Экономика • 12 Қаңтар, 2023

Өңірлік әуежайлар субсидияланады

223 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

2022 жылдың 29 желтоқсанында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік және жер қойнауын пайдалану мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды. Соған сәйкес азаматтық авиацияға қатысты «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» заңға, Жер кодексіне, Еңбек кодексіне және басқа да заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек.

Өңірлік әуежайлар субсидияланады

Индустрия және инфрақұры­лымдық даму министрлігінің ха­бар­лауынша, аталған заң аза­мат­тық авиация қызметін реттеу тетігін одан әрі жетілдіруді, ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті арттыруды, сондай-ақ әуе көлігі қызметтерін пайдаланатын азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды түзетулерді қамтиды.

Мәселен, ұшу қауіпсіздігін арттыру және жерді пайдалануды шектеу үшін, сондай-ақ әуежай маңындағы аумақта объектілер салу үшін әуеайлақ маңындағы аумақта жер учаскелерін беруді реттейтін норма енгізіледі. Тиісінше, Жер кодексіне әуеайлақ маңындағы аумақта қызметті жүзеге асыруға рұқсат алуды талап ететін әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы заңнаманың ережелері толық ескеріледі.

Бұдан басқа осы заңда халық­аралық әуежайлар үшін әуежай инфрақұрылымын дамытудың нақ­ты кезеңдерін және басым міндет­тер тізбесін қамтитын бас жос­парды бекіту жөніндегі ереже бел­гіленеді. Бұл тасымалдау көле­мінің болжамды өсуін ескеруге, әуежайлардың инфрақұрылымын дамыту үшін қажетті жер учас­келерін қамтамасыз етуге, халық­аралық стандарттардың, оның ішінде ұшу қауіпсіздігі мен авиа­ция­лық қауіпсіздіктің де сақта­л­уын қамтамасыз етуге септігін тигізеді.

Ведомствоның хабарлауынша, қаржылық қиындықтарға тап болған және өзінің опера­ция­лық шығындарын қамтамасыз ете алмайтын өңірлік әуежайлар­ды мемлекеттік қолдау мақса­тын­да субсидиялау тетігі қарас­тырылады.

«Сондай-ақ авиакомпа­ниялардың мобильді нөмір мен электронды пошта арқылы жолаушыларды рейс мәртебесінің өзгеруі туралы, оның өзгеру себеп­тері және рейстің өзгерген уақы­ты туралы немесе жаңа маршрут туралы, сондай-ақ рейс мәртебесінің өзгеруіне байла­нысты авиакомпаниялар ұсынатын қызметтер тізбесі туралы уақтылы хабардар етуді міндеттейтін нормалар көзделіп отыр. Жолаушылардың құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында жолаушыны межелі пунктке уақтылы жеткізбегені үшін жіберілген әр сағатқа тариф (мерзімі өткен ұшу учаскесінің тарифі) құнының 3 пайызы мөл­шерінде тасымалдаушы ком­па­нияларға айыппұл салу қарас­тырылған», деп хабарлады министрлік.

Сонымен қатар заңда әуе тасы­малдаушылардың да мүддесі ескерілген. Айталық, компания­ларға «жолаушылардың қара тізімін» жасауға рұқсат етіледі. Яғни әуе көлігі арқылы жүруге шектеу қойылған адамдардың тізімі жасалмақ. Демек осы тізімге енгізілген жолаушы рейске жіберілмейді. Бұған қоса жолаушы әуе кемесінің бортында құқық бұзушылық жасаған жағдайда тиісті заңға сәйкес әкімшілік жаза қолдану туралы сот қаулысы заңды күшіне енген кезде немесе осы бұзушылығы үшін айыптау үкімі негізінде бір жыл мерзімге дейін аталған тізімге енгізілуі мүмкін.

Бұдан бөлек, осы реформа ұлттық заңнаманы Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) стандарттары мен шетел­дің озық тәжірибесімен одан әрі үйлестіруге бағытталған. Атап айтқанда, азаматтық авиация қызметіне әуедегі оқиғалар мен инциденттер туралы деректерді ұсыну жүйесі арқылы авиациялық персоналдың еңбек құқықтарын қорғау тетігін көздейтін «әділетті мәдениет» қағидаты енгізіледі. Сондай-ақ азаматтық авиация ұйымының бірінші басшысының ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі, сол секілді белгілі бір санаттағы әуеайлақтарды сертификаттау үшін жауапкершілігі қарастырылады. Бұған дейін бұл талап әуеайлақтардың барлық санатына қолданылып келді.

Осы ретте ашық теңіздің аймағындағы немесе дербес­тігі белгісіз әуе кеңістігінде де әуе қозғалысының қызметін реттеу мәселелері шешілетінін айта кете­йік. Бұдан басқа авиациялық инспек­торлар өз қызметтік мін­дет­терін тиісті деңгейде орын­дамаса, жауапқа тарту мәселе­лері қарас­тырылып, ұшқышсыз басқарылатын әуе жүйелеріне байланысты сертификаттау тәртібі енгізіледі. Мысалы, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарын пайдалану процесін реттеу жөніндегі норманы енгізу қа­шықтан сәйкестендіруге қойы­латын талаптарды белгілеп, оларды пайдалануға арналған аймақтарды айқындауға ықпал етеді. Сондай-ақ «ұшқышсыз авиациялық жүйе» және «ұшқышсыз әуе кемесі» ұғымдары енгізіледі.

Тұтастай алғанда, енгізілетін өзгерістер авиация қызметін­де мемлекеттік бақылау мен қадаға­лаудың тиімділігін арттырып, азаматтық авиация субъек­тілері үшін кейбір аспек­тілерді нақтылап, халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге жол ашады.