Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ «EQ»
Сурет
Бір ғана суретіне көптеген түсіндірме еңбек жазылған суретшілер бар. Жаратушының бай қазынасын өзінше ұғынған талант иелері қарапайым адамға көріне бермейтін тұңғиықты көрмек. Аңызға айналған Ван Гогтің «Жұлдызды түн» суретін екі кеңістікке бөлуге болады. Бірі жоғарғы аспан көрінісі, бірі қаланың суреті бейнеленген төменгі көрінісі. Жалынның тілі секілді аспанға көтерілген кипарис суреті готикалық қамалды еске салады. Көп халықтың мәдениетінде кипарис өлген соңғы жанды, мәңгілікті, болмыстың өткіншілігін білдіреді. Біздіңше, мұнда кипарис суреті алдыңғы кезекке шығып тұр, суреттің басты қаһармандары да осылар. Шығармаға қарап отырып жұмбақ суретшінің күйзелген жанын, аспан мен жер арасында тұрақ таппаған жүрегінің халін сезінуге болады. Суретте жердегі өмірден гөрі аспандағы өмір тартымды, әсем көрінеді, тек жоғарғы бөлігіне назар салар болсақ толқыған теңіз бе, әлде жұлдыздары төнген аспанның бейнесі ме, айыру қиын. Қалың бояулар мен айналма гүлдердің серпінді күші бұлжымай бір заңға бағынған табиғат тұтастығын космостық үйлесімділікпен шебер жеткізе білген.
Ван Гог «Жұлдызды түн» картинасын психикалық ауытқуы барлардың ауруханасында жатып салған. Шығармашылық еңбегі суретшіге өз-өзіне келуге көмек етіп, дертінен айығуына жәрдемдескен.
Түс
Пойыз жүргелі тұрды. Түн жарымы. Перронда әлдебір жолаушы белгісіз бекеттен түскелі қозғала бастады. Оны, әрине танымаймын. Келбетіне ұзақ тесіле қарадым. Енді оны ешқашан көрмейтін едім. Ол да мені көрмес. Кейде ғұмырда жалғыз рет қана көрген адамды сағынып жүресіз. Мәселен, он бес жасыңызда Атырауға әдеби фестивальға бардыңыз. Қайтар жолда бейтаныс бекеттен аз-маз уақытқа ғана түскен кезде ерекше көрікті қыз сізге балмұздақ алуды ұсынды. Сіз көркіне бола алдыңыз. Ал бірақ одан бері бес жылдан артық уақыт өтсе де сіз ол аруды ұмыта алмайсыз. Қызық. Неге екен?
Адам өмірінің жартысы ой арқылы, яғни ойша өтеді. Қала берді түсті қосыңыз. Кейбір ғалымдар сегіз сағаттық ұйқының тоқсан минуты түспен өтеді десе, кейбір деректерде соншалық ұзақ көрінген түстер бар болғаны екі-үш секундтың ішінде жүзеге асады делінеді. Түс жайлы сөз қозғағанда психоаналитик Зигмунд Фрейд еске түседі. Оның түс туралы ойлары ғылымда өзіндік негіз қалыптастырды. «Түс жору» еңбегінде түсті өң мен түстің арасындағы бейсаналық деп түсіндірді әрі түсте ұлттық ерекшелік те болатынын жеткізді. Әріге бармай-ақ түс тағылымының түбін түркіден суыртпақтасақ та болады. Қайда барса да өз көрін қазып жататын Қорқыттың түсі, Абылайдың түсі, Бабырдың Самарқан қаласын алар алдындағы түсі әлі күнге аңыздарға арқау болып келеді. Яғни Абылай хан өзі көрген арыстанның ішінен қашқан түлкінің қарнын орып жібергенде құрт-құмырсқа, бақа-шаян, жылан-кесіртке өріп шығады. Мұны Көмекей әулиенің қалай жорығаны тарихтан белгілі. Және оның негізсіз қалмағаны да мәлім.
Шынында денедегі рух өлім сәтінде адамнан мүлдем ажыраса, түс кезінде белгілі бір жерлерде саяхаттап жүреді. Кейде оятқышты сағат сегізге қойып, оятқыш шырылдамай қалса да сол сегізде оянатынымыз бар. Исламда түс үшке бөлінеді. Бірі – рахмани түс, бірі – шайтани түс, бірі – қияли түс. Рахмани түс – сүйіншілеу, ескерту мақсатында болып келсе, шайтани түс әлдебір қиындықтан қашып жүру, тығырыққа тіреліп жан қиналатын тұстары, ал қияли түс өңдегі ойлардан құралған, не шөлдеген жанның су көруі іспетті құбылыстар. Әлемде түс арқылы туған ғылыми еңбектер, өлеңдер, прозалық туындылар көптеп ұшырасады.
Дат ғалымы Вор түсінде күннің үстінде жатқанын көреді. Айналасында дөңгелектер айналып жүреді. Осы түсінен кейін атом құрылысы жөніндегі ғаламшарлық моделін құрастырады. Бірнеше жылдан соң осы еңбегі үшін Нобель сыйлығын иеленеді. XX ғасырдың ортасында америкалық ғалым Джеймс Уотсон түсінде кобра тектес жыланды көреді. Бұл түсі арқылы ол ДНҚ-ның құрылымы мен формасын ойлап табады. Өзінің кезекті ғылыми жұмысынан соң Менделеев терең ұйқыға кетеді. Кенет өзі неше жыл зерттеп бас қатырған жұмысы түсіне енеді. Ғалым тұра сала қалам іздеп, асыға жазуға кіріседі. Тек бір элементке ғана түзету енгізіп, қалғанын түсіндегідей етіп қалдырады. Кей деректерде бұл мағлұматты жоққа шығарады. Шынында, Менделеевке әлемдік атақ – талмай еңбектенудің арқасында ғана келген еді.