Қоғам • 12 Қаңтар, 2023

Қаруланған ұрылар ұсталды

325 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мал ұрлап, күнелтіп жүрген­дердің жазасы ауыр. Былтыр заңдық нормалар қайта қаралып, күшейтілген. Соның өзінде ұрылар аяқ тартар емес. Жуықта Шығыс Қазақстан облысының үш тұрғыны жайылымда жүрген жылқыны атып алған.

Қаруланған ұрылар ұсталды

Патрульдік полиция батальонының инспекторлары Өскеменнің кіребе­рісіндегі Шешек асуында шамадан тыс жүгі бар автокөлікті тоқтатқан. Құжаттарын тексере келе, көлікті Күр­шім ауданының 29 жастағы тұрғыны басқарып келе жатқаны белгілі болады. Көлікте, сонымен қатар тағы екі жолаушы болған.

Полицейлер көлік құралын тексеру кезінде бөлшектелген жануардың ұшасын көрген. Алайда етті тасымалдау үшін берілген тиісті құжаттар жоқ болып шығады. Онымен қоймай, көліктен мылтық табылған. Анығы, жолаушылардың бірі көлікке қарай келе жатқан полиция қызметкерлерін көріп, қаруды қарға лақтырып жіберген. Байқамай қалып, жаза жеңілдейді деп ойласа керек.

Жауап алу кезінде белгілі болғаны, күдікті азаматтар түнгі сағат екіде Ұлан ауданының Мамай батыр ауылына қарай шыққан. Сөйтіп, олар жақын жерде жайылып жүрген жылқыны атып алып, етін бөлшектеген. Өскеменге барар жолда жануардың терісі мен басын лақтырып жіберіп, әрі қарай етті сату үшін жолға шыққан.

Бұл факті бойынша сотқа дейін­гі тергеу басталды. Құқық қорғау қыз­меткерлерінің айтуынша, қыл­мыс­тық топ бұған дейін де Ұлан ауда­ны­­­ның аумағында мал ұрлығымен айна­лыс­қан екен. Қазіргі уақытта тергеу іс-шаралары жалғасуда. Күдікті аза­маттарға қатысты Қылмыстық ко­декстің 188-1-бабы, 2-бөлігі бойын­ша қылмыстық іс қозғалған. Заңда ер адамдарға үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылу жазасы көзделген.

 

Шығыс Қазақстан облысы