Ғылым • 10 Қаңтар, 2023

Ғылым мен мәдениетті ұштастырған

422 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Ауыл мектебіндегі физика пәнінің мұғалімі Өзбеханның айтатын ғарыштық физика V3 формулаларын қаршадай қағілез бала Ұлықпан Есілханұлы санасына сіңіріп алған. Жанары жалт-жұлт етіп, санасы мына кеңістікті тұтастай тіліп өтіп, галактикалардан да әрмен жатқан квазарларды кезіп кететін...

Ғылым мен мәдениетті ұштастырған

Жетінші сыныпта оқып жүрген кезінде-ақ жеті жүз кітапты оқып шық­қан, бір мектеп қана емес, бір ауданның білім бойынша талай жүлделі жарыс­тар­да топ жарған жас-жеткіншек, мектепті алтын медальға бітірсе де, тұрмыстың тау­­қыметінен оқуға баруға мүмкіндігі жоқ­тықтан бар ренішін ішке жұтып, үнсіз торыққан сәті еді бұл.

Мектеп директоры өздерінің ең үздік шәкіртінің қиыншылық кесірінен оқу­ға бармай ауылда қалғанын естігенде, шыдап тұра алмады. Мектеп ұжымын шақырып, балаға қолдау көрсетейік, өзін шақырып, жанын жараламай, өзі­міз барып отбасына көмегімізді берейік деп ұсыныс айтты. Талантты шә­кіртке көмекке қол ұшын созуға бәрі де келісті. Ұстаздар жинаған 50 сомды алып, Алматы қаласына ат­танған Ұлық­пан Қазақ политехникалық инс­титу­тының «Автоматика және есептеу техникасы» факультетіне оқуға түседі. Тех­никалық институттың әр сабағы сту­­денттер үшін ертегі әлемінің есігін аш­қандай әсер ететін ол кезде. Сондай дәріс­тердің бірінде оқытушы студенттерден үшінші ғарыштық жылдамдық туралы не білесіңдер деп сұрайды. Мектептен кеше ғана шыққан студенттер не деп жауап берерін білмей, бәрі де үнсіз аңтарылған. Ақырын қол көтерген Ұлықпанға оқытушы аңтарыла қарайды. Қалада мектепті алтын медалға бітірген студенттер тіл қата алмай, бас­тарын салбыратып отырғанда, ауылдың баласы не айтпақшы деген ойын бүкіл болмысы паш еткендей еді...

Өзбехан ағаның дәрістерінің жемісін бергені осы сәт. Ұлықпан ортаға шығып, тақтаға жер орбитасы, ондағы тартылыс күші мен бастапқы жылдамдық, күннің тартылыс күші, параболистикалық жылдамдық, тартылыс күші сферасы, одан шығуға мүмкіндік беретін жылдамдық мөлшерінің 16,6 км/с тең екенін, қарапайым тілде мұны үшінші ғарыштық жылдамдық деп атайтынын және формуласымен жазып, айтып шыққанда оқытушы да, студенттер де таңданыстарын жасыра алмай ду қол соқты! «Мұны қайдан білесің?» деп сұраған оқытушыға ауылдағы физика пәнінің мұғалімі Өзбехан ағайының түсіндіріп бергенін айтады. Кейіннен қысқы каникулда ауылға барғанда мектеп ұжымы Ұлықпан Есілханұлын шақырып алып, сол жерде Өзбехан ағайына үлгілі шәкірт тәрбиелегені үшін алғыс айтады. Сонда барып, институттағы оқытушысы мен кафедра меңгерушісі қарапайым ауыл баласына үшінші ғарыштық жылдамдық жайында ұғым-түсінікті санасына құйып берген Өзбехан ағайына арнайы хат жазып, алғыс айтқанын біледі.

Ұ.Есілханұлы талант­ты жастар­ды өз төңірегіне топтасты­ра білді. Осылай­ша студент жастардың «Бәйшешек» әдеби бірлестігі өмірге келді. Бұл бірлестік техникалық институтта білім алып жатқан талант­ты жастардың басын біріктіріп қана қоймай, институт жастарын қазақ әде­биеті мен өнерінің хас шеберлерімен байланыстырған нағыз қоғамдық ұйымға айналды.

Оқу ордасының бүгінде Досым Сүлеев атындағы үлкен залына үздіксіз ақын-жазушылар жиналып, әр алуан тақырыпта кеңес құрып, дүркіреген жыр мерекесін өткізіп жататын. Әуелінде осы бір рухани іс-шараны Ілияс Есенберлин бастаған қаламгерлер әдебиет, мәдениет, дәстүр-салт, тарих туралы студенттермен жүрекжарды кездесулер өткізіп, аяққа тұрып кетуіне үлкен ағалық қолдау көрсетті. Өзге де ақын-жазушылар инженерлер шаңырағына жиі қонаққа барып, болашақ мамандарды жалынды жырмен, ән-күймен тербете тәрбиелейтін болды. Бірде Сәбит Мұқановпен кездесу өтеді. Сәбең кездесу соңында кешті ұйымдастырған – студент Ұлықпанға аталық батасын береді.

Студенттердің осы бір дәстүрінің жалғас тауып, кеңге қанат қағуына сол кездегі институт ректоры, жайсаң жанды академик Әшім Омаров зор қолдау көрсетті. «Бәйшешекті» қыстың ызға­рына қарамай, келер наурыздың хабаршы­сындай еткен Ұ.Есілханұлының ерен еңбегін бағалаған жандардың бірі һәм бірегейі ақылман ұстазы, академик Ақжан Машани болды…

Ұлықпан Есілханұлы осы тұста ­«Дос-Мұқасан» ансамблі ұйымдастыруға білек сыбана атсалысады. Жайма шуақ күндердің бірінде эстрадалық топ құр­сақ деп жүрген достары Досым, Мұрат, Хамит пен Александрға «жігіттер, өне­ріміз көпшіліктің көңілінен шығып, кең­ге жайылсын десек, қазақ әндерін жаңа мәнерде орындасаңдар қалай болады?» деген ұсынысын айтады. Жігіттер ұсынысты қабыл алып іске кіріседі... 

Шынында да өз дәуірінде «Дос-Мұқасан» үлкен құбылыс болды. 1973 жылы Берлинде өткен Дүниежүзілік студенттердің фестивалінде алтын ме­далді алды, кейін Қазақстанның Ленин комсомолы сыйлығына ие болды, Амери­ка сапары неге тұрады… «Дос-Мұқа­сан» Қазақстанды былай қойып, одақ көлемінде танымал болды. Тұтас бір буынның өміріне әсер етті десек артық айтқандық болмас еді.

Ұ.Есілханұлының жай ұйымдасты­рушы немесе кеңесші емес, топтың ре­пертуарындағы негізгі әндердің сөзін жазған талантты ақын болатын. Ол жаз­ған әрбір әннің өзінің шығу тарихы, мыңдаған тыңдармандарының ғұмы­рында атқарған өзіндік рөлдері бар еке­ні даусыз. Бұл әндер («Той жыры», «Қуанышым менің», «Бойжеткен», «Әсем жұлдыз», «Ғашығым») қазақ ән өнерінің алтын қорына енді.

Ұ.Есілханұлы үшін шын мәнінде ғылым-білімді игеру бірінші орында тұрды. Егер топ мүшелері өнерді бірінші орынға қойса, «Дос-Мұқасанның» құрамынан 4 академик, 5 ғылым докторы, 7 ғылым кандидаты шықпас еді.

Институтта тәлім алып жүргенде философия ғылымының тұ­ны­ғына бойлай сүңгіп, ілімнің інжу-маржандарын теруде философия пәнінің оқытушысы Әбдіқадыр Исқаховтың орыны ерекше болғанын Ұ.Есілханұлы тебірене еске алады. Осы бір қарапа­йым жанның жетекшілік етуімен автомат­тық техникалар мен адамзат дамуының өзекті мәселелері туралы жазған зерттеу жұ­мысы институт, қала, республикалық байқауларда үздік шығып, Бүкілодақтық студент жастардың ғылыми зерттеулері байқауында жеңіске жетеді. Осы баян­даманың оның болашақ тағдырына елеу­ді ықпал еткенін байқаймыз. Техника­лық білім мен гуманитарлық білімнің ұштасуын зерделеген осы бір студенттік ғылыми еңбек академик Досмұхамед Кішібековтің назарын аударады.

Ұ.Есілханұлына 1970 жылы қолына дипломын алғаннан кейін автоматтық технологиялар мамандығы бойынша аспирантураға жолдама берілді. Бір қиыны, аталған мамандық бойынша тек Мәскеу және Ленинград қалаларына оқуға бару керек. Отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайынан онда баруға ешқандай мүмкіндік болмады. Міне, осы тұста оны институттағы философия кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА мүшесі Досмұхамед Кішібеков аспирантураға шақырды. Кейін аспирантураны да ойдағыдай тәмамдап, кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты.

Ұ.Есілханұлы 29 жасында өзі білім алған «Автоматика және есептеу техникасы» факультетіне декан болып сайланды. Одан кейін Қазақ политехникалық институтының тәрбие ісі жөніндегі проректоры болды. 1988 жылы елімізде ең алғаш рет халықаралық байланыс істері бойынша проректор болып бекітілді.

Осы орайда біз Ұлықпан Есілхан­ұлының атқарған еңбектерінің алуан қырларына назар аударғымыз келеді.

Ең әуелі қоғамдық еңбек саласын­дағы белсенділігін айтқымыз келеді. Біз мұны 1983-1985 жылдарда әдеби көркем сынның дарабозы, көрнекті журналист Сағат Әшімбаевпен бірігіп «Жүректен қозғайық» хабарлар циклін жүргізгенінен көреміз. Онда қоға­мы­мыз­дың өркендеуіне, қазақ тілінің қана­тын кеңге жаюына, халқымыздың әлеу­меттік жағдайларының шешімін табуы­­на кедергі болып отырған мәселелер, қо­­ғамды толғандырған түрлі түйткілдер сын тезіне алынып, аяусыз әшкереленеді. Бірақ керзаманның кертартпа, солақай, содыр басшылары тарапынан «Жүрек­тен қозғайық» теле бағдарламасы 1985 жылдың 29 қазанында эфирге шығуын тоқтатқаны белгілі.

Мұнан әрі Ұ.Есілханұлы тарихшы ғалым, профессор Ахмет Ержанов, ұста­зы академик Досмұхамед Кішібеков – үшеуі он жыл бойы қанаттас жүргізген «Республика өмірінің өзекті мәселелері» телехабарларында да мемлекеттік тіл, ұлт болашағына қатысты көптеген таласты ой-пікірлер қаузалады.

Ол сонау «Автоматика және есептеу техникасы» факультетінде декан болып жүрген кезінде-ақ, Қырғызстанның Политехникалық институтымен байланыс орнатып, жұмыс істейді. Кейіннен Қырғызстанның президенті болған Асқар Ақаев сол уақытта институттың элек­тронды-есептеу кафедрасының же­тек­шісі-тұғын. Осылайша айырқал­пақты ағайындармен бірлесіп, электрон­ды-есеп­теу машиналарының өзегі болып сана­латын микросхемаларды жинайтын платаларды құрастыруды қолға алып, электроника саласын дамы­туға алғашқы қадам жасалады.

Қырғыздармен әріптестік қарым-қатынас орнатудың өзіндік жөні болған. Біздің Алматыда ылғал мөлшері жоғары болғандықтан өте сезімтал электронды платалар жасау қиын еді. Тек қана ар­найы жабдықталған ғимараттарда жа­сауға болатын-ды. Ондай ғимараттар ғана салып, оған қажетті күтім жасауға үл­кен шығын кететін болған соң, жоспар­ды ауа-райы қолайлы Ыстықкөл жаға­лауында жүзеге асырғанды жөн санайды. Бұл бағытта біраз жұмыстар атқа­рылғанмен кейіннен Кеңес өкіметі құлап, экономикалық қиыншылықтардың салдарынан басталған кешенді іс-шара аяқсыз қалады.

Келесі бір іргелі зерттеулер кешені социология саласында жүзеге асырыл­ды. Батыстық социологияның көрнекті өкілдері Джордж Элтон Мейо, Карл Раймунд Поппердің идеяларын кеңінен пайдалана отырып, Қазақстанда инже­нерлік социологиялық зерттеулер жүзеге асырылды. Даму заңдылықтарына қай­шы келетін, дағдарысқа бастайтын кем­ші­ліктерге көз жұма қарамай өз ойын ашық жариялағандығы да бүгінде осы салада еңбектеніп жүрген зерттеуші ға­лым­дарға ғана емес, көпшілікке бел­гілі.

Ғылым жолындағы осынау ізденістер 450-ден астам ғылыми, ғылыми-публи­цистикалық және оқу-әдістемелік еңбек­тер болып жарық көрді. 20-дан астам оқулық пен оқу құралын жазып шықты. Оның жетекшілігімен 1 ғылым докторы, 5 ғылым кандидаты, 6 магистр даяр­ланды.

Жоғарыда айтқанымыздай, Ұ.Есіл­ханұлының шығармашылығының биік бір белесі – рухани таным саласын­дағы еңбектері. Осы ретте ойға ең алдымен ұстазы, академик Д.Кішібековпен бірігіп жазған «Фило­со­фия» оқулығы оралады.

Ұ.Есілханұлының социология саласында жазылған «Инженерлік еңбектің социологиясы» оқулығы – осы саладағы бірден-бір ғылыми еңбек. Батыс­­тың ғылыми зерттеу орталықтары мен университеттері социоинженерия сала­­сына миллиардтаған қаржы жұмсап жатқан кезде, бізде осынау саланы жылы жауып қойғысы келетіндерге не деріңді де білмей қиналады екенсің.

Ұлықпан Есілханұлы – бүгінде толысып, кеме­ліне келген ел ағасы. Қазір ол Сәт­баев уни­верситеті ақсақалдар алқасы­ның төр­ағасы, ректор кеңесшісі. Қазақ­стан­­ның еңбек сіңірген қайраткері сан-салалы осындай еңбектері мемлекет, үкімет, салалық минис­трліктер тарапынан лайықты бағасын алды.

Ұлықпан ағамыз ғылым мен мәдениет­ті ұштастырып, ел үшін жемісті еңбек етіп келеді.

 

Досалы САЛҚЫНБЕК,

Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ профессоры,

Ермахан ҚАЛМЫРЗА,

аға оқытушысы