Экономика • 10 Қаңтар, 2023

Қор салымшыларына 2022 жыл сәтті болды ма?

311 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Былтыр жылдың соңында еліміздегі зейнетақы жинақтары 14,4 трлн теңгеден асты. 2022 жылдың басынан бері зейнетақы жинақ­та­рының өсімі 1,3 трлн теңгеден (немесе 10,2%) артық көрсеткішке ие болған. Міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) бойынша жеке зейнет­ақы шоттарындағы (ЖЗШ) жинақтар да шамамен тура осындай өсім – 9,9% не­месе 1,2 трлн теңгені көрсетті. Бұл шоттарда 13,9 трлн тең­ге­ден астам қаражат жинақталған.

Қор салымшыларына 2022 жыл сәтті болды ма?

Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 11 айда 20,7%-ға ұлғайып, шамамен 436 млрд теңге болды. Жыл басынан бергі ең үлкен өсімді ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша жинақтар көрсетіп (94,5%), 3,3 млрд теңгеден асты.

«2022 жылғы 1 қаңтардан 1 жел­тоқ­санға дейін зейнетақы жарналары түрінде ЖЗШ-ға 1,5 трлн теңгеден астам қаражат түсті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30%-ға көп. Жарналардың барлық түрі бойынша өсім бар: 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда МЗЖ көлемі – 29% (немесе 329,5 млрд теңгеге), МЗЖ 39%-ға (немесе 19,4 млрд теңгеге) ұлғайды. Ең көп өсім – ЕЗЖ шоттарында: 212% немесе 1,4 млрд теңге. Салымшылар мен алушылардың шоттарына таза инвестициялық табыс түрінде 777 млрд теңгеден астам қаражат түсті», делінген қор хабарламасында.

Ал 2022 жылы қордан 1,1 трлн теңгеден астам төлем жасалған. Оның басым бөлігі, 902 млрд теңгесі – тұр­ғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері (БЖТ).

Жасы бойынша төлемдер 22,6%-ға ұлғайып, шамамен 109 млрд теңге болыпты. Айта кету керек, БЖЗҚ-дан кесте бойынша орташа айлық төлем сомасы (зейнет жасына толуына байланысты) 29 876 теңгені, ал ай сайынғы төлемнің ең жоғары сомасы 707 326 теңгені құрады.

Сондай-ақ мұрагерлік бойынша төлемдер – 55,8 млрд теңге, Қазақстан шегінен тыс тұрақты тұ­руға кетуге байланысты төлемдер – 45,3 млрд теңге, мүгедектік бо­йынша төлемдер – 2,2 млрд теңге, жер­леуге төлемдер – 4,9 млрд теңге. Сақтандыру ұйымдарына шамамен 23,2 млрд теңге аударылды.

Жалпы, 2021 жылдың қаңтарынан бері БЖЗҚ салымшылардың (алушы­лар­дың) тұрғын үй жағдайын жақ­сар­ту үшін жинақталған зейнетақы қаражатын пайдалану туралы 1 340 016 өтінішін орындады. Уәкілетті оператор-банктерде ашылған қазақ­с­тан­дық­тар­дың арнайы шоттарына БЖЗҚ шамамен 3,2 трлн теңге қаржы аударған. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы – 2,4 млн теңге. Алайда бұл көрсеткіш әр аймақта әртүрлі екенін атап өткен жөн.

«Салымшылар өздерінің жинақ­тарын пайдаланатын мақсаттарды талдай отырып, келесі негізгі бағыттарды атап өтуге болады. Көбінесе (барлық өтініштің шамамен 35,75%-ы) – бұл азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алу және жеке тұрғын үй салу. Өтініштердің шамамен 21%-ы одан әрі жинақтау үшін тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасына салымды толықтыру мақсатында орындалды. Өтініштердің осы мәнге жақын мөлшері (20,88%) салым­шылардың зейнетақы жинақ­тарын тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша пайдалануы үшін берілген. Өтініштердің шамамен 20%-ы алғашқы жарнадан бастап қайта қаржыландыруға және толық өтеуге дейінгі ипотекалық тұрғын үй қарызын пайдалану мақсатында орындалды», делінеді ресми таратылған ақпаратта.

Сонымен қатар қор 314,9 млрд тең­­ге­ге емделуге берілген 398 875 өті­­ніш­ті орындады. Бұл ретте алуға бо­ла­тын орташа сома – шамамен 0,8 млн теңге.

2022 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша, инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) 8,7 млрд теңге аударылып, БЖЗҚ 5 909 өтінішті орындады. Бұл ретте бірегей өтініш берушілердің жалпы саны – 3 388 адам. Бұл өз жинақтарының бір бөлігін бірнеше басқарушы ком­па­нияға беруге шешім қабылдаған салым­шылардың бар екенін білдіреді. Ауда­рымның орташа сомасы – 1,5 млн теңге.

Айта кетейік, қазір нарықта 5 ИПБ жұмыс істейді. Олар – «Jusan invest» АҚ, «BCC Invest» АҚ, «Сентрас Секьюритиз» АҚ, «Halyk Global Markets» АҚ және «Halyk Finance» АҚ. Зейнет­ақымен қамсыздандыру туралы заңға сәйкес, ИПБ инвестициялық бас­қа­руды жүзеге асырғаны үшін комиссиялық сыйақы алуға құқылы. ИПБ сыйақысының шекті шамасы алынған инвестициялық табыстың 7,5%-ынан аспауға тиіс.