Табиғи газға қосылған үйдің отанасы Гүлназ Шәкенова аудан орталығынан шағын кафетерий ашқанын бұған дейін хабарлағанбыз. Қуанышқа кенеліп жатқан келіншек облыс басшылығының қолдауымен табиғи газға тегін қосылғанын айтты. Оның айтуынша, бұған дейін жылына 10-12 тонна көмірдің қасына тамызыққа отын алып, жанған оттың күлін шығарып, машақатын көріп, бір қыста 200 мың теңге жылуға жұмсап отырған. Енді табиғи газдың әр текше метріне 30 теңгеден төлейді.
Тура жылдың соңында табиғи газға қол жеткізген осындай қуаныш өзгелерге де жұғысты болды. Қаңтарда Сарыөзектегі басқа да үйлер көгілдір отынға қосылмақ. Облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ернат Бәзілдің айтуына қарағанда, Кербұлақ аудандық әкімдігінің ғимаратына орналасқан «ҚазТрансГаз» компаниясының мамандары тұрғындарды қабылдайды.
«Бүгін өздеріңіздің қатысуларыңызбен бір отбасын газға қосып отырмыз. Аудан орталығына 1 магистральмен газ келіп тұр. Енді Сарыөзектің халқы «ҚазТрансГаз» компаниясынан техникалық шарттарды алып, табиғи газға қосылуға мүмкіндік алады. Газ ауылға толығымен келді», деген Ернат Дүйсенбекұлы алдағы жылдардың жоспарын таныстырып өтті. «Аудан орталығынан бөлек тағы 25 елді мекенді газға қосу жоспарда тұр. Дәл қазір бесеуінің жобасы сараптамадан өтіп жатыр. Қолымызға тие салысымен құрылысын бастаймыз. Қалған 20 ауылға автоматты газ тарату стансасын орнатудың жобалық-сметалық құжаттамасын жасауға байқау жариялаймыз. Шартты жұмыстары жазға салым аяқталса жыл соңына дейін 20 ауылға газ тарту жұмыстары басталады. Алдағы 2024 жылға дейін олардың бәрі аяқталуға тиіс».
Өңірге арнайы келген ел Президенті Сарыөзектен бастап Талдықорғанға дейінгі аралықта жатқан ауылдарға газ жеткізуді тапсырма ретінде жүктеді. Одан соң Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарына 350 шақырымдық магистральды құбырмен табиғи газ жеткізу міндеті тұр. Оның жобасы дайын. Биыл қаңтар, ақпан айларында мемлекеттік сараптамадан өтсе қажетті жұмыстар басталады. Бұл бағыттағы жұмыстар 3 кезеңмен жүргізіледі.
Осы ретте айта кетейік, осындай қуанышты жаңалық Ескелді ауданы, Төлеңгіт ауылдық округіне қарасты Екпінді ауылына да орын алды. Мұнда газ тарту желілерін салу жұмысы 2022 жылы басталып, бүгінде мерзімінен бұрын аяқталып отыр.
«Ауылдың дамуы, келешегінің зор болуы сіздерге, яғни сіздердің еңбекқорлықтарыңыз бен бірліктеріңізге байланысты. Сондықтан да, әрқашан бірлігіміз бекем, ынтымағымыз ырысты болсын! Ауданымыздың мақтанышы болатындай Екпінді ауылы гүлденіп, игі істеріміз одан әрі жалғаса берсін», деді аудан әкімі Елдос Ахметов.
Екпінді ауылының тұрғындары көптен бері күткен жаналыққа қуаныштарын жасырмай, аудан басшысына алғыс білдірді. Қуанышты сәтте аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бимурат Боранбаев жиналған қауымға өз батасын берді.
Облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқарма басшысының айтуынша, халықты табиғи газға қосудың бағасы өңір бойынша 135-175 мың теңгенің аралығында. Мердігер компаниялар бағаны жөнсіз өсірмеуі үшін табиғи газдың пештері мен қажетті тетіктерін молынан сатып алып, тұрғындарға ұзақ уақытқа қарызға беру жоспарланып отыр. Сонда ғана газға қосудың бағасын тұрақтандыруға болады.
Жетісу облысы