Аймақтар • 12 Қаңтар, 2023

Қалың қар басып қалды

453 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шымкентке қалың қар түсті. 9 қаңтар күні кешкі уақытта басталған қар түнімен, ертесіне 10 қаңтарда күнімен толассыз жауып, қалыңдығы 30-40 сантиметрді шамалады.

Қалың қар басып қалды

Солтүстік өңірлер үшін бұл қалып­ты жағдай болса, республиканың күнгейін­дегі қала үшін әлбетте, тосын оқиға. Ауа райының күрт бұзылуына байланысты шаһардың коммуналдық қызметі мен төтенше жағдай департаменті және бас­қа да тиісті ұйымдар күшейтілген жұ­мыс режіміне көшті. Осыған орай ме­га­полистің әкімшілік аудандары өз аумағын қардан тазалау үшін қа­жет­­ті техникалар мен бригадаларды жұмыл­дырды.

Дей тұрғанмен қалың қар қалалық­тарды біраз әбігерге салып үлгерді. Шет жақты былай қойғанда, кейбір ор­­та­­лыққа жақын күре жолдардың өзі қар­дан күрелмей, көліктердің жүруін қиындатты. Тіпті Алматы айналма тас жолында таңертең жүк көліктерінің кептелісі орын алды. Көше қиылыстарында бірнеше жол-көлік оқиғалары болды. Жолаушы тасымалдаушы автобустар кестесінен жаңылып, аялдамаларда қоғамдық көлік күткен халықтың қатары көбейді.

Осылайша, жыл басында қыс қаһа­рына мінді. «Кәрі құданың» Шым­кентте соңғы рет қашан бұлай әлек салғанын тұрғындар тіпті есіне түсіре алмайды. Бірақ адамдардың пайымынша, мұндай қалың қардың жаумағанына жиырма, тіпті одан да көп жыл болған.

Күннің күрт бұзылатыны туралы «Қаз­гидромет» РМК алдын ала ескерту жасаған-ды. Арнайы хабарламада гидро­метерологиялық қызмет аптаның басында қар жауып, ауа температурасы -3, -5 градусқа, 13 қаңтарға қарай -20 градусқа дейін төмендейтіні жайында хабарлаған. Осыған байланысты «Су ресурстары – Маркетинг» мекемесі тұрғындардан су құбырларының аязды күндері қатып қалмауын қадағалауды өтінді.

Сонымен бірге Шымкент қалалық білім басқармасы 10-11 қаңтар күндері аралығында 1-8 сынып оқушыларын қа­шықтан оқыту туралы шешім қа­был­дады. Ал 9-11 сынып оқушылары дәс­түрлі форматта білім алуды жалғас­тыра береді.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қалың қар салдарынан қалада бірнеше оқыс оқиға орын алған. «Нұрсәт» шағын ауданындағы №114 үйдің ауласында жалпы көлемі 252 шаршы метрді құрайтын екі бастырма құлап, 5 автокөлікті басып қалған.

Оқиға орнына ТЖД өрт сөндіру жә­не авариялық құтқару жұмыстары қыз­метінің мамандары техникасымен жедел барды. Адамдар зардап шеккен жоқ. Бұдан бөлек Тұран ауданына қарасты «Сәуле» шағын ауданында «DAF» маркалы жүк автокөлігі, Құрсай шағын ауданында қалааралық №60 бағыттағы автобус қарға тығылып қалған жерінен тартып шығарылды.

Осы жағдайға байланысты Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков арнайы брифинг өткізді. Он­да сала басшысы қалың қарды таза­лауға 350-ден астам техника жұмыл­ды­рылғанын айт­ты. Сондай-ақ аяқжолдар мен аялдама­лар маңын қардан күреуге 1 140 жұ­мысшы жұмылды. Аязды күн­де жы­луды үнемдеу үшін зауыттар мен ірі фаб­рикалардың жұмысын уақыт­ша тоқта­та тұруға әкімдік тарапынан келісім жүргізіліпті.

Ал синоптиктер таратқан мәліметке сүйенсек, 10 қаңтар күні сағат 9:00-дегі жағдай бойынша қардың қалыңдығы 26 сантиметрге жеткен. Ауа райын болжаушы мамандар дерегіне сәйкес дәл осындай қалың қардың жаууы осыдан 49 жыл бұрын, яғни 1974 жылы болған екен.

Сонымен Шымкентте шамамен бір жарым күн бойы тоқтаусыз қар жауды. 11 қаңтарда күннің көзі ашылды. Дегенмен далада аяздың бары сезіледі. Негізгі орталық көшелер күрелді. Жұмысшы бригадалар аяқжолдарды тазалап, жүк көліктерімен үйілген қарды сыртқа шығарып жатыр. Дегенмен жолдар көктайғақ. Осыған байланыс­ты төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды, соның ішінде көлік жүргізушілерін сақтық шараларын сақтауға шақырып отыр. Қаланы қардан тазалауға коммуналдық қызмет саласы жұмысшыларымен бірге қарапайым тұрғындар да, еріктілер де өз үлестерін қосты. Қар жауған күні орталық көшелердің өзі дер кезінде күрелмей жатқанға халық әлеуметтік желі арқылы коммуналдық қызмет саласын біраз сын садағына алған еді. Дей тұрғанмен көпшілік табиғаттың кейде осылай болып тұратын тосын құбылысына адамзаттың көрсетер айла-шарасы жоқ екенін ұғынып, түсіністікпен қарады. Ал жұмыла кіріскен істің нәтижесінде тазалау жұмыстары ың-шыңсыз атқарылып, үшінші мегаполистегі тіршілік қайтадан бұрынғы арнасына түсе бастады.

 

ШЫМКЕНТ