Қоғам • 12 Қаңтар, 2023

Елдің зары – еңбек дауы

411 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Іргесі енді қаланған Жетісу облысында еңбек дауы ел ішінде келіспеушіліктің бір түйткілі болып отыр. Жасыратыны жоқ, шетелдік инвесторлар мен жергілікті халық арасында туындаған келеңсіздіктер көбіне жерлестеріміздің жайын күйттегенімен, еңбек қатынасына едәуір сенімсіздік ұялатты. Оған дәлел Алматы – Өскемен – Қалбатау бағытындағы автобанды салу кезіндегі жағдай, Кербұлақ ауданындағы «Alacem» ЖШС-ның цемент зауытындағы дау-шарғылар. Одан бөлек қаншама мәселе етектен тартуда.

Елдің зары – еңбек дауы

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Қабырғаның да құлағы бар» деп қатты сөйлеуге батпайтын қа­зақтың қайырымды әдетіне бас­қанымызбен, көңілде тұрған көп күмән кешікпей сыртқа шы­ғары анық. Біз жазбасақ та ел­дің құлағы түрік, ағыл да тегіл ақ­парат ағынын ауыздықтау мүм­кін емес. Қараңызшы, «Қай­нар» АКБ» ЖШС-дағы кә­сіпорын мен Алматы облыстық кі­ріс­тер департаментінің арасын­да­ғы келіспеушілік, Ақсу ауданы Қызылағаш ауылындағы мил­лиард­таған теңге қаржы шы­ғын­далған асыл тұқымды сиырларға қатысты орын алған келеңсіздік, облыс орталығындағы заңсыз бе­рілген тұрғын үй мәселесі, Кер­бұлақ ауданындағы мектеп директоры мен ұстаздар ара­сын­да­ғы текетірес облысты аттап, рес­публикаға шарлап кетті. Бұл мәселелердің басында еңбек дауы жатқаны жасырын емес. Оны қоғамның санасынан суырып алып көріңіз.

Жақында өңір орталығы Тал­ды­қорғанда мыңдаған жер телі­мін біреулердің заңсыз ием­деніп отырғаны белгілі болды. Олардың бірде-бірінің құжаты жоқ. Бұл келеңсіздік арнайы аэро­ғарыш зерттеуі арқылы анық­талған. Мұнан басқа білім, ден­сау­лық, спорт, тағы да басқа са­лада орын алған еңбек даулары да қордаланған мәселенің көп екендігін көрсетуде. Ал ашуын сыртқа шығара алмай, ішінен тынып жүрген еңбек ұжым­да­рын­дағы наразылық қаншама? Шиқанның да жарылатын кезі болады. Сондықтан осындай талас-тартысты болдырмау үшін еңбек қатынастарын реттейтін, әр адам еңбегіне қарай нәпақа табатын тепе-теңдікті қалыптастыру керек.

Елімізде осындай қайшы­лық­тар­ды мемлекет, жұмыс беруші, кә­сіподақ сияқты үшжақты келі­сім арқылы шешіп отыру мақ­са­тында жұмыс жүргізілуде. Мұнда әлеу­меттік әріптестік, ұжымдық шарт, еңбек қауіпсіздігі, құқықтық жұмыс арқылы еңбек даулары шешіледі. Бүгінде облыстағы осындай жұмыспен айналысатын Алматы облыстық кәсіподақтар орта­лығында 12 салалық кәсіп­одақ, 708 кәсіподақ ұйымы, 92 мыңнан аса кәсіподақ мүшесі бар. Олар жыл бойы «Әлеуметтік әріптестік», «Нөлдік жарақаттану-Vision Zero» тұжырымдамасын, «Ха­лықтық бақылау», «Қалың қалай, бастауыш?», «Татуласу орталығы», тағы да басқа жобалар бойынша шиеленістерін реттеп, еңбек қатынастарын бақылап, жазатайым оқиғалардың алдын алуға тырысып келеді.

Мәселен, былтыр облыста ең­бек қызметімен байланысты 12 жазатайым оқиға орын алып, 26 жұмыскер зардап шексе, оның ішінде 2 адам қайтыс болған. Облыстық кәсіподақ орталығында әртүрлі сипаттағы 37-ден астам өтініш қаралып, 32-і оң шешімін тауыпты. Жалақы, әлеуметтік көмек сияқты түрлі сауал бойынша 61 адам жүгінген.

Сондай-ақ кәсіподақтар орта­лы­ғына қарасты кәсіподақ ұйым­дарында еңбек дауларының алдын алу бойынша әлеуметтік әріптестермен бірлесе 4 бастауыш ұйымдағы еңбек дауының сипаты сараланған. Өңірдегі кә­сіподақ ұйымы бар мекеме-кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша 610 өндірістік кеңес құрылып, 932 техникалық инспектор қоғамдық негізде жұмысқа тартылған. Әри­не, еңбек дауларын шешуде жұ­мыс жүргізілуде. Бірақ...

Статистика деректері бойынша, өңірде 25 129 жекеменшік кәсіпорын жұмыс істейді. Оның 125-і ірі, 535-і орта,
24 469-ы шағын кәсіпорын санатында. Солардың қатарында облыстық үшжақты комиссия тек 17 087 шағын, орта және ірі кәсіпорынмен ұжымдық шарт жасасқан. Десе де, кәсіподақ орталықтарын шетінен судан таза, сүттен ақ дей алмаймыз. Олардың арасында да басқалардың қас-қабағын бағып, ыңғайына иіліп тұратындар жоқ емес.

Нақтылы жағдайды сараптап көргенде, кәсіподақ орталығы жоқ немесе үшжақты комиссия­мен келісімшарт жасаспаған әр деңгейдегі кәсіпорындардағы жұмысшылар «қорғансыздың күйін» кешіп жүр. Өйткені олар көп жағдайда өздерінің құқығын қорғай алмай, еңбек жағдайында жарақат алу немесе басқа да ке­лең­сіздіктерге ұшырағанда ақы­сын талап ете алмай, жалақы, әлеуметтік көмек, мемлекеттен бері­летін басқа да жеңілдіктерге қол жеткізе алмай қиналады. Тіпті еңбек қатынасындағы тең­сіз­дік барған сайын ушығып барады.

Басқасын айтпағанның өзінде, бір ұжымда 30 жыл еңбек еткен адам кеше ғана жұмысқа тұрған жас маманмен бірдей жалақы алады, ұжымдарда қызметшілерге емдеу-сауықтыру бойынша еш­қан­дай да жеңілдіктер қа­рас­­тырылмайды. Басшы мен қара­па­йым қызметкер арасындағы тұрғын үй, көлік, жалақы, басқа да әлеуметтік көмектің парқы жер мен көктей. Мемлекеттік марапат алсаң да оның көк тиындық құны жоқ. Айта берсең, көбейе түсетін теңсіздіктер қазіргі қоғамның дертіне айналды.

Иә, қоғамда орын алған толқу­лар, ереуілдер, шерулердің түп төркіні осыдан шығып отыр. Сон­дықтан әр мекеме, кәсіпорын, ұжымда қызметшілердің құқы­ғын қорғайтын облыстық, аудан­дық үшжақты келісім комис­сия­­сымен тікелей жұмыс іс­тей­тін, өз ұжымының басшысына бағынбайтын орталықтар құ­ры­лып, олардың құқықтық негіз­дері тұрақтандырылғаны жөн. Сонда ғана Мемлекет басшысы өзі айтқандай, әділетті Қазақ­стан орнамақ. Осыны ескер­ге­німіз абзал.

 

Жетісу облысы