Саясат • 12 Қаңтар, 2023

Еңбек ұжымдарындағы кездесулер

172 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары өңірлерге сапар барысында Астана және Алматы қалалары мен Жетісу, Қарағанды және Қызылорда облыстарындағы өндіріс орындарында, оқу және медициналық мекемелерінде еңбек ұжымдарымен бірқатар кездесу өткізді. Аймақтардағы жүздесулерге кәсіпкерлер де қатысты.

Еңбек ұжымдарындағы кездесулер

Кездесулерде консти­ту­ция­лық реформаның негізгі мақ­саты мен Парламент қабылдаған заңдардың жекелеген ережелері талқыланды. Кездесуге қаты­сушылар Мемлекет басшы­сының бастамаларына қолдау біл­діріп, қойылған міндеттерді іске асыруға дайын екендіктерін жеткізді.

Сайлаушылар әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру және медициналық қамтамасыз ету мәселелеріне баса назар аударды. Кездесу барысында тұрғын үй-коммуналдық саладағы заңнамалық өзгерістер, отандық өндірушілерді қолдау жағдайы да әңгіме арқауына айналды. Бюджет қаржысын тиімді және мақсатты жұмсау, көмір қазандықтарын табиғи газды пайдалануға көшіру, елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту мәселелері көтерілді.

Өз шешімін талап ететін мәселелердің қатарында жас­­тар­ға арналған жұмыс орын­дары­­ның болмай отырғаны және ауыл­дық жерлерде тиісті инфра­құ­­рылымның жоқтығы, бірін­ші кезекте тұтынатын өнім­дер ба­ғасының өсуі, орта меди­цина қызметкерлерінің жала­қы­сы мен үстеме ақыларды арттыру қажеттігі, сондай-ақ инже­нер­лік конструкциялар мен құр­ылыс материалдары сапа­сы­ның төмендігі де айтылды.

Сенаторлар Астана және Қарағанды қалаларындағы бірқатар қорғаныс-өнеркәсіп нысандарында (оқ-дәрі зауыты) болып, Қорғаныс және ТЖ қызметі министрліктері әскери бөлімдерінің басшылығымен және жеке құрамымен кездесті.

Сенатор С.Ершов Қара­ған­дыдағы «Steel Manufacturing ЖШС» патрон зауытында болған кезде өндірістің жұмыс бары­сымен, биыл алға қойған міндеттермен және белгіленген жоспарлары­мен, өзге де шешімі табылған мәселелермен танысты. Ол сондай-ақ Қорғаныс министр­лігінің 50185 әскери бөлімінде болып, әскери қызметшілермен кездесті және қойылған сұрақ­тарына жауап берді. Әскери қызметшілер кездесу кезінде далалық іссапарлар үшін ақшалай төлемдерге, әскери қыз­метшілердің тұрғын үй өтема­қыларына, әскери қызметті өткеру жағдайына байла­нысты сұрақтар қойды. Сенатор көтерілген барлық мәселелер заң шығару қызметі барысында тиісті мемлекеттік органдар өкілдерімен бірге қаралып, ескерілетінін атап өтті.

Сенатор Д.Нұржігітова Ал­маты қаласында Наурызбай ауда­нының Ардагерлер кеңе­сінің мүшелерімен, «Ал­маты-тазалық» мекемесі мен онко­логия институтының қызмет­керлерімен кездесулер өткізді. Онда Мемлекет басшысының бастамасы бойынша қолға алынған реформалар аясында Парламент қабылданған заңдар, сондай-ақ әлеуметтік қамсыздандыру және әйелдердің денсаулығын қорғау мәселелері талқыланды.

Депутат Ғ.Сарыбаев Тал­ды­қорған қаласындағы табиғи газға қосылған №4 қазандығы мен көмір жағылатын №9 қазан­дықтың ғимаратында болды. Жергілікті мамандар көмір қазан­дықтарының табиғи газды пайдалануға көшуінің маңыз­дылығын атап өтті. Бұл экологиялық мәселелерді шешіп қана қоймай, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсартуға мүмкіндік беретін болады.