Комитет төрағасы Владимир Волков отырыс барысында Парламент соңғы 3 жылда сот жүйесін жаңғыртуға бағытталған сот төрелігі саласында 30-дан астам заң қабылдағанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы сот жүйесін реформалауда айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткізу үшін судьялардың кәсібилігіне, сот төрелігінің сапасына және сот ісін басқаруға бағытталған түбегейлі жаңа көзқарастарды белгілеу қажет деп санайды. Бұл үшін сот корпусын жаңарту және жетілдіру керек. Судьялар жоғары білікті және адал болуы керек», деді Владимир Волков.
Сенатор Қанатбек Сафинов Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың тапсырмасы бойынша сот жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының 30-дан астам отырысы өткенін және онда мемлекеттік органдардың, заң қоғамдастығының өкілдері мен ғалымдардың 350-ге жуық ұсынысы қаралғанын айтты. Ұсыныстарды ескере отырып, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасы және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне процестік заңнаманы жетілдіру және сот жүйесін реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленген болатын.
Конституциялық заң жобасына енгізілген түзетулер негізінен судьялардың тәуелсіздігін нығайтуға, олардың жұмыс сапасын арттыруға, Жоғарғы сот Кеңесінің рөлін күшейтуге және оған Жоғарғы Сот функцияларының бір бөлігін беруге байланысты. Атап айтқанда, судьялыққа кандидаттарды даярлау, олардың біліктілігін арттыру, судьялық қызметте болу жасын ұзарту, судьялардың міндетін атқарушылардың өкілетін тоқтата тұру және тоқтату мәселелері. Жоғарғы сот Кеңесінің қарамағына Сот төрелігі академиясын беру ұсынылып отыр.
Екінші заң жобасы апелляциялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібін реттейтін Азаматтық іс жүргізу кодексінің нормаларына өзгерістер енгізуді көздейді. Ұсынылған жаңалықтарға сәйкес апелляциялық сот істі бірінші сатыдағы соттың ережелері бойынша қарауға құқылы. Аталған өзгерістер қағазбастылықты азайтып, даулы құқықтық қатынастар субъектілерінің бұзылған құқықтарын жылдам қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Әділдік қағидатын енгізуді ескере отырып және әділ сот төрелігін қамтамасыз ету мақсатында заңдылық пен негізділік талаптарымен қатар шешімнің әділдігі туралы талапты енгізу ұсынылады.
Азаматтық іс жүргізу кодексіне енгізілген түзетулердің бір бөлігі азаматтық үдерісте сот өкілдігі институтының тиімді жұмыс істеуі мақсатында олардың іс жүргізу құқықтары мен міндеттерін бекіту арқылы сот өкілдерінің мәртебесін құқықтық реттеуді жетілдіруге бағытталған. Екінші заң жобасында сот жүйесін одан әрі дамытуға бағытталған өзге де түзетулер қарастырылған.
Жиында Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиев пен азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсерік Шәріпов те сөз сөйледі. Сенаторлар отырысты қорытындылай келе, сот жүйесін реформалау бойынша жұмысты одан әрі жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.