Қоғам • 11 Қаңтар, 2023

Ажалға араша түскен азамат

507 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сын сәтте өз өмірін қатерге тігіп көзсіз ерлікке бару – кез келгеннің көкейіне келе бермейтін батылдық. Келеңсіз оқиға болған жерге кездейсоқ келіп, мүлде танымайтын адамды лапылдап жатқан қызыл жалынның ішінен аман алып шыққан Бауыржан Әуелбековті бүгінгі заманның батыры десек артық болмас.

Ажалға араша түскен азамат

Алматының «Дархан» шағын ауданында азаматтық некедегі әйелін дүкенмен бірге өртеп жібермек болған ер адам оқиға орнында көз жұмды. Әйелді ажалдан арашалап қалған такси жүргізушісі Бауыржан Әуелбеков сол маңнан өтіп бара жатып дүкенге кірген.

«Дүкенде тұрғанымда бір адам кіріп келіп дереу сыртқа шығуымды талап етті. Басында түк түсінбей абдырап қалдым. Қалтасынан тапанша шығарып маған кезеді, сасқанымнан далаға атып шықтым. Мен шыға сала дүкен есігі ішінен бекітіліп, айғайлаған дауыстар естілді. Не істерімді білмей дүкен жанындағы дәріханашыға бардым. Полиция шақырдық», дейді Бауыржан Әуелбеков.

Қолына бензин толтырылған канистр ала кірген ер адам сұйықтықты дүкен ішіне шашып өрт қойған. Салдарынан қатты жарылыс болып терезедегі темір қоршаулар көшенің қарсы бетіне дейін ұшқан. Куәгерлердің айтуынша жарылыс кезіндегі қысымнан дүкеннің темір есігі де жұлынып кеткен. Осы кезде Бауыржан Әуелбеков лапылдаған оттың ішіне кіріп адамдарды құтқаруға әрекет жасаған.

«Ойланып тұратын уақыт жоқ, жүгіріп ішке кірдім. Ап дегенде шатырлаған жалынның қызуынан қас-кірпігім мен шашым, бетім күйіп қалды. Түк көрінбейді. Дүкенші әйелдің шыңғырған даусын естіп, көтеріп алдым да сыртқа қарай жүгірдім. Өртеніп кеткен киімдеріне қолым жабысып қалғанын сездім. Жолдың арғы бетіндегі №25 емханаға дейін көтеріп апардым, бейшара қатты күйген. Дәрігерлердің қолына тапсырып, көңілім орнына түсті. Өзімнің де оңбай күйіп қалғанымды сол кезде бір-ақ сездім», дейді ол.

Ауыр жарақат алған келіншек жансақтау бөліміне түскен, қазір жағдайы оңалып келеді. Ал ер адам өзі қойған өрттің салдарынан тірідей жанып кеткен. Бірер күн бұрын жәбірленушінің бауыры аталған жайдың себебін желіге жариялап, көмек сұрады. Оның айтуынша, әпкесі мен ресейлік азамат Бобриев бірнеше жыл бұрын бірге тұрған. Алайда 2019 жылдан бері жанжалдасып келеді. Сол кезде де ол әйелді ұрып-соғып, қолын сындырған. Оны елдің аумағынан аластату бойынша соттың шешімі шыққанымен, Қазақстанннан кетпеген.

«41 жастағы әпкем жалғызбасты, бір қызы бар. Қараша айында әкемнің атынан несие алып азық-түлік дүкенін жалға алды. Қайғылы жағдайдан бір күн бұрын Бобриев оның тұрақта тұрған көлігін көріп, дүкенге келіп, қоқан-лоқы көрсеткен. Бұған дейін ол әпкемнің қызын мектепке келіп қорқытатын. Осыған байланысты Алатау ауданының ІІБ-нің учаскелік полициясына арыз жаздым. Бірақ ешкім Бобриевті іздеген жоқ. Ал 21.12.22 жылы сағат 16.30-да Бобриев дүкенге екі канистр бензинмен, тапаншамен, оттықпен келді. Мылтықпен дүкендегі сатып алушыны қуып жіберді. Дүкен іші мен әпкеме жанармай шашып, өрт қойған. Салдарынан жарылыс толқыны терезелер мен есіктерді жарып жіберді. Десе де Бобриев қуып жіберген тұрғын қайта дүкенге кіріп, өрттің ішінен әпкемді алып шықты. Оған шексіз алғыс білдіреміз. Егер учаскелік полиция көмек сұраған күні шара қолданса, мұндай қайғылы жағдай болмас еді. Ол бір жыл бұрын жер аударылған болса, әпкем зардап шекпес еді және қазір мұндай азапты көрмес еді! Полиция соттың шешімін орындамаған», дейді жәбірленушінің бауыры Гүлмира.

Оқиға салдарынан дүкенге жақын орналасқан дәріхана да өртке оранған. Полиция қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді.

«Кісі өлтіруге оқталу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиға орнынан табылған қарудың кімге тиесілі екені анықталып жатыр. Сондай-ақ қызметтік тексеру жүргізілуде. Тергеу барысы ІІМ мен Алматы қаласы полиция департаменті басшылығының бақылауында», деп мәлім­деді Алматы қалалық полиция  бас­қар­масының баспасөз қызметі.

Жәбірленушінің туыстары жақыны­ның жанын аман алып қалған азаматқа алғы­сын айтуда. Оқиға куәгерлері қайсар жігіт­ке жергілікті билік тарапынан лайықты құрмет көрсетілсе дейді. Төрт баласымен бір бөлмені жалдап тұратын Бауыржан Әуелбеков өрт кезінде қолдары күйіп, дене жарақатын алғандықтан жұмысқа шыға алмай қалған. Жанқиярлық пен батылдықты тек қызмет бабында ғана емес, кез келген өмірлік жағдайда танытуға болатынын паш еткен оның азаматтығы көпке үлгі.

 

АЛМАТЫ