Әлем чемпионатының басталуына
1 күн қалды
Ертең Жер шарының келесі қиырында, алыстағы Бразилия жерінде футбол жанкүйерлері 4 жыл бойы тағатсыздана күткен кезекті Әлем чемпионаты сөреден шығады. Жаһандық жарыс басталатын шақ жақындаған сайын мамандарда да, ойыншыларда да, оларға жанашыр жұртта да дегбір қалмай барады. Мұның өзі бүгінгі таңда әлемде өзін өзі толық мойындатқан құраманың жоқ екенін де көрсетсе керек. Әдетте әлемдік деңгейдегі жанкүйер қауым бір чемпионаттан келесі чемпионатқа дейінгі аралықта өмір сүретін сияқты. Олар кезекті мундиаль мәреге жеткен бойда алдағы сайыста кімнің айбыны асып, айдыны озып шығатынын талқылай бастайды. Бұл жолы да солай болды. Африка құрлығында өткен аламанның ыстық-суығы басылмай жатып-ақ жұрт ендігі бәйгенің жеңімпазы кім болатынына барлау жасай бастады. Осынау 4 жыл бойына сол әңгіме толас таппады. Пікірталас дода өтетін шақ таяған тұста жаңа толғаммен толығып, бұрынғыдан бетер қыза түсті. Бұл ой бөлісулерге қатардағы қарапайым фанаттан бастап, футбол ойынының майталмандары атанған атақты футболшылар мен жаттықтырушыларға дейін қатысты. Сонымен, жұртшылық пікірлерінің өлшемімен қарағанда, мундиальдің басты үміткерлері кімдер? Бразилия. Бұл – нақтылы бір кезеңде ойыншыларының құрамы мен шеберлік деңгейлері қандай жағдайда болғанына қарамастан, кез келген әлем чемпионатында басты үміткерлер қатарында аталып келген жалғыз ел. Осы кезге дейінгі барлық 19 чемпионатқа түгел қатысқан да бір өзі. Бұған қоса, атағы жағынан да алдына бірде-бір жасақ түсірмейді. Ол – әлемнің 1958, 1962, 1970, 1994 және 2002 жылдарғы чемпионы. Мұның үстіне, сары жейделі құрама чемпионатты тарихта екінші мәрте өз отанында қабылдап отыр. Дегенмен, мамандар тап осы жолы Бразилия құрамасының бірінші рет бұрынғы қалпына мүлдем ұқсамайтын болып құралғанын да айтады. Бұған, ең алдымен, команда сапында бірде-бір орталық шабуылшының жоқтығы негізгі себеп. Жартылай қорғаныс шебінде де креативті орталық ойыншы жоқ. Мұның есесіне, қорғаныс шебін нағыз тасқамал деуге болады. Оның жанына қарсы жорыққа аттануға дабыл қағылған бойда қос қапталдан алға қарай шүйліге ұмтылатын «қарғыбаулы қабыландардың» үйірі топтасқан. Олардың бәрі тіректі аймақтың ойыншылары. Бұл жігіттер кімді болса да «жұлып жегелі» тұр. Ал құраманың қақпа маңы осалдау көрінеді. Мұнда көптен бері іргелі клубта ойнап көрмеген тәжірибелі Жулио Сезаруды қиын сәтте алмастыра қоятын лайықты ізбасар жоқ. Алайда, бас жаттықтырушы Луис Фелипе Сколари соңғы шептегі олқылық орнын қорғаныстағы мықты ойыншылармен жаппақшы көрінеді. Айтса айтқандай, оның қорғаушылары шынында «сен тұр, мен атайынның» сұрпынан. Шыны керек, мұндай байрақты бәсекеде кімнің жұлдызы жанып шыға келетінін дөп басып айту әсте қиын. Әйткенмен, бразилиялықтардың осы жолы алтыншы мәрте чемпион атануға толық мүмкіндігі бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Испания. Спортта «Чемпион болғаннан чемпиондықты ұстап тұру қиын» деген қанатты сөз бар. Пиреней түбегінен келген перілер осы жолы бірінші рет әлем біріншілігіне чемпионның рөлінде қатысқалы тұр. Олар жоғарыда айтылған қағиданың қаншалықты салмағы бар екенін енді нақты сезінетін болады. Әлбетте, испан жұрты «Фурия рохиден» сол атағын қорғап қалуды талап етеді. Егер осы реттегі аламан Бразилияда емес, жер жүзінің басқа кез келген пұшпағында өтер болса, әлем чемпионының бұл жолы да фавориттер қатарында екеніне әбден келісуге болар еді. Ал мұнда... бәрі басқаша. Мұндағы жұрт финалдың Бразилия-Аргентина сипатында өтуін қатты қалайды. Оның үстіне, Испанияның чемпионатқа келіп отырған құрамы да мамандардың оншалықты бір сенімін бекіндіріп тұрған жоқ. Бұған терме жамағат сапындағы көптеген мықты ойыншылардың жарақат алып қалуы да себеп болып тұрған сияқты. Сондықтан Дель Боске қолда бар футболшылар қатарынан ұжым түзуге барын салыпты. Германия. Әлемнің үш дүркін (1954, 1974, 1990) чемпионы атанған құрама халықаралық деңгейлердегі әртүрлі турнирлерде ең сәтті өнер көрсетіп келе жатқан команда болып табылады. Ал ұжымның тізгінін ұстағанына биыл 10 жыл толып отырған Йоахим Лев алдағы чемпионат үшін өте күшті құрам құрастыра білді. «Неміс мәшинесі» бұл жолы тәжірибелі және жас футболшылардың ортақ құйылымынан құралғандай болып көрінеді. Оның әрбір шебінде шама-шарықтары бірдей екі ойыншыдан бар. Бұл жағынан келгенде орталық шабуылшы ғана жалғызсырайтын сияқты. Әйткенмен, қазір күллі Германия осы жалғыздың – Мирослав Клозенің жеке табысын да қатты тілеп отыр. Мәселе мынада, бүгінге дейін мундиальдерде 14 гол соғып үлгерген сұрмергеннің енді әлем рекордын жаңартуға толық мүмкіндігі туып тұр. Ал бұған дейінгі үздік көрсеткіш 15 добы бар бразилиялық Роналдоның еншісінде екені белгілі. Демек, турнирде бар-жоғы 2 гол салса, рекорд қолда болмақ. Қазір былайғы жұрт арасында болашақ чемпион қатарынан Германия құрамасын көріп отырғандар да көп. Рас, немістер түскен топ оңай емес. Жалпы, мұндай аламанда оңай топ бола қоймайды. Мамандар басты үміткерлер қатарында, сондай-ақ, Аргентина, Уругвай, Франция, Португалия, Италия, Англия сияқты елдердің командаларын да атап отыр. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан».