11 Маусым, 2014

Ақпараттық кеңістік ақиқатқа құрылады

525 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазақстандағы діни ахуалды тұрақты деп айтуға жеткілікті негіз бар. Соңғы мәліметтер бойынша, елімізде 18 конфессияны құрайтын 3449 діни бірлестік қызмет атқарады. Бұл 2011 жылғы көрсеткіштен анағұрлым аз. Себебі, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң талаптарына сәйкес, діни бірлестіктер қайта тіркеуден өткізіліп, Қазақстанның конфессиялық кеңістігі ретке келтірілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз қажеттігін атай келіп, дінді зайырлы қоғамымыздың ажырамас бөлігі ретінде бағалады. Сондықтан, еліміздегі діни қатынастарды одан әрі дамытуға құзырлы мемлекеттік мекемелер, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдары әрқашан мүдделілік танытады. Бұл орайда, өткен жұма­да Бурабайда Қазақстан Респуб­ли­касы Дін істері агенттігі мен «Ұлағат» мәдениет және даму қоры бірлесіп өткізген «Халық­тың діни сауаттылығын арттыру бойынша ақпараттық-түсін­діру жұмысының тиімділігі» тақы­ры­бындағы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясының тәлімдік маңызы зор болғандығын атап көрсеткіміз келеді. Оның жұмысына агенттік басшылығы мен қызметкерлері, Астана және Алматы қалаларының, облыс­тардың дін істері басқарма­ларының басшылары, аймақтық ақпараттық-насихат топтарының мүшелері, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты. Дін істері агенттігі төраға­сының орынбасары Ғалым Шой­кин кіріспе сөзінде діни қызметтегі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарына талдау жасай келіп, агенттік пен діни басқарма тарапынан «Дін тақырыбын БАҚ-та жариялау бойынша әдістемелік ұсыныстар» жасалғандығына назар аударды. Тілшілер қауымы діни мәселелерді көтеру барысында осы ұсыныстарға сүйене алады. Бұл БАҚ еркіндігіне шектеу қою емес, керісінше, сала өкілдерінің дұрыс бағыт-бағдар ұстанып, мемлекеттік саясатты дұрыс насихаттауына септігін тигізеді. Конференцияға дайындық барысында республикалық және аймақтық баспа басылымдарында, электрондық ақпараттық құралдарда және интернет ресурстарда жарияланған материал­дарға контент-сараптама әдісімен 116 БАҚ-қа мониторингтік талдау жүргізіліпті. БАҚ беттерінде жарық көрген материалдардың сипаттық көрсеткішіне тоқта­лар болсақ, зайырлы және конфессиялық ақпарат құрал­дарында жарияланған 2000-нан астам мақала дін саласындағы өзекті мәселелерге арналғаны айтылды. Әсіресе, сараптамалық-талдау материалдары көбейе түскен. Онда, негізінен елдегі діни ахуалға, діни экстремизм мен лаңкестіктің мүмкін қауіптерін болжау мен талдау, халықтың діни-құқықтық сауатын көтеру жолдарын іздестіруді арқау еткен тақырыптар көтерілді. Конференцияда Ақмола және Оңтүстік Қазақстан облысы дін істері басқармасының бас­шылары С.Ыбыраева мен Б.Жалмұрзаев, Павлодар облы­сындағы «Конфессияаралық қатынастарды талдау және дамы­ту орталығының басшысы Г.Раздықова, Дін істері агенттігі төрағасының кеңес­шісі А.Әбдірәсілқызы, агенттік­тің басқарма басшысы Ә.Жуа­ныш­паева, «Ақниет» ҚБ жетек­шісі А.Қиманов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситетінің доценті К.Тышхан және С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің аға оқытушысы А.Кенжеевтің баяндамалары тыңдалды. Онда БАҚ-тардағы белсенділіктің арта түскендігі атап өтілуімен қатар, елде қалыптасқан конфес­сияаралық келісім мен тұрақ­ты­лықты нығайту, дін атын жа­мылған ағымдар мен лаңкестік топтардың зиянды әрекеттерінің алдын алу, діни алауыздыққа жол бермеу жолындағы журналистік ізденістерді ұштай түсу жөнінде ұсыныстар ортаға салынды. Басқосудың екінші бө­лі­гінде аймақтық БАҚ журна­лис­теріне арналған семинар ұйымдастырылды. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы.