– Альфия Дәулетқалиқызы, сонымен сөзімізді тарих қойнауына аттанған 2022 жылы «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының қайырымдылық қызмет ауқымы қаншалықты кең болды деген сұрақтан бастасақ...
– Қор компанияларының қайырымдылық операторы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, бұқаралық спорт, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау және өзге де салаларда тындырымды жұмыс істеуге күш салады. Мәселен, биылғы қайырымдылық қаржысынан Шымкенттегі «Дені сау балалар» жобасында аз қамтылған отбасылар мен балалар үйлеріндегі нейро-ортопедиялық кінәраты бар, туғаннан 15 жасқа дейінгі балаларға тегін әрі сапалы, кешенді оңалтудың қолжетімді болуы қарастырылып, жалпы 600 бала қамтылды. Аутизм және басқа да менталды ауытқулары бар балаларға жағдай жасауға арналған 8 «Қамқорлық» орталығы құрылып, 1 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Жетісу, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары мен Шымкент, Алматы қалаларындағы тағы осындай 13 ерте араласу орталығында 7 800 балаға оңалту шаралары қолға алынды.
«Басқарылатын гипотермия» жобасында орталық жүйке жүйесінің зақымдануымен туған нәрестелердің мүгедектігін төмендету үшін 5 перинаталдық орталықты емдік кешенмен жабдықтадық. Ерекше және аз қамтылған отбасылардан шыққан 1 мың бала «Саламатты болашақ» бейімделген спорт секцияларында жыл бойына білікті мамандардың көмегімен бейімделген дене шынықтырумен және спортпен тегін айналысып, жергілікті және ұлттық деңгейде жарыстарға қатысты. Таяуда «Самұрық-Қазына» қолдауына ие болған еліміздегі жалғыз парахоккей құрамасы әлем чемпионатынан күміс жүлдемен оралды. Міне, бірнеше жыл болды, елордадағы тұрмысы төмен отбасылардағы 3 мыңға жуық бала мен жасөспірім отбасылық аула клубтарына барып, ата-аналарына психологиялық кеңестер берілуде.
Қор қолдауымен Қазақстанды аралап шыққан медициналық пойыздар 80 мыңнан астам қазақстандыққа көмек көрсетсе, «Жеңіс» жобасында Екінші дүниежүзілік соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне азық-түлік пен дәрі-дәрмек апарылып, үй-жайлары тазалануда, пойызға билет сатып әперілді. Жаңаөзенде үш мектепті жабдықтап, қор компаниялары атынан 220-дан астам өренге еліміздің үздік орта арнаулы білім ордаларына гранттар тағайындалды.
Атырау облысын қамтыған «Әрекет» жобасында ерекше балалар күтіміндегі, көпбалалы және жалғызбасты 100 әйел сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқытылып, алды кәсібін бастап кетсе, жаңа Ұлытау, Абай және Жетісу облыстарынан тыс Түркістан мен Ақтөбе өңірлерін қосқанда 300 адамға аспаз, тігін, сұлулық салондары, SMM және автоэлектрик сияқты қазіргі заманғы кәсіптер оқытылып, сертификатпен бірге ісіне қажет құрал-жабдық табысталмақ. Айтпақшы, біздегі әлеуметтік кәсіпкерлікке баулитын «Әрекет» бағдарламасы аясында 3 млн теңгелік шағын гранттар да талай пайдалы іске ұйытқы болып отыр.
– Қанша қолдау жасалды десек те, өз биігіне көтеріле алмай келе жатқан мемлекеттік қазақ тілінің өрісін ұзартуда қолға алынған шаралар қандай?
– Әлбетте мемлекеттік тілді дамыту жобалары ерекше назарымызда. «Samruk-Kazyna Trust» қоры мемлекеттік тілді дамытуда 2016-2022 жылдар аралығында 12 әлеуметтік жобаға 378 млн 5 жүз мың теңгеге қаражат бөлді. Оның ішінде 2022 жылы 53 млн 8 жүз мың теңгеге 2 жоба Қор тарапынан қолдау тауып, Қазақстан Республикасы мен шетел азаматтары қазақ тіліндегі сапалы контентке тегін қол жеткізді. Бұл дегеніміз, 350 балаға Абайдың «Қарасөздер» иллюстрацияланған кітабын қазақ және орыс тілдерінде басып шығаруға бағытталған әлеуметтік жобасы жүзеге асты. Кітап 5 мың дана болып жарыққа шықты. 400-ге жуық оқушыға арналған экономика негіздері бойынша қазақ тілінде офлайн-онлайн оқу ұйымдастырылды. Ел аумағы бойынша 107 жасөспірімге қазақ тілінде шешендік өнерден курс өткізілді. «Мектеп онлайн» порталында оқушыларға арналған 3 885 бейне оқулық жасақталды. Бұл пандемия кезінде оқушыларды оқытуда өте жақсы нәтиже берді.
Елімізде тұңғыш рет мемлекеттік тілді онлайн ақысыз үйренуге арналған «Soyle.kz» порталы туралы жеке-дара тоқталсақ болады. Портал іске қосылғаннан бері оның қызметін әлемнің түкпір-түкпірінен пайдаланушылардың саны 12 млн-нан асса, арнайы тіркеліп тіл үйреніп жатқан адамдардың саны 280 мыңнан көп. Бұл ретте қазақша білетін өзге ұлт өкілдерінің саны күннен күнге артып барады. Біраз уақыт бұрын канадалық Роман Коулдың 6 айдың ішінде қазақша үйренгенін алға тартып жүрсек, жақында италиялық Донато 2 жылдың ішінде «Soyle» арқылы қазақ тілін жетік меңгергенін көрсетіп қуантты.
Іс қағаздарын қазақша жазып, толтыру, сауатты әзірлеу мақсатындағы «Resmihat.kz» порталын пайдаланушылар саны 50 мың адамнан асты. 2022 жылы порталдың дизайны жаңартылып, жаңа бөлімдер енгізілді.
Жаңа жылда да қазақ тілінің көсегесін көгертуге арналған бастамаларды қуана қолдамақпыз. Дегенмен талап бір – жобалардың әрқайсысы тиімділігі, көрсеткіштерінің айқындығы, елге тигізер пайдасы және тағы басқа қағидаттар арқылы сын тезіне салынады.
– Неге 2016 жылдан бері «Самұрық-Қазына» компанияларының қайырымдылықпен айналысып, халыққа көмек көрсету қызметін бір орталықтан «Samruk-Kazyna Trust» жүргізеді?
– «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы бойынша қайырымдылық қызметін орталықтандыруға маңызды себептер түрткі болды. 2016 жылға дейін қайырымдылықты «Самұрық-Қазына» қоры мен еншілес компаниялар әрқайсысы дербес көрсеткені белгілі. Алайда еншілес компанияларда бір жобаны бірнеше рет қайта қаржыландыру, көмек көрсету мен тиімділікті бағалаудың жабықтығы, іріктеудің кәсіби сараптамалық бағалаусыз жүзеге асырылуы, біркелкі демеушілік саясаттың жоқтығы сынды олқылықтар байқалды. Осылайша, компаниялардағы бұл өкілеттіктерге бейінді емес қызмет ретінде тыйым салынып, 2016 жылы халықаралық стандарттарға сәйкес әрекет ететін, әлеуметтік мәселелерді жан-жақты шешуге қабілетті және олардың түпкі себептерімен күресетін бірыңғай мамандандырылған оператор құру туралы шешім қабылданды.
– Өтінімдердің жекелеген тұлғалардан қабылданбауының сыры неде?
– Жаңа Қазақстан демекші, біздің ұстаным – бастамалардың тұрақты, жүйелі және тиімді болуы, нақты түйткілдерді түбегейлі шешуге арналғаны, барынша бұқараның қалың қарасын қамтығаны маңызды. Біз қоғам үшін ең жақсы ойластырылған және пайдалы ондаған жобаны таңдап алу үшін мыңдаған өтінімді ерінбей қарастыруға дайынбыз. Неліктен өтінімдер қабылданбайды, мақұлданбайды деп шағымданып жатады. Турасын айту керек, біз азаматтардың шағын тобына немесе жекелеген мұқтаж отбасыларға көмектесуге бағытталған бірреттік бастамаларды, атаулы көмек көрсетуді қолдай алмаймыз. Коммерциялық, ел болашағына қажетсіз, тұрақсыз, мақсаты бұлыңғыр жобаларға да қаржыны сарп етпейміз. Арнайы комплаенс қызметі тамыр-таныстыққа, «бармақ басты, көз қыстыға», яғни сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатында әр өтінім иесін жан-жақты тексеріп отырады. Анығы, қайырымдылық саласы нағыз кәсібилікті қажет етеді.
Өңірлерде әлеуметтік жобаларды қаржыландыру жайлы өзі бастама көтере алумен қатар, бізге келіп түскен жобалардың барлығы да үкіметтік емес ұйымдардың өтінімдері арқылы жүзеге асырылатынына назар аударғым келеді. Осылайша, өз өңірі мен саласының ерекшелігін, қыр-сырын жақсы білетін азаматтық қоғам өкілдері арқылы халықтың көп бөлігін қамтып, пайдалы жобаларды іске асыра аламыз. Оның аясында әр келіп түскен өтінімді «Самұрық-Қазына» қоры мен қоғам өкілдерінен құралған Қамқоршылық кеңес қарастырып, шешім қабылдайды. Қоғамдық кеңеске есеп беріп тұрамыз.
Үкіметтік емес ұйымдар демекші, кері байланысты жоғалтпау үшін әлсін-әлсін олардың арасында қызметімізге қатысты сауалдама өткізіп тұрамыз. Соңғы сұрау салуға еліміздің барлық дерлік аймағынан 500-ге жуық ҮЕҰ өкілі жауап бергенін көріп отырмыз. Сауалдама жауаптарын міндетті түрде ескереміз. Мысалы, бұған дейінгі ұсыныстардың аясында тиісті тұжырым жасалып, жабық қызметтен арылу мен қолжетімділіктен, қайырымдылық қызметінің түсініктігінен тыс, Қамқоршылық кеңес отырыстарына өтінім берушілер офлайн немесе онлайн қатысып, пікірін ортаға сала алады. Үкіметтік емес ұйым өкілдері арасында Қор қызметін, қандай қолдау иеленуге болатынын білетіндердің саны көбейгені байқалады.
– Еліміздің жаңарып-жаңғыруға ұмтылған келбетіне сай барынша ашық, тиімді қызметке талпынып жатқандарыңызды түсінгендейміз...
– Иә, оған былтырғы жыл бойы өткізілген бірқатар шара айқын дәлел. Мәселен, қараша айында пресс-турлар легі өткізілді. Алғашқы Астана қаласындағы «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының әлеуметтік жобаларымен танысу шарасына Мәжіліс депутаттарынан бастап, елорданың белсенді деген азаматтары қатысып, істелген іске тікелей қанықты, былайша айтқанда, «қолмен ұстап көрді». Содан кейінгі Атырау және Ақтау, Жаңаөзен қалаларындағы пресс-турларға да көптеген үкіметтік емес ұйым өкілдері, журналистер мен қоғамдық пікір иелері, жергілікті мәслихат депутаттары және өзге де мүдделі тараптар шақырылып, оң бағасын берді. Жыл бойы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды қолдау қорының өкілдері он өңірді аралап шығып, үкіметтік емес ұйымдармен, жастармен, өзге де көкірегі ояу, көзі ашық жұртшылықпен жүздесті, өзекті мәселелерді талқылады.
Қоғам алдында қолжетімді әрі ашық болу мақсатында былтыр sk-trust.kz
мекенжайындағы Қор сайтының мазмұны жаңартылып, әр жобаға жұмсалған қаражат туралы ақпарат жарияланып тұрады. Сондай-ақ наурыз айында
7 (7172) 57-68-98 нөмірінде жедел желі байланысы іске қосылды.
– Әңгімемізді түйіндесек, әрі қарайғы беталыс жайынан бөліссеңіз?
– Сөз соңында алғаш рет ерекше сипатта, ауқымды түрде жаңа жылдың қаңтар айында қоғам алдында 2022 жылдың қорытындысы бойынша есеп беруге арналған жиын өткізетінімізді жеткізгім келеді. Онда ешкімді бейжай қалдырмайтын жобалар таныстырылып, емен-жарқын талқы ұйымдастырылады.
2023 жылдан бастап қайырымдылық жобаларын іске асыру кезінде олардың 30%-ында жалпы елдік ауқымдағы жобаларға көңіл бөлінсе, ал 70%-ында «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялары бар өңірлердегі жергілікті жобаларға басымдық беріледі. Басқаша айтқанда, портфельдік компаниялар мен еншілес-тәуелді ұйымдардың сұрауы бойынша топтың өндірістік және өнеркәсіптік кәсіпорындары бар өңірлерде әлеуметтік маңызы бар жобалар іске асырылады. Осылайша, біз қызметкерлермен бірге халықтың өмір сүру сапасын тиімді түрде жақсарта аламыз.
Кез келген ұсынысқа, сындарлы сын-пікірге әрдайым ашықпыз. Бұған дейін мәлімдегенімдей, Қордың бизнес-процестерін түгелімен қайта қарап шықтық. Қайырымдылық қызметін көрсету және мониторинг жүргізу ережесін жеңілдеттік. Қайырымдылық көмегінің басым бағыттары, тиімділікті жоғарылату мақсатында, 2022 жылы 21-ден 14 шараға дейін қысқартылды.
Қор қызметі туралы жұртшылықтың хабардар болуын арттыру бойынша жұмыс күшейтіліп, былтыр 11 айда БАҚ пен әлеуметтік желілерде тегін негізде 2 мыңнан астам жарияланым жарық көрді.
Әл-Фараби бабамыздың әйгілі «Қайырымды қала» идеясы тұтас ұжымдарға, елге таралып, бақытты, ізгі қоғамға айналсақ қане?! Мейірімді, әділ, бірлігі мықты халық тек өркендей берсе керек!
Әңгімелескен
Думан АНАШ,
«Egemen Qazaqstan»