Руханият • 12 Қаңтар, 2023

Ел ағасы Әкімжан Назарұлы туралы

551 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Шүкір! Менің елорда төріне табан тірегеніме ширек ғасырдан асыпты. Ол тұста өлкенің өткен-кеткен тарихынан хабардар қариялар көп еді. Соның бірі – ұзақ жыл облыстық білім саласында қызмет атқарған Қамидолда Нұртаев ақсақал-тұғын. Бұл кісі қазір өмірде жоқ. Бес жыл бұрын тура тоқсан жасында бақилық болды. Марқұм көзі тірісінде біз бейбақты іздеп келіп, өзі куә болған бірер оқиғаны санамалап жаздырып еді. Әсіресе Ақмола өңіріне танымал тарихи тұлға Әкімжан Назарұлы туралы жандыра сөйлегені есімде. Біз тамсана тыңдаған едік. Содан бері бірталай уақыт өтіпті. Биыл осы тұлғаның туғанына – 120 жыл. Сонымен...

Ел ағасы Әкімжан Назарұлы туралы

– 1952 жылы Арқада қыс қатты болды, – деп әңгімесін бастады Қамидолла қария. Қаңтардың қарлы бораны ұлып тұрған қыраулы қыстың бір күні «об­лыс­­тық оқу-ағарту бөлімінің бастығы Аврам Сафонов шақырып жатыр» деген хабар жетті. Алып-ұшып жетіп барсам, оның алдында ҚазКСР Оқу министрі Әди Шәріпов отыр екен. Қысқасы, бұл кісі Қорғалжынға барады. Қолтықтап жүретін серік қажет. Қорғалжын қазақы жер. Тарихы қатпарлы һәм қалың.

Сөйтіп, облыстағылар елдің қыр-сырын білетін Қамидолланы министр­ге қосып, екеуіне облыс қоржынынан ине-жіптен жаңа шыққан тап-таза екі қасқыр ішікті кигізіп, аттандырып салады. Іркілдеп-күркілдеп қайқалақтай жүгіріп аспанға зорға көтерілген жаман ұшақтың іші азынап тұр. Бұрыш-бұрыштан өкпек жел ысқырғанда күрк-күрк еткен мотордың дауысы зорға естіледі.

Олар бір сағаттай ұшып тап-тақыр жерге топ етіп қонады. Мидай дала. Жан баласы көрінбейді. Ұшақ тұмсық тіреп тоқтаған нүктеде қалқиып жалғыз бағана тұр. Оның басында қоңыр кенеп желбірейді. Сөйтсе бұл ауданнның «әуежайы» екен. Желбіреген мөшек желдің бағытын анықтайтын «компас». Ана жақта қараң-құраң екі адам келе жатыр. Ат шанасы бар. Олар министрді күтіп алуға шыққан ресми өкілдер екен.

Аспаннан түскен министр аудандық оқу бөлімі бастығының үйіне барып жамбасын сыйғызады. Ертеңінде әзіз басын кішірейтіп аудандық оқу бөлімінің жұмысымен танысады. Қайтатын уақыт болады. Өткендегі аспаннан түсірген ұшақ жоқ.

Амалы таусылған министр мен атқосшысы Қамидолда екеуі совхоз­дың көкқасқа атына шана шегіп жолға шығады. Аудан орталығынан Ақмо­лаға дейін 130 шақырым. Қар қалың. Жануар көкқасқа құйрығын қос сауырына кезек-кезек шалып тастап, буы бұрқырып, дүркін-дүркін пысқырып қойып, жаңа жауған көбік қарды айдында жүзген кемедей тіліп келеді. Шананың үстінде қасқыр ішікті жамылып екеуі отыр.

Қараегін ауылының тұсына келгенде екі жиренді қосақтап жеккен тағы бір шана ілеседі. Қонақтар қос шанаға кезек-кезек ауысып дамыл алмай тартып келеді. Қыстың қысқа күні ұясына еңкейіп, қас қарайғаннан бұрын Оразақ ауылының шетіне ілінеді.

Жалғыз аяқ жолдың бойында бір адам тұр. Ұзын қарагер ат жеккен шана­сын доғарып қойыпты, басында қаза­қы түлкі тымақ желмен бірге желбі­рейді, нарттай жүзі балбұл жанады. Қызарып батқан күнге кежегесін көтеріп ұ-з-ақ қарап алып, жол үстінде көлденең тұрған шанаға келіп тірелген жолаушыларға қарай маң-маң басып аяңдайды.

Бұл кісі осы өңірге аты мәлім, заманында ел басқарған, ат үстінде жүріп атағы шыққан Әкімжан Назарұлы дейтін азамат екен. Жасы егделеп қалса да, айтса орындататын, атса тигізетін, бір басында абырой-беделі асылып төгілген, бетті адам.

Әкімжанның кешке қарай тебінге шыққан жылқыны байырқалап жүрген беті екен, қонақтарды таныған соң: «Менің үйімнің жанынан министр күнде жүрмейді, оның бер жағында Әдекеңнің жазушылығымен де таныс­пын, ешқайда кетпейсіздер, тура менің үйіме барып түсесіздер!» деп шанасына отырып делбесін қағады.

Қасқыр ішіктің ішінде тоңазып келе жатқан қонақтар қарсылық көрсетпей артынан ілеседі. Сонымен семіз тайдың етін қазанға салдырып тастап, қара күрең шайды ұрттай отырып Әкімжан әңгіме бастайды:

– Қорғалжын өңірінде үлкен-үлкен бес көл бар оны халық «Бес шалқар» деп атайды, – дейді Әкімжан аға. Осы бес шалқардың балығын аулап, құсын атып, нуын жайлап шалқып жатқан жұрттардың бірі – Рекин дейтін орыстың әулеті. Бұлар баяғыда Николай заманында қазақ даласына қоныс аударған. Тұқым-тұяғы шетінен қазақша ағып тұр. Мінезі сіңісіп, тұрмысы араласып кеткен.

Осы Рекиндердің бірі Егор дейтін жатақ орыстың Мария атты қызы бар екен, соған Дүйсен дейтін қазақ жігітті ғашық болып, жастар үйленбекке уағда байласады. Бірақ бұлар бес шалқарды билеп тұрған, содырлығымен аты шыққан Марияның ағасы Федордан қорқады.

Федор қарындасының қазақ жігі­тіне үйленбек ниетіне қарсы. Бірде жуан жұдырығын түйіп, кірпінің түгіндей жүн-жүн сақалын сипап, қалың қабағынан қар жауып тұрып, қарындасына: «Егер де тілімді алмасаң атып тастаймын» деп төрде ілулі тұрған мылтығын көрсеткен.

Содан Марияның үні өшкен. Бы­лайғы өмірі жылаумен өтіп жатады. Федорға барып «Бұның қалай?» дейтін қазақ жоқ.

Қысқасы, бұл әңгіме Әкімжанның құлағына жетеді. Әбекеңнің атқа тақымы тисе, дауыл тұрғызатын қуаты барын Федор да біледі. Жастау кезінде бұл сойқанның қамшысы бір рет жон арқасынан ысқырып өткен. Дойыр дыраудың сондағы үні есіне түссе түн ұйқысынан шошып оянады.

Жағдайды саралап-салмақтап, оқиғаға әбден қаныққан Әкімжан жаз­дың бір күні атқа мінеді. Бес шалқарды бетке алып жүріп кетеді. Астындағы қарагерді екі күн етін қатырып, жаратып алған. Қарасуда қыстаған қара балықтай қарагер қамшы салдырмай сылаң жүріспен лыпып келеді. Түс әлетінде Федордың үйіне келіп, сыртта тұрып айғай салады. Үйден жүгіріп шыққан қатын-қалаш қолында сегіз өрім дырау қамшы, ат үстінде тербеліп тұрған Әкімжанды көреді.

Рекин тұқымдастың бәрі қазақша жақсы біледі, ішінен үлкенірек біреуі: «Әбеке, жол болсын!» дейді. Әбекең қарагер атын ойнақтатып: «Федор қайда, бері шықсын!» дегенді айтады. Бір заманда ырғалып-жырғалып еңгезердей Федор келеді. Әкімжан амандық-саулықтан кейін: «Әй, Федор, сенің қарындасың Мариямен біздің Дүйсен деген жігіт үйленбекші, олар сенен қорқады екен. Екі жастың обалына қалма, дәл қазір батаңды бер, әйтпесе, тұрысатын жеріңді айт!» деп тіке кетеді. Федор ақылды тентек емес пе: «Ойбай, Әбеке, менің қарсы болғаным рас еді, сіз өзіңіз келген екенсіз, басқа сөзім жоқ, үйлене берсін!» дейді. Артында «Дудар-ай» дейтін ән қалған екі ғашық осылай үйленіпті.

 * * *

– Әкімжан ағамен бұдан кейінде екі рет кездестім, – деді Қамидолла қария. 1956 жылы өзі басқарып отырған педагогикалық училище (қазіргі Астана гуманитарлық колледжі) студенттерін бастап күзгі ауылшаруашылық жұ­мысына Қорғалжын өңіріне барған екен. Осы сапарында Әкімжанның үйінде тағы да қонақ болған. Әбекең әңгіме арасында, Марияның дүниеден озғанын, оның барлық ақыреттік жабдығын өзі мойнына алып, ақтық сапарға аттандырғанын айтыпты.

Екінші рет бұрынғы ақмолалықтар жақсы білетін майдангер, үш дәрежелі «Данқ» ордені­нің иегері Әлмұқан Сембинов қайтыс болғанда (1972) Әкімжанды Қамекең соңғы рет көріпті. Әлмұқан мен Әкімжан жақын рулас, әрі дәмдес-тұздас өткен адамдар. Екеуі де ескі қазақтың соңғы сарқыты. Қазіргі Астана қаласындағы Сембинов көшесі Әлмұқанның құрметіне берілген. Кеңес заманында қазаққа көше беру оңай шаруа емес. 

 * * *

Әкімжан атамыз жайлы әңгіме мұнымен бітпейді. Жарықтық соғыс жылдары колхоз басқарыпты. Бұл жайлы танымал журналист Ақмола облысы Целиноград аудандық «Есіл – Нұра» газетінің бас редакторы Жанат Түгелбаевтың айтуынша, жілігі татитын азаматтардың бәрі майданға аттанып, ауылда тек кемпір мен шалдар қалған тұс­та «Қызыл ту» (қазіргі Оразақ ауылы) колхозының тізгінін қолына алған Әкім­жан алды алпыста, арты сексеннің сеңгіріне шыққан жінтікті қариялардың басын қосып, бригада құрады. Кезінде қазақ даласын қан қақсатқан ұжымдастыру мен байталауды (кәмпеске көрген, одан кейінгі аштықтың аранынан аман қалған бұл кісілер құба жонның қыртысын қуалай зерттеп, 40 метр тереңнен су көзін тауып артезиан құдығын атқылатады. Сөйтіп, қоянжон даланы бидайға бөктіреді. Дәл осы тұста, нақтырақ айтқанда, 1942 жылы күллі республика бойынша ауыл еңбекшілері «Қазақстан колхозшысы» атты танк колоннасын жасақтауға жұмылады. Бұл істен Әкімжан да қалыс қалмайды. Шапқан күйі облпарткомның екінші хатшысы Сағалбай Жанбаевқа барады. – Сәке, – дейді Әкімжан. – Естуімше, ел болып танк коллоннасын жасақтап жатыр екенсіңдер осыған өз атымнан бүтін танктің бағасы 100 мың сом атадым.

Ол тұста мұндай ақша екінің бірінің түсіне кірмейді. Дәл осындай сомаға Қажымұқан атамыз майданға ұшақ сатып әпергенін білеміз. Сасып қалған Жанбаев: «Әбеке, колхоздың бар малын сатып жібермексің бе?» деп қалжың аралас әзілдейді. «Жоқ, өз ақшамды беремін!» – Олай болса, бұл елге насихаттайтын дүние екен, деп Жанбаев облыстық баспасөзге пәрмен тастайды. Сөйтіп, ауылына аттанғалы тұрған Назарұлына Жұмабай Орманбаев деген журналшыны ертіп жібереді.

Осы сапары жайлы Ж.Орманбаев: «Мезгіл түн. Ат құлағы көрінбейтін түтеген боран. Әкімжанға ерген арнаулы тілші мен. Әкімжан үстіндегі қасқыр терісі – тұлыпты маған жауып тастап, делбені өзі ұстап, шана үстінде түрегеп тұрған қалпы аттарды айдап келеді. Баратын жеріміз 70-80 шақырым. Әупірімдеп, таң ата Оразаққа жеттік. Жатқамыз жоқ. Бірден колхоздың активін жинап, жағдайды түсіндірдік. Ақша төлейді деген колхозшылардың тізімі жасалды: – Мен үш мың сом саламын, – деді Мәриям Жагорқызы. – Менің құлынды биемді қосыңдар, – деді Досымбек отағасы. Әкімжан басқарма мен оның зайыбы Балшаһар: бір ат, бір бұзаулы сиыр, алтын сағат, үш алтын жүзік, қосауыз мылтық, күміс белбеу, құндыз жағалы күзен ішік, қасқыр ішік, түбіт шәлі, қалы кілем және 27 мың сом ақша қосты. – Балаларым барлық бағалы заттарын атады ғой. Өзіме еншілеген үлкен кілем мен түлкі ішігімді, алтын білезігімді жеңіс қорына мен де қосайын, – деді Әкімжанның қарт шешесі. Есептей келгенде, колхозшылар 120 мың сом, Әкімжанның отбасы 110 мың сом қаржы беріп, барлығы қызылтулықтар танк жасау қорына 230 мың сом ақша аударды» деп жазыпты тілші.

Одан кейін ауылдың шығыс жағын­да балығы тайдай тулаған Асаубалық атты көл бар. Қыста көлдің балығын аулап майданға жіберу үшін Әкімжан қоңыр күзде ауыл қарияларын Жез­қазған жаққа жіберіп 30 түйе сатып алдырады. Сөйтіп, бағзыдан келе жатқан көшпенділердің түйемен кіре тарту әдісін жандандырып, ауланған балықты Ақмолаға жөнелтеді. Артылғанын «Военторг» арқылы саттырады. Кешікпей Әкімжан Назарұлының атына Сталиннің алғысхаты келеді. Жеңісті жақындату жолындағы бүкілхалықтық қозғалысқа қосқан ерен еңбек ерлігі үшін ол 1943 жылы «Қызыл жұлдыз» орденімен, келесі жылы Ленин ордені­мен марапатталды.

 * * *

Әкімжан Назарұлының тағы бір ерлігі – қазақтың жылқысын қасаптан құтқарғаны. Оқиға былай болған. Ескі құлақтар жақсы біледі, Хрущевтің заманында «жылқы түлігі пайдасыз» деген үкім шығып, бүкіл Арқада жұмыр тұяқты жануарларға «маңқа дерті жабысты» деген желеумен «жылқы қыру» науқаны басталады. Дәл осы оқиғаны көзімен көрген кәріқұлақ, Күләнда Мәлікқызы есімді сұңғыла апамыз айтатын: Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары күллі Ырғыз-Торғай өңірінің барлық жылқысын құла дүзге айдап әкеліп, үлкен ор қазып, соған құлатып көмді. Бұл іске өлкедегі әскери күштер тартылды. Осы бір қырғын кезінде көкала айғыр үйірін бастап, қоршауды бұзып, қарулы солдаттарды басып-жаншып бой бермеді. Ақыры солдаттар үлкен бастықтың бұйрығымен көкала айғырды атып құлатты. Басшысынан айырылған үйір солықтап тыпыр етпей тұрып қалды. Осы сөзді айтып отырып Күләнда апамыз: – Сол көкала айғыр жарықтық Ақаң-Жақаңдар екен ғой, – деп әңгімесін аяқтайтын.

Осы орайда, еске түседі, Ақмола облысы Егіндікөл ауданы Жаманқұлақ аулының маңында «Жылқы моласы» дейтін сай бар. Бұл да сол қызыл қырғыннан қалған белгі. Осы ауылдың тұрғыны жарықтық Жәкітай Әлімқожаұлы деген қарияның өзінің естелігінде: «Сонау алпысыншы жылдары ауылдың еркек кіндіктісін айдап апарып Қожакөлге жақын жерден терең ор қаздырды. Осы орға өңірдің жылқыларын айдап келіп, кілең қарулы жігіттер жылқыларды таңнан кешке дейін әлгі орға балтамен, сүйменмен шекеден ұрып құлатады. Оны ауданнан келген өкілдер, жамбасында алтыатары салпаңдаған милициялар қадағалап, күзетіп жүреді. «Мына жылқыларға маңқа ауруы жұққан, жесеңдер сендер де ауру боласыңдар» деген үгітке сендік» деп баяндапты.

 Осы бір солақай саясат ақын Ілияс Жансүгіров айтқандай, аттың үстін алтын тақтан артық көретін халықты мұқату үшін жасалған айла екені анық. Әрі сан ғасырдан бері жылқының етін жеп, сүтін ішіп күнін көрген халықтың генеологиялық қуатына жасалған шабуыл бұл.

Осы қырғын кезінде Әкімжан атамыз өз қолымен баптап бағып, тұқым тұяғын асылдандырған колхоздың қазақы жылқыларын аман алып қалуың амалын қарастырады. Мұндай сұмдыққа қалай төзеді. Әуелі аудан
басшыларына барады. Назарұлы айтады: «Сендер барлық жылқыны менің алдыма салыңдар, ақысыз-пұлсыз бағып берейін». Сөйтіп, өз ауылының 300 бас жылқысына колхоз-совхоз басшылары жасырып алдына салып берген 400 жылқыны қосып, 700 жылқыны шұрқыратып айдап, Қорғалжын ауданының оңтүстік-батысындағы Теңіз көліне тартады.

Осы оқиға жайлы жергілікті қалам­гер Жылқыбай Жағыпаров «Egemen Qazaqstan» газетінің 2010 жылы 25 тамыз күнгі санына «Түлік төресін қасаптан құтқарған» деген тақырыпта мақала жариялапты. Осы жазбада: «Әкімжан Назарұлы жылқыларды Теңіз көлінің Мыңжылқы аралына тықты. Аралдың айналасын қамыс қоршаған, аумағы 15-20 мың гектар, ішке кіретін жалғыз ғана тар аузы бар, оның бәрі тұнған көк майса шабындық. Өзі сияқты бірнеше ақсақалдан жылқышылар қосынын құрған Әкімжан Назарұлы үш жылдан астам тығылып жатып, Хрущевтің солақай саясатының беті қайтқанда айдап келген 700 жылқыдан өскен екі мыңнан астам сәйгүлікті аралдан аман алып шығып, аудан басшыларына табыстаған. Қазіргі бүкіл өңірдің жылқысы осыдан өрбіген. Әкімжан Назарұлының осы бір түлік төресі жылқы малын қанды қасаптан құтқару үшін жасаған адами ерлігі замандастарының аузында аңыз болып айтылып, бүгінге жетті» деп жазыпты.

 * * *

Қалай десек те, Әкімжан атамыз – ескі қазақтың ерлік салтының кеңес кезіндегі көзі тірі көрінісі. Жарық­тықтың мына фотосын жергілікті қа­лам­гер әрі қарияның өмір-тарихын зерт­теуші Жанат Түгелбаев берді. Назарұлы 1976 жылы 73 жасында өмірден өтіпті. Жәкеңнің айтуынша, Әбекең ерлікке бай болғанымен басқа тапшы екен. Жалғыз қызынан тараған жиен-жиеншарлары Астанада тұрады. «Уақыт тағы бір айналғанда осы Назарұлын білетін адам қалмай ма деп қорқамын. Оразақ ауылына осы арыстың атын беру туралы бастама көтергенімізге де көп болды. Бірақ нәтиже шықпады», дейді байырғы журналист-өлкетанушы Жанат Сәлкенұлы.