Әдебиет • 11 Қаңтар, 2023

Жұтылу

373 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бір жоқты бір жоқ табады. Кейде көрген нәрседен бір әсерленесің де, жақсы екен деп қоясың. Бәлен деп ештеңе айта алмайсың, бірақ әсері бойдан кетпей жүреді. Ой салар, үлгі алар ештеңе жоқ сияқты, неге екенін қайдам, әйтеуір ұнап қалған. Несімен ұнағанын тағы білмейсің. Мүмкін кинотуындының орындалу барысы, оның өнбойын ұстап тұрған ән-әуен, музыка ма деген ой туады. Сөйтсек, кинодағы диалог және жоғарыдағының бәрі екен ғой әсер етуші.

Жұтылу

Есенғали Раушановтың «Шоқанның елге келуі» атты өлеңі бар. Әңгіме Алек­сей Балабанов пен Сергей Бодров­тың «Брат» фильмі туралы болса да, біз аталған өлеңді сөзімізге арқау етіп аламыз. Жоғарыда бір жоқты келесісі табатынын қаперледік. Мұнда да кілт сол, егер біз Есенғали Раушановтың «Шоқанның елге келуі» өлеңін оқымасақ, мүмкін бұл фильмді түсінбес пе едік, кім біледі! Әрине Шоқан мен әлгі фильмнің бас кейіпкерін салыстыруға болмайды. Алайда жеке-дара екі табиғат, бөтен дү­ние, бөлек мезгілде өрбитін қос туын­ды­ны екі-ақ ауыз сөз селбестіріп, тым тереңнен қабыстырып жібереді.

«Брат», «Брат – 2» болып жалғасатын сериалдың біз тоқталып отырған бірінші сериясы – сол заман шындығының көр­кем бейнесі. Оның мағынасын әртүрлі ежіктеуге де болар. Оқиға 1990 жыл­дардың басындағы жағдаймен тұспа-тұс келетін сынды. Әскерге барып келген, біреулердің айтуынша Ауған соғысына қатысып қайтқан жендет емес, жайдары жігіт Данила ғой бас­ты кейіпкер. Жендет емес дейтініміз, біріншіден әлі бұзыла қоймаған. Әділ болып көрінеді киноның басында. Екінші, музыканы сүйеді, үнемі ән тыңдайды. Әскерден келген бойда сол ән үшін таяқ жеп, соққы көреді. Ауылы не ша­ғын қаладан Петерборға келгенде қара базарда отырған Гофман атты неміс шалға ара түсіп, әлімжеттік жасап жат­қан рэкеттен құтқарып қалады. Іздеп барған ағасын таппаған соң Гофманның қорым арасындағы қонысына барады. Онда Гофман сынды қартамыстар көп шоғырланған. Сонда қалаға алғаш келген Данилаға неміс Гофман: «Қала деген үлкен күш, әлсіздерді жұтып қояды», дейді. Екеуара диалог арасында айтылып қалған елеусіз сөздей естілгенімен, кино осы жерден басталатын сияқты. Есенғалидың «Шоқанның елге келуін» оқығалы аңдадым мұны. Онда Шоқан керісінше, қаладан елге келеді.

«Жүдеп жүрген кезі еді ойлап елді,

Шоқан бірде ауылға тойға келді.

Сары қымыз, саф ауа, бағлан еті,

Темекі мен шарапты қоймақ енді.

– Бәріңді де сүйем мен, – деді кенет,

Күлді кемпір: – Төрем-ау, мені ме?

– деп.

Тұнық кезін іздеді ол тұма кешіп,

Құлын кезін іздеді ол желіге кеп.

Тау жаңғыртып дауысы құлан ащы,

Қайран Шоқан құшақтап тұл ағашты:

– Сол күнімді қайтар,

– деп айғай салды,

– Алғам жоқ, – деп асаба тұра қашты.

Алғам жоқ деп ол қашсын тұра келе,

Гуледі сөз ауылдан шыға бере:

– Атақты ұлы осы ма атекемнің,

Шоң деуші еді, жынды ғой

мына неме!!!

Сыпсың, сыпсың, сыпсың сөз ел арасы,

Төрде жатып ойланды төре басы.

– Мырзам, ұят болды ғой, –

деді жеңге,

– Қала адамды бұзады, – деді ағасы».

Кім біледі, оқиға болған шығар, болмаған шығар? Және кейіпкер Шоқан болмауы да мүмкін. Бірақ сырғытып оқып өте шығар өлең емес.

Ал Данила ше? Ауылдан аппақ болып келген бейкүнә жігіт. Петербордан іздеп барған ағасын табады, сөйтсе ағасы тапсырыспен кісі өлтіретін жаналғыш боп шығады. Інісі Данила соның айдауымен өлтірмеген кісісі, жасамаған жа­мандығы жоқ. 1990 жылдардың ба­сындағы сол жүгенсіздіктің салдары күллі жүйеге ықпал етіп, әуресі аз болмағаны әлі де болса аз әңгіме емес-ау. Бір қарағанда, Даниланың басқа амалы жоқтай көрінеді. Бірақ олай емес қой, арғы жағы соғыста қан көріп келген ол кісі өлтіргенде шімірікпейді. Біраз қыл­мыс істеп, қаладағы қылмыс әлеміне «тө­селіп қалған» Данила Гофманға тағы бір жолығады. Қылмыстарына куә бол­маса да, Гофман оны жаратпай қа­лады. Ала көзімен қарайды. Содан не керек, басында сүмірейіп жай жүрген Данилаңыз дөйге айналады. Петербордағы қылмыс әлемі серкесін өлтіріп, ағасын «құтқарып» қалады. Тағысын тағы зиян­кес ерліктері жетерлік. Ақырында Петерборды «ба­ғындырып», Мәскеуге шығардың алдында Гофман неміске қайта жолығып айтады: «Сен қала үл­кен күш» деп едің. Олай емес, мұн­дағы­лардың бәрі әлсіз екен», дейді. Гофман болса, «қала – зұлым күш. Әлділер келеді де, рухынан айырылады. Қала жұтып алады. Міне, сен де жұтылып кет­тің ғой», деп көзіне тік қарағанда, анау өздігінен басын шайқап, қипақтап қалады. Сасқанынан өзі жанын алған бас­кесерлерден тонап әкеткен ақшасынан бір бума доллар шығарып, Гофманға ұсынады. Гофман алмайды. Екеуі осылай қоштасады.

Данила алғаш қалаға келгенде рэкет­тің әлімжеттігінен арашалап ал­ған осы неміс шал – киноның көзірі. Да­нила басты кейіпкер шығар, бірақ еш­­­қашан тұлға емес, тіпті адам емес қой. Гофманның (әділет) алдында қау­қарсыз. Ал бұл неміс шалың – адалдық пен тазалықтың белгісі, қорымда жүр­ген ол сияқтылардың бәрі қоғамнан шеттетілген, бірақ Құдайға қарағандар. Данила қоштасып, ұзап кеткенде Гофман қыстығып, көзіне жас алады. Бәлкім, жер бетінен бір жастың адам санатынан сызылғанына, тірідей өліп қалғанына жаны ауырған шығар...

«Қала адамды бұзады...». Қаладан елге келіп сыймай кеткен Есенғалидың Шоқаны рухани өсе бастаған кейіпкер. Ол сараптай алып тұр: есейіп кеткенін, бұрынғы балалық жоқ енді. Данила оны ойлады ма, белгісіз. Ойласа қыл­мыс әлеміне басымен қойып кетер ме еді?