Саясат • 10 Қаңтар, 2023

Халықтың тілегі

273 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаты Қайнар Абасов «Аmanat» партиясы Түркістан облыстық филиалында жиын өткізіп, өңірдің аграрлық саласы бойынша өзекті мәселелерді талқылады. Отырысты партияның аймақтық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев ашып, жүргізіп отырды.

Халықтың тілегі

Кездесуге салаға жауапты өңірлік басқармалар мен департамент басшылары, аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары, жергілікті шаруалар, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты. Алдымен облыстық ауыл шаруашылығы бас­қар­масы басшысының уақытша міндетін атқарушы Н.Мырзах­метовтің 2022 жылы атқарылған жұмыстары туралы есебі тыңдалды.

Баяндамашының айтуынша, ауыл шаруашылығы саласында айтарлықтай өсім бар. Оның ішінде егін және мал шаруашылығы, ет экспорты бойынша Түркістан өңірі жетекші орында. 2022 жылдың 11 айында ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 996,3 млрд теңгені құрап, 101,2 пайызға артты. Республикадағы үлесі 11,4 пайыз, яғни 3 орында тұр. Ауыл шаруашылығы дақылдары 859,9 мың гектарға егіліп, егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 14,4 мың гектарға ұлғайған.

Сондай-ақ Н.Мырзахметов шешімін күткен мәселелерге де тоқталды. Түркістан облысы Республика бойынша мақта өсіретін жалғыз аймақ. Оны әрі қарай дамыту үшін инвестициялық субсидиялау бағдарламасына «Шитті мақтаны өңдеу, терең қайта өңдеу кәсіпорындарын құру және кеңейту» паспортын енгізу, салымдарды өтеу үлесін 50 па­йыз субсидиялауды қарастыру, тозығы жеткен құрал-жабдықтарды жаңарту қажет. Саланың өзге де бағыттарында шаруаларды қолдау бойынша шаралар және тарифтерді төмендетуді ұсынды.

Бұдан кейін сөз алған шаруа­лар да саладағы кемшіліктерді атап, күн панельдері мен ұңғы­маға субсидия беру, ағын су тап­шы­лығын шешу, жайылым, өнім­дерді экспорттауға қолдау көр­сету жөнінде ұсыныстарын біл­дірді. Жиында облыстық жер қа­ты­настары басқармасының басшысы Е.Тілеген ортақ жайылыммен қамтамасыз ету барысы туралы баяндап, сауалдарға жауап берді. Депутат Қ.Абасов шаруалар мен жергілікті атқарушы билік өкілдерін тыңдай келе көтерілген мәселелерді дау-дамайсыз бірлесіп шешуге үндеді.

«Бүгін өзекті мәселелерді талқыладық. Оларды шешу үшін ең әуелі қаржыландыру, мұнан соң жеңіл және тамақ өнеркәсібін дамытуды күшейту, қажетті техникамен қамтамасыз ету, жерді тиімді пайдалану жүйесін жетілдіру керек. Азық-түлік өнімдерінің бағасын дүкеннің сөресінде реттеу мүмкін емес. Оның шешімі – өндіріс орындарын көбейту. Проблемаларды министрліктер мен тиісті құзіретті органдар алдында көтеріп келемін. Сіздердің ұсыныстарыңыз нақты болғаны жөн. Бұл депутаттық сауалнаманы жолдауда сараптау және бюджетті жоспарлау барысында өз тиімділігін көрсетеді. Қажеттілік туындаса жауапты министрмен өңірге арнайы келіп, бетпе-бет жүздестіруге дайынмын. Барлық проблема «Аmanat» партиясының Жол карта­сына енгі­зілсе, ең алдымен Мем­лекет басшысы, кейін Үкімет пен де­путаттардың яғни, үш жақ­ты қадағалауда болады. Заң шыға­ратын депутат болса, ал депутатқа жол сіл­тейтін – халық», деді Қ.Аба­сов.

Сондай-ақ жиын барысында «Ауыл аманаты» партиялық жобасы мен «Жер аманаты» комиссиясына да қатысты жайлар талқыланып, күн тәртібіндегі мәселе бойынша ұсыныстар хаттамаға енгізілді. Іс-шара соңында қатысушылар қоян-қолтық жұмыс атқаруға уағдаласты.