Руханият • 10 Қаңтар, 2023

Міржақыптың тайжақысы

642 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанадағы Ұлттық музейдің төрін толтырып тұрған бір құнды жәдігер бар. Ол – Алаш ардақтысы Мір­жақып Дулатұлының тайжақысы. Бұл жәдігерді айтулы тұлғаның қызы Гүлнәр Дулатова 2009 жылы бұ­рынғы Президент мәдениет орталығына тапсырған.

Міржақыптың тайжақысы

Тайжақы деп тай терісінен тігілген қаптал тонды айтады. Бұл түркі халықтарының ежелден ке­ле жатқан сырт киімі саналады. Міржа­қып атамыз бұл тайжақыны 1925 жылы Орынбордан Қызылордаға көшіп келгенде ұлты еврей тігіншіге тапсырыс беріп тіккізген. Содан оны 1928 жылы бір топ қазақ зиялыларымен қамауға алынғанға дейін үстінен тастамай киіп жүріпті. Одан кейін бағалы тонды Алаш арысының жары Ғайнижамал Дулатова 1940 жылға дейін ешкімге көрсетпей, көзінің қарашығындай сақтап, қызы Гүлнәрға аманат етіп қалдырған. Ал бүгінгі ұрпаққа оны тектінің тұяғы, марқұм Гүлнәр Міржақыпқызы жет­кізді.

– Әкем қамауға алынған 1928 жылдан бастап санасақ, біздің шаңыр­ағымызда бұл тайжақы сексен жыл сақ­талды. Осы асыл киім­нің қадірін жас кезімізде онша білген жоқпын. Қазір әкемнің исі сіңген, рухы аялаған отбасылық жәдігерімізді қимай, бір жағынан, мұңайып та тұрған жайым бар. Бірақ халқының ардақтысы Мір­жа­қыптың тайжақысы енді ел игілі­гіне айналып, өзі армандаған тә­уел­сіз мемлекетінің ең мәр­тебелі мұражайының төрінен орын алатынына қуаныштымын, – деп әкесінің қымбат дүниесін музейге тапсырарда Гүлнәр апа көзіне жас алыпты.

Бірегей жәдігерді сол кездегі Президент мәде­ниет орталығының бас қор сақтаушысы Бибінұр Сана­құлова қабылдап алып, Гүлнәр апаға орталық директоры, белгілі ға­лым Мырзатай Жолдасбековтің алғысхаты мен арнайы соқтырған күміс білезігін сыйлаған. Сондай-ақ көрнекті қайраткердің қызы музейге әкесінің Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Жұмағали Тілеулин және Мұхтар Мурзинмен жазысқан хаттары мен құжаттарын, суреттерін тапсырған.

Гүлнәр апамызға әкесінің қадір­леп киген сырт киімін музейге өткізу оңай болмағанын мына бір хаттан бай­қаймыз. 2010 жылы Алматыдағы «Мектеп» баспасынан жарық көрген «Алаштың сөнбес жұлдыздары» атты кітабында ол кісі Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауинге жолдаған хатында сол сәттегі көңілі мен толқынысын әсерлі баяндапты.

«Аса қымбатты бауырым Мұхтар!

Ар ма?

22.04.09. Прагадан жолдаған мақалаң қолыма тиісімен бас көтер­местен бір деммен оқып шықтым. Қатты қуанған халімді айтып жеткізе алмаймын. Шын жүректен ризамын саған.

...Биыл 23.04.09 күні өткен жаңа­лыққа көңіл бөлейін: Қадірлі әкем Міржақыптың киген, қолымда 80 жыл сақтап келген тайжақысын Мырза­тай Жолдасбеков басшылық ететін Астанадағы Президенттік мәдени орталыққа сыйлыққа бергенім. Бұл үлкен сенсация болды. Радиодан берілді, теледидарға түсірілді, «Еге­мен Қазақстан» газетінің тілшісі келді, журналистер тобы жиналды. Беретін сыйлығымды қабылдау мис­сиясымен келген музейдің бас қор сақ­таушысы Б.Санақұлова­ның толтырған актісіне қолымды қойып, М.Дулатов әкемнің тайжақысын табыс еттім. Ол минуттағы кешкен халімді айтпай-ақ қояйын, жеңіл тиген жоқ. Бірақ мені жұбатарлық әсер еткен, М.Жолдасбековтің маған жазған Алғысхаты еді. Онда былай деген сөздерін қысқартып келтірейін: «Абылай ханның алтын зерлі қамқа тоны, Балуан Шолақтың кемер белдігі секілді құнды мұралармен бірге Орталық төрінен орын алып, ұлттық мәдениетімізді байытып тұратын болады!...» Алдағы уақытта Міржа­қыптың тай­жақысы Абылай ханның қамқа тонымен қатар му­зейдің төрінде ілулі тұрса, бұдан артық қандай құр­мет-сый болушы еді?! Қуа­нам. Мақтанам...Құшақ­тап сүйдім, Гүлнәр Мір­жақыпқызы Дулатова».

Қысқасы, Ұлттық му­зейдегі баға­лы жәдігерлер қатарынан орын алған Мір­жақып Дулатұлының тай­жақысы – Алаш ары­сы­ның көзі ғана емес, тәуел­сіздік мұраты жолында ба­сын бәйгеге тіккен ардақ­ты­ларымыз өмір сүрген дәуірден сыр шертіп тұр.