Парламент • 11 Қаңтар, 2023

Өңір мүддесі ескеріледі

316 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Жамбыл облысының мәслихат депутаттарымен кездесіп, еліміздің алдында тұрған негізгі міндеттерді және Қазақстанның саяси жүйесін жаңғырту мәселесін талқылады.

Өңір мүддесі ескеріледі

Кездесу барысында М.Әшім­баев алдағы уақытта Сенат өңірлердің мүддесін білдіретін Палата ретінде мәслихаттармен байланысты одан әрі арттыруды жоспарлап отырғанын айтты. Палата спикері өз сөзінде осы тараптағы жұмыстың нақты ба­ғыттары мен форматына кеңінен тоқталды.

«Заң шығару ісі ауқымды әрі кешенді процесс. Заңдардың бар­лық нормалары алдын ала жан-жақты талқыланып, пысықталады. Осы жұмыстарға мәслихат депутаттарының тұрақ­ты қатысуы айрықша мәнге ие. Сіз­дер жергілікті жерлердегі жағ­дайды жақсы білесіздер. Сон­дықтан заң шығару ісінде мәс­лихат депутаттарының ой-пікірлері мен ұсыныстарының маңызы зор», деді М.Әшім­баев.

Сенат төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асырылған конституциялық реформаның нәтижесінде мәслихаттардың рөлі артқанын және сайлау үлгісі өзгергенін де тілге тиек етті. Мұндай шаралардың бәрі жер­гілікті жерде бәсекелі сая­си орта қалыптастырып, елдің ал­дында беделі бар жаңа тұлға­лар­дың сая­сатқа келуі үшін қолға алы­нып отыр.

Сонымен қатар М.Әшім­баев елімізде жүргізіліп жатқан жүйе­лі саяси жаңғыртулар аясын­да Сенаттың алдында тұрған мақ­сат-міндеттерге тоқталды.

«Бұдан былай Сенат өңір­лердің мүддесін қорғайтын Па­ла­таға айналады. Маңызды эко­номикалық және әлеуметтік процестер негізінен аймақтарда өтетіні белгілі. Өңірлерді кешенді түрде дамытпай, тұтас ел дамуын жаңа деңгейге көтеру мүмкін емес. Сондықтан Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың, ұлттық жобалардың, шағын және орта бизнесті қолдауға арналған бағдарламалардың өңірлерде іске асырылу барысын бақылауға баса мән беріледі», деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат Спикері аграрлық салада еңбек етіп жүрген жергілікті мамандармен және еңбек ұжымдарымен кездесті. Іс-шарада «Жамбыл облысы тұрғындарының табысын арттыру» және «Ауылдардың денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту» пилоттық жобаларын іске асыру барысы талқыланды.

«Президентіміз ауыл шаруа­шылығын және ауылдық аумақ­тарды дамытуға үнемі баса мән беріп келеді. Ауыл шаруа­шылығы кооперациясын дамытуға үлкен көңіл бөлінеді. Алдағы жылдарда мемлекет тарапынан осы мақсатқа 1 триллион теңге бөлінеді. Ол 1 миллион ауыл тұрғынын қамтиды. Біз бюджетті қарау және заң­на­малық жұмыс барысында осы мәселелерді назарға алып, жұ­мыс істейміз. Сіздер айтқан ұсы­ныстар мен бастамалардың бәрі қолдауға лайық. Оларды іске асыру жолында бәріміз бірге белсенді жұмыс істеуіміз керек», деді М.Әшімбаев.

Облысқа сапары кезінде Сенат төрағасы Қаратау қаласының орталық қазандығының жай-күйімен және шаһардағы үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстарымен таныс­ты. Айта кетейік, бір апта бұ­рын бұл өңірде қатты дауыл со­ғып, салдарынан аймақтағы инфра­құ­рылымға, көпқабатты және жеке тұрғын үйлерге, әлеуметтік нысандарға, сондай-ақ электр бағандары мен желісіне айтар­лықтай зардабы тиген еді.