Қоғам • 11 Қаңтар, 2023

Жол ережесін бұзғандарға салынатын айыппұл мөлшері өсті

1153 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңа айлық есептік көрсеткіш бекітілгені мәлім. Енді 1 АЕК 3450 теңгені құрайды, былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда ол 13%-ға өсті. Тиісінше, жол ережелерін бұзған жүргізушілер төлейтін айыппұлдардың көлемі де артты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жол ережесін бұзғандарға салынатын айыппұл мөлшері өсті

Жылдамдықты арттыру

Мәселен, биыл автокөлік қозғалысының жылдамдығын 10-20 километрге арттырғаны үшін айыппұл 5 АЕК - 17 250 теңгені құрайды. 2022 жылы ол 15 315 теңгені құраған.

Жылдамдықты 20-40 километрге арттырғаны үшін 10 АЕК - 34 500 теңге мөлшерінде айыппұл қарастырылған. 2022 жылы 30 630 теңге болған.

Жылдамдықты сағатына 40 километрден асырғаны үшін 20 АЕК - 69 мың теңге айыппұл салынады. 2022 жылы 61 260 теңге болды.

Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде жылдамдықты қайта асырғаны үшін 30 АЕК - 103 500 теңге айыппұл қарастырылған. Былтыр бұл айыппұл мөлшері 91 890 теңгені құраған еді. 

Жүргізуші куәлігінсіз көлік басқару 

Жүргізуші куәлігінсіз автокөлікті басқарғаны үшін 20 АЕК - 69 мың теңге айыппұл салынады.

Егер жүргізуші куәлігінен айырылған жүргізуші көлік тізгіндесе, онда оған 50 АЕК - 172 500 теңге айыппұл салынады немесе 20 тәулікке қамауға алынады.

Елімізде ең көп таралған бұзушылық түрі - жол белгілерін елемеу. Жол белгілерінің талаптарын сақтамаған жүргізуші 3 АЕК - 10 350 теңге көлемінде айыппұл төлейді.

Бағдаршамның қызыл түсіне немесе реттеушінің тыйым салу қимылына жүрген жүргізушіге 10 АЕК - 34 500 теңге айыппұл салынады. Құқық бұзушылық қайталанған жағдайда жүргізуші 15 АЕК - 51 750 теңге төлейді.

Жаяу жүргіншілердің жолдарына шығып кету, жол жиектерімен немесе тротуарлармен жүру үшін айыппұл 45 945 теңгеден 51 750 теңгеге (15 АЕК) дейін ұлғайды.

Тұрақ ережелері

Тұрақ ережелерін бұзғаны үшін айыппұл 5 АЕК - 17 250 теңге болып белгіленді.

Тротуарда, гүлзарларда, балалар және спорт алаңдарында тұрақтаған көлік иелері 10 АЕК - 34 500 теңге көлемінде айыппұл төлейді.

Ақылы тұрақтың құнын төлеуден жалтарған жүргізушіге 3 АЕК - 10 350 теңге айыппұл салынады.

Айта кетсек, жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін бұзған, қауіпсіздік белбеуін бекітпеген және көлік тізгінінде ұялы телефон пайдаланған жүргізушілерге 5 АЕК - 17 250 теңге айыппұл салу көзделген.

Полиция қызметкерінің талаптарын орындамау

Қызметкердің көлікті тоқтату туралы талабын орындамағаны үшін 40 АЕК - 138 мың теңге айыппұл салынады. Бір жыл ішінде бұзушылық тағы қайталанса, жүргізуші 5 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алынып, көлік жүргізу құқығынан айырылады.

Жаяу жүргіншілер

Жол қозғалысы ережелерінің талаптарын сақтамаған жаяу жүргіншілер де жауапкершілікке тартылады.  Мұндай құқық бұзушыларға 2 АЕК - 6 900 теңге көлемінде айыппұл салынады.

Бір жыл ішінде бұзушылық қайталанған жағдайда айыппұл 10 АЕК - 34 500 теңге дейін өседі.

Қоғам

Сондай-ақ қоғамдық жерлерде түкірген, белгіленбеген жерлерге қоқыс шығарған азаматтарға да салынатын айыппұл мөлшері өсті. Мұндай бұзушылық үшін 5 АЕК - 17 250 теңге айыппұл төлеуге тура келеді.