Қаржы • 12 Қаңтар, 2023

Көмек алған банктер

292 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Олардың дивиденд төлеуіне рұқсат жоқ

Банк – жеке акционерлердің қаржылық қолдауымен жұмыс істейтін қаржылық ұйым. Директорлар кеңесі жыл сайын жиналып, түскен табысты акционерлерге бөлістіреді, яғни дивиденд төлейді. Егер банк мемлекеттен қаржылай көмек алып, содан кейін түскен табысты акционерлерге бөліп беретін болса, бұл, әрине, ақылға сыйымсыз. Мемлекет бұл нәрсеге енді ғана көңіл аударды. Соған орай арнайы қаулы жобасын жария етті.

Көмек алған банктер

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Бұдан былай қаржы инс­титутының қаржылық ор­нықтылығы және сауық­тырылуы үшін мемлекет қаржысы пайдаланылса, онда ол банктің дивиденд төлеуі­не тыйым салынады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің екінші деңгейдегі банктің пайданы бөлу, дивидендтер есептеу, сондай-ақ меншікті акцияларды кері сатып алуды жүргізу талаптарын бекіту туралы қаулысының жобасы жария талқылауға ұсынылып отыр.

Қаулыға сәйкес, егер банк­тің пайдасы мемлекеттің қара­жатын пайдаланусыз, таза банк қызметі арқылы қалыптасса, сондай-ақ «Standard & Poor’s Financial Services LLC», «Fitch Ratings Inc.», «Moody’s Investors Service», «KPMG және Boston Consulting Group» сияқты халықаралық ұйымдардың бірінің қорытындысы болса, онда банк дивиденд есептеп, сонымен қатар өз акциясына кері сатып алу жүргізе алады.

«Бөлінбеген пайданы қа­лыптастыру кезінде қаржы­лық орнықтылығын қамтамасыз ету және (немесе) қалыпқа келтіру үшін мемлекет қаражаты пай­да­ланылатын басқа банк­­­тің акцияларын сатып алу­ға және (немесе) оларды Қазақ­стан Республикасының заңна­масында айқындалған тәртіп­пен қосылу нысанында қайта ұйымдастыруға байланыс­ты бөлінбеген пайданы ұл­ғайтуға оң әсер еткен, қаржы­лық орнықтылығын қам­тама­сыз ету және (немесе) қалып­қа келтіру үшін мемлекет қаража­ты пайдаланылатын банктің ка­пи­талына өзгерістер қосылмай­ды», делінген қаулы мәтінінде.

Қоғамдық талқылау 15 қаңтарға дейін жалғасады. Жалпы, бұл шын мәнінде өзекті мәселе.

Агенттік депутаттар ұсыны­сынан кейін ескерді ме, әлде әу бастан өз жоспарларында болды ма, ол жағы беймәлім, десе де былтыр жыл соңында мәжілістегі «Amanat» және «Ақ жол» фракциясының депутаттары Бас прокурор Берік Асыловқа және Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің басшысы Олжас Бектеновке сауал жолдаған еді.

«Мемлекет басшысы қар­жы секторының тиімділігін және ашықтығын қамтамасыз етуді бірнеше рет талап етті. Бұған оның банк капиталының ашықтығын арттыру және мемлекеттік көмектен пайда болған дивиденд төлемін шектеуге қатысты тапсырмасы дәлел. Банктердің 9 млн теңге көлеміндегі мемлекеттік қаржылық көмекті мақсат­ты пайдалануы және нақты экономикаға несие беруінің тиімділігіне қатысты қойылған депутаттық сауалға Премьер-министр қанағаттанарлықсыз жауап бергеннен кейін, жүйе құраушы банктерді сатып алуға байланысты жағдайлар бізге түсініксіз күйінде қалып отыр. Бұған «Jusan bank»-тің екі ірі банк – АТФ пен Цеснаны жұтып алуы да қосы­лады. Мәселе банктердің бірі­нің дивиденд құқығын теріс пай­далануында ғана емес, про­блема бұдан да ауқым­ды әрі терең болып шықты. Уа­қытша мемлекеттік қаржылық көмектен ешқандай табыс түспейтініне қарамастан «Jusan bank»-тің соңғы бенефициары Jusan Technologies-тің аудит­телген есебінде Цесна мен АТФ-ты сатып алғаннан 1 млрд 350 млн доллар табыс түс­кені көрсетілген. Соның ішін­де, мемлекеттік займды қайта құрылымдаудан небә­рі 300 млн доллар түскен. Мұн­дай капиталды «Jusan»-ға кім, қалай сыйлап жүр?», дейді депутаттар.

Олардың есептеуінше, Цесна банктің активтерін баға­лап, провизиясын қалып­тасты­рушылар «Jusan bank»-тің жұтып алу туралы келісімі бойынша небәрі 1 теңгеге аталған провизияларды қалыптас­тырғаннан 241 млрд теңге табыс алуға мүмкіндік берген.

«Мәжілістің қаржы және бюджет бойынша коми­тетін­дегі тыңдауда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қызметтік пайдалануға арнал­ған шекті келісім туралы ақпарат беруден бас тартты. «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы және «Amanat» партия­сы қызметтік пайдалануға арналған келісімшарттарға депутаттардың қолжетімділігі болуы керек деп есептейді. Бюджеттен тыс мемлекеттік көмектің жеке қалталарға түсіп кетпеуі үшін Үкімет, Ұлттық банк және реттеушінің жұмысы қайта құрылуға тиіс», делінген сауалда.

Қазақстан банктері мемлекеттен көмекті аз алған жоқ. Әсіресе, 2008-2009 жыл­дардағы қаржы дағда­ры­сы кезінде қаржы институт­тарын сауықтыру үшін трил­лиондаған қаржы берілді. Сарапшылардың айтуынша, 2017 жылға дейін банктерге бөлінген қаржы көлемі шамамен 5 трлн теңгеден асады. Және соның бәрі нарықтық шартпен емес, жеңілдетілген шартпен ұсынылған.

Қаржыгер Мұрат Темір­хановтың айтуынша, біз­де мемлекеттің банкке кө­мектесуінің үш жолы бар. Біріншісі – банктің проб­лемалық активін нарықтық бағадан бірнеше есе жоғары құнмен сатып алу. Бұған АТФ, БТА, Цесна мысалдары дәлел. Екіншісі – мемлекет банкке несие береді немесе оның облигацияларын нарық­тық құннан төмен пайыздық мөлшерлемемен сатып алады. Үшіншісі – мемлекет өтеу мерзімін ұзарта, пайыздық мөлшерлемені төмендете отырып әлдеқайда жеңілдетіл­ген шарттармен банктегі депозит пен несиені қайта құрылымдайды. Бұдан кейін банктің қаржылық жүктемесі азайып, үлкен табысқа ие болады. Үш нұсқа бойынша да мемлекет шығынға батады.

«Мұндай қайта құрылым­даудың жарқын мысалы – «Jusan bank». 2020 жылға арнал­ған аудиттелген есепте «Мем­­лекеттік мекемелер ал­дындағы қаржылық міндетте­мелерді жетілдіруден түскен кіріс – 124,6 млрд теңге» деп көрсетілген», дейді сарапшы.

«RiskTakersKZ» каналының жазуынша, бұған дейін екінші деңгейлі банктердің бірқа­тарының артында өте ықпалды тұлғалар тұрған­дықтан Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мұндай қатаң талап қоя алмай келді.

«Аталған талаптың бірінші кезекте «Jusan bank»-ке әсер етері түсінікті. Өйткені банк акционерлер отырысын өткізе алатын емес. Алайда мемлекет есебінен табыс қалыптастырған «Jusan»-нан басқа да банктер бар. Жақында біз RBK bank-тің дивиденд төлегенін жаздық. Бұл банк 2017-2018 жылдары мемлекеттік көмек алған (банк секторының қаржылық орнық­тылығын көтеру бағдар­лама­сына қос­қан соң – ред.). Одан бөлек, квази­мемле­кеттік және мемле­кеттік компаниялардың депозиттерін ұзақмерзімді обли­гацияларға (нарықтық шарт­тардан әлдеқайда төмен 4 пайыз ставкамен) айырбас­тауға байланысты RBK қай­та бағалаудан және ұзақ қор­ландырудан табыс алған. Енді Қаржы нары­ғын реттеу және дамыту агент­тігі басқарма мүшелері мен банктің директорлар кеңесіне қатысты шаралар қабылдауға тиіс. Банк пен олардың қыз­мет­керлері өз әрекеттерінің сал­дары болатынын түсінуі керек. Қаржылық рет­теуші банкир­лердің қара­жатты шыға­рып алу мә­дение­тін өзгерте алатын тү­бе­гейлі ша­ра­­ларға бара алады деп сене­­міз», дейді телеграмдағы «RiskTakersKZ» каналының сарапшылары.