысын­дағы жауынгерлік және әдістемелік даярлау орталығын, Түркістан облысындағы таулы оқу орталығын және Шығыс Қазақстан облысындағы дағдарысқа қарсы оқу орталығын даярлаудың және жетілдірудің жаңа бағдарламалары енгізіледі. Жетілдіру мақсатында біз Қаракемер кентіндегі оқу құрамасын әскери колледжге айналдыруды жоспарлап отырмыз. Бұл, ең алдымен, әскери қызметтің беделін арттыру үшін жасалады, осылай әскерде мамандық алған сарбаз азаматтық секторда сұранысқа ие болады.

Бұдан басқа, әскери қызметшілердің моральдық рухын нығайту, жеке құрам­мен тәрбие және идеологиялық жұмыс­ты күшейту бойынша үлкен жұмыс жүр­гізіліп келеді. Жауынгерлерді де­­струк­тивті күштер тарапынан жағым­сыз ақпараттық-психологиялық әсер­ден қорғауға және қарсы насихат жүр­гізуге мүмкіндік беретін әскери-саяси жұмыс­тың жаңа тұжырымдамасы қа­­­былданды.

Күрделі метеожағдайлар кезінде Ұлт­тық ұлан бөлімшелері өзара іс-қимыл жасайтын органдармен бірлесіп Маңғыстау облысының Жаңаөзен қала­сын­да су басу жағдайында, Ақмола облысының Қызылсуат кентінде жолау­шылар мен техниканы қар құрсауынан эвакуациялау кезінде авариялық-құтқару іс-шараларына белсенді қатысты. «Орта­лық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5510, 6697 әскери бөлімдерінің жеке құрамы Қостанай облысы Әу­лие­көл ауданының аумағында өрт ошақтарының зардаптарын жоюға ТЖ қызметкерлерімен бірге қатысып, барлығы 400 әскери қызметші тартылды. Ал қазан айының басында 5518 әскери бөлімінің жеке құрамы Шығыс Қазақстан облысының Серебрянск, Жаңа Согра кенттерінде өрт болған кезде халыққа көмек қолын созды.

1

 

Әр санның артында үйлесімді жұмыс тұр

Өткен жылы ұландықтар 784 қоғам­дық-саяси және басқа да бұқаралық іс-шараны қамтамасыз етуге қатысып, дағ­дарыс және төтенше жағдай кезінде 164 міндетті атқарған. Әскери жасақтар 29 мыңға жуық құқық бұзушыны ұстап, ішкі істер органдарына жеткізді. Сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін күзету жөніндегі қарауыл­дар сотталғандардың ішкі тыйым салын­ған аймаққа кіруінің 3 дерегін анықтап, тыйым салынған аймақтарға заңсыз заттарды лақтыруға тырысқан 153 адамның әрекетіне тосқауыл қойды. Осылайша, 111 адам ұсталды, тыйым салынған зат­тарды көлікті өткізу жөніндегі БӨП арқы­лы тасымалдаудың 25 жағдайы тілкелді.

ҚАЖ мекемелерін күзету, айдауылдау жөніндегі қарауылдар мен соттал­ған­дарды бақылау және қадағалау жө­нін­дегі бақылаушылар әскери жасақ­тар құрамында есірткі бар 1 кг жуық зат, құрамында спирті бар 37,4 л сұйықтық, 1622 ұялы телефон, 915 сим-карта, 1 млн теңгеден астам ақша, 634 шаншу-кесу затын тәркіледі. Қарауылдар айдауылдау бойынша 3 868 міндет орындап, олар 55 мыңға жуық сотталған мен қамауда отырған адамды тасымалдады.

Қызметтік иттерді қолдана отырып, қылмыс жасау белгілері бар 47 құқық бұзушы ұсталды, 10,27 кг есірткі заты, 2 млн теңгеден астам сомаға ұрланған мүлік, 3 атыс қаруы, 3 травматикалық, 3 суық қару, 10 граната, 35 оқ-дәрі табылып, тәркіленді.

Жауынгерлік міндеттерін орындау­дан бөлек жеке құрам жыл бойы 119 бір­лескен оқу-жаттығуға қатысты. Оның ішінде 8 республикалық, «Қаз­құтқару-2022», «Бекет-2022», «Алаң-2022» жедел-тактикалық оқу-жатты­ғу­ларында және террорға қарсы арнайы жедел жоспарлары бойынша – 36, сондай-ақ ІІМ-нің арнайы жедел жоспарларына сәйкес өзара іс-қимыл жасайтын органдармен бірлесе өткізілген 40 жедел-тактикалық оқу-жаттығуларын айтып өтсе болады. Бұл сандардың артында Ұлттық ұланның барлық қызметінің үйлесімді жұмысы, қылмысқа қарсы кү­ресте алдыңғы шепте жүрген әскери қыз­метшілердің орасан зор еңбегінің нәтижесі.

Өткен жылы ғана заңдылық пен құқық­тық тәртіпті қамтамасыз ету ке­зінде көрсеткен батылдығы мен жан­­қияр­­лығы үшін Ұлттық ұланның 21 әскери қызметшісі мемлекет тарапынан марапатталды. Өкі­ніш­тісі, оның 3-еуі қайтыс болғаннан кейін марқұмның отба­­­­­сына тапсырылды. Жалпы, осы 30 жыл ішінде Ұлттық ұланның 250-ден астам әскери қызметшісі, оның 27-сі қайтыс болғаннан кейін наградталған.

1

 

Жауынгерлік дайындық аса маңызды

Сыртқы деструктивті әсердің өсуі, ішкі қауіпсіздіктің қазіргі қауіптері, қаңтар оқиғасы мен пандемия Ұлттық ұланнан тыңғылықты жауынгерлік дайындықты, біліктілік пен кәсібилікті талап етті. Сондықтан біз әрқашан сын-қатерлерге дайын болуымыз керек. Осыған орай әскерлердің жауынгерлік әлеуетін арттыру мақсатында «Бүркіт» арнайы мақсаттағы, жедел мақсаттағы бөлімшелердің ұйымдық-штаттық құрылымын жетілдіру кешені өткізілді.

Әскери-көліктік және армиялық авиацияны дамыту, автобронетанк техникасының заманауи үлгілерімен жарақтандыру, авиациялық базаны қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар да іске асырылуда. Авиациялық бөлім­шелерде қарапайым және күрделі метеоро­логиялық жағдайларда қызмет­тік-жауынгерлік міндеттерді шешуге қабілетті ұшақтардың әртүрлі түрлері бар. Авиатехниканы сапалы пайдалану және авиациялық персоналды даяр­­­­­лау үшін Астана әуежайында авиабаза инфрақұрылымының құрылысы аяқталды.

Одан басқа Y-8 ұшақтары мен Ми-171 тікұшақтары сияқты авиациялық техниканың жаңа үлгілері кезең-ке­зе­­ңімен қарулануға енгізіледі, бұл қо­ғам­дық қауіпсіздіктің барлық сын-қа­тер­лері мен қатерлеріне жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Бұл шараларды іске асыру қысқа мерзімде елдің кез келген өңірінде арнайы операцияларды жүргізу үшін күштер мен құралдарды тиімді басқаруды және уақтылы арттыруды қамтамасыз етуге бағытталған.

Өткен жылы біздің бөлімшелер 9 халық­аралық, оның ішінде «Ко­бальт-2022» тактикалық-арнайы және «Өзара іс-қимыл-2022» командалық-штаб­тық оқу-жаттығуларына қаты­сып, жоғары жауынгерлік дағды мен кәсібилікті көрсетті. Сонымен қатар ШЫҰ желісі бойынша арнайы бөлім­ше­­леріміз терроризмге қарсы бірлескен оқу-жаттығуларға белсенді қатысады.

«Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлім­шелері – Ұлттық ұланның элитасы. Бұл елдегі жауынгерлік тапсырмаларды өз бетінше орындай алатын үш арнайы жасақтың бірі. Олар­дың басты міндеті – жоғары қауіп төн­діретін және мемлекеттің негізгі мүд­делеріне, азаматтардың өмірі мен ден­саулығына қауіп төндіретін құқық бұзушылықтарға ден қою. Арнайы күштердің жауынгерлері күрес пен атудың барлық негізіне ие және оларға үлкен моральдық-психологиялық жүк­теме жүктеледі.

Өткен жылы әскери бөлімдер мен арнайы мақсаттағы бөлімшелер 4387 түрлі қызметтік-жауынгерлік міндетті, оның ішінде жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдарға жәрдем көрсету бойынша 725 міндетті орындады. 139 рет қарсы қарауылдардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді.

Ішкі істер министрлігінің басшылығы мен Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығы «Бүркіт» бөлімшелерінің жеке құрамын даярлауға ерекше көңіл бөледі. Күрең берет – құқықтық тәртіп әскерлерінің арнайы мақсаттағы бөлімшесінің символы. Оны тек біліктілік сынақтарынан сәтті өтіп, өзінің кәсіби, физикалық және моральдық қасиеттерімен осы құқықты дәлелдей алған әскери қызметшілер ғана кие алады.

Арнайы мақсаттағы бөлімшелерде тек келісімшарт бойынша әскери қыз­метшілер мен офицерлер қызмет атқа­ра­ды және олар үшін жауынгерлік даярлықтың арнайы бағдарламасы әзір­ленді. Өйткені олардың қызметі өте қауіпті. Ішкі істер органдарымен бір­ле­сіп, олар күн сайын қылмыстарды ашуға, аса қауіпті қылмыскерлерді ұстау­ға, арнайы операцияларға қатысады.

Тарих болашақ Отан қорғаушыларды ерте жастан дайындау керектігін талай рет көрсетті. Ұлттық ұланда «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысы жұмыс істейді. Бүгінде өңірлерде қамқорлыққа алынған 61 әскери-патриоттық сынып және 7 «Жас бүркіт» спорттық әскери-патриоттық клуб табысты жұмыс істеп келеді.

Өткен жылы арнайы мақсаттағы бөлімшелер туралы «Бүркіт» көркем фильмі түсірілді. Бұл – Ұлттық ұланның бас­та­масымен түсірілген үшінші фильм. Мемлекет басшысының әскерге ша­қыру және әскерге дейінгі жастармен жұмысты күшейту, оларды патриотизм рухында тәрбиелеу туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында түсірілген фильмнің кең экранға шығуы осы жылдың көктемінде жоспарланған.

Әрине, әскери қызметтің бір жылында жас сарбазды тәрбиелеу, әскери істі үйрету және физикалық тұрғыдан оны қатайту оңай шаруа емес. Әскерде жас жауынгерлер қызметтің бірінші күнінен бастап оларды ұландық орта­ға бейімдеуге және әскери істі осы тәсілмен оқытуға бағытталған тәрбие және ұйымдастыру іс-шаралары ке­шенді түрде өткізіледі. Жалпы, әскери қызметшілердің моральдық-психо­логия­лық жағдайы бүгінгі күні барлық қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындауға мүмкіндік береді. Бұған қаңтар оқиғалары дәлел. Сын сәтте жарақат алған әскери қызметшілердің жауынгерлік шептерге қайта оралуға тырысқаны моральдық-психологиялық дайын­дықтың жоғары деңгейін көрсе­теді.

Әскери қызметшілеріміз күнделікті қызмет атқару кезінде батылдық, қыра­ғылық танытып, түрлі жағдайларда азаматтарға көмектесіп, жанқиярлық ерлік үлгісін көрсетіп жүр. Ал кәсіби мереке күні Ұлттық ұланның барлық жеке құрамын, олардың отбасы мүшелерін, ардагерлері мен қызметшілерін құттық­­­тап, қажырлы қызметтеріне толайым табыс тілеймін.

 

Еркін БОТАҚАНОВ,

Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның бас қолбасшысы,

генерал-майор