Он жылдан аса экономика саласында жұмыс істеп келемін. Сонда аңғарғаным орталық органдардың қызметкерлері өңірлерде әрі салаларда нақты қандай мәселелер барын терең білмейді. Мәселен, қайсыбір жылы мемлекеттік органның өкілі ретінде өнеркәсіп саласының дамуына қатысты бір жиынға қатыстым. Орталық органның, жергілікті органның және ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері жиналды. Сала өкілі ретінде бірнеше кәсіпкер қатысты. Кәсіпкерлер өнеркәсіп саласына қатысты біз білмейтін мәселелерді айтқанда, олардың шешу жолдарын ұсынғанда таң қалдым. Сөйтсек, біз, мемлекеттік қызметшілер саладағы қаулылар мен заңдарды, ережелер мен бюджеттік бағдарламаларды ғана жатқа соғады екенбіз. Ал одан әріге тереңдей түсуге тәжірибе жетіспейтінін аңғардым. Қысқасы, жаңағы кәсіпкерлер көтерген күрделі мәселелер жиынға қатысып отырған сарапшыларға басқа бір әлемнің әңгімесіндей әсер етті. Кәсіпкерлер «жергілікті үлесті қалай көбейтеміз» деп жанталасып жатса, мемлекеттік қызметшілер «қолданыстағы заңнамаға сәйкестігін қарастыру керек» деген сауалмен бас қатырып отырады. Мақсатымыз іс-қимылымызға сай емес. Бұл бір ғана мысал. Дәл осындай жағдай барлық салада кездеседі.
Қатты айтсам, әріптестерім ренжуі мүмкін. Дегенмен біздегі мемлекеттік қызметшілер шетінен заңқой әрі бюрократ. Ақиқаты осы. Кез келген мәселеде өзінің жұмыс жүктемесін көбейтпес үшін шаруаны мейлінше өзгеге ысыра салуға тырысады. Қысқасы, мәселені түбегейлі шешуге қауқарсыз. Бір мәселенің түйінін тарқату үшін бастама көтеріп, ұсыныс жасау дегенді білмейді. Тек, айтылған дүниенің заңға қайшы я қайшы еместігіне ғана назар аударуға тырысады. Сондықтан мемлекеттік қызметшілер саланы ішінен білетін мамандардың тәжірибесіне сүйенуі керек. Солар айтқан ұсыныс-тілектерді үнемі қаперге алуға тиіс. Сонда ғана қазір бетпе-бет келіп отырған мәселелердің бәрі өздігінен реттеледі. Яғни билік пен халық арасында шын мәнінде алтын көпір орнауға тиіс. Ал ол көпір қалай орнамақ?
Меніңше, Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы осындай олқылықтардың орнын толтыруға және қабыспай тұрған тараптарды ортақ мүддеге жұмылдыра алады. Мемлекет басшысының өзі халықтан келіп түскен идеяларды қарастыруға бейілді екенін аңғартты. Осы ретте аталған тұжырымдама аясында барлық саладағы тәжірибесі мол кәсіпкерлерден, қоғам белсенділерінен, ғалымдардан және басқалардан келіп түсетін идеялар мен ұсыныстарға орталықтандырылған ашық онлайн платформа құруды ұсынамын. Жинақталатын тың ұсыныстарды жүйелеп, ғылыммен ұштастырып, нәтижесінде, жалпыхалықтық жоспар әзірлеу керек. Сонда қарапайым халықтың ұтымды ұсыныстары мақұлданып, билікке деген сенімді арттырады. Мұндай дүние бұрын-соңды болған емес. Дәлірек айтсақ, халықтан кең ауқымды ұсыныстар жиналмаған.
Өз кезегінде Президент Әкімшілігіне келіп түсетін ұсыныстарды да салалық министрліктерге жолдамай, осы жоспар шеңберінде іріктеп, жүйелеп, зерделеген абзал. Өйткені, министрлікке жолданған ұсыныстардың қолдау табуы екіталай. Олар жаттанды шығарыпсалма жауаптармен құтыла салады, соған әбден үйренген.
Шет елдер тәжірибесіне зер салсақ, тұтас халық болып өздерінің ұлы мақсаттарын айқындайдын кезеңдер болады. Біз де елдің дамуына жетелейтін жалпыхалықтық жоспар құрайық дегім келеді. Оған жас та, жасамыс та, ғалым да, оппозиционер де атсалыссын. Жұмыс топтары құрылып, халықтан келіп түскен ұсыныстар қарастырылып, егжей-тегжейлі пысықталса, дұрыс болар еді. Сондай-ақ жұмыс тобының құрамына мемлекеттік қызметшілерді тартпаған абзал. Асылы, әр саланың ұңғыл-шұңғылын жақсы білетін білікті мамандарды жұмылдыру керек. Сонда бұл үдеріс ашық әрі баршаға қолжетімді болады.
Бұл жерде бізде стратегиялық жоспар, бағдарламалық жоба жоқ деуден аулақпын. Бізде жоба-жоспарлардың түр-түрі бар. Өкініштісі, олардың дені біздегі қарапайым шаруамен емес, шетелдіктермен бірлесе әзірленеді. Еуропада тұратын сарапшылар алыстағы ауылда не болып жатқанын қайдан білсін. Сондықтан олар біздің елдің нақты мүмкіндіктерін ескермейді. Міне, мәселе қайда жатыр. Тағы бір дүниені айтпай кетуге болмас. Біз бір бағдарламаның игілігін көрмей жатып, екіншісін бастап кетеміз. Өкінішке қарай, бұл да дұрыс тенденция емес. Мұның арғы жағында әуелгі бағдарламада көзделген, бірақ орындалмай қалған мақсат-міндеттерді екінші бағдарламамен жасырып, жабу ниетін аңғаруға болады.
Қазақстанның болашағына бейжай қарамайтын азамат ретінде жалпыхалықтық жоспар құру бастамасы «Екінші республика» құру жолындағы іргелі істердің бірі боларына сенемін. Егер осы бастаманы жүзеге асыру бойынша маған сенім артылса, тиісті деңгейде орындауға дайынмын.
Жандос СӘБИТ,
Халықаралық «Болашақ» бағдарламасының түлегі